Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлын «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарына таныстырып жатудың өзі артық. Журналистік ғұмырының он бес жылын осы басылымның қабырғасында өткізген Қойшекеңнің түрік халықтарының көне тарихын зерттеумен айналысып келе жатқанына да отыз жылдай болып қалыпты. Осы уақыт ішінде ол өзін білікті тарихшы, этнограф-ғалым ретінде танытып, ғылыми айналымға «Ұлы қағанат», Қытай дереккөздеріндегі түрік тарихы туралы материалдардың 10 томдығын, т.б. еңбектер қосты. Ал өткен жылдың аяғында оның Астана қаласындағы «Фолиант» баспасы шығарған «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер» және «Ортағасырлық түріктер» деп аталатын үш кітабы оқырмандар қолына тиді. Біздің тілшіміз белгілі жазушы-тарихшы ғалымға жолығып, әңгімелескен еді.

– Қойшығара аға, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қатысуымен Астанада өткен еліміздің ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысына қатысқан боларсыз. Осы жиында айтылған әңгімеден қандай ой түйдіңіз?
– Бұл жиын осы төңіректе еңбектеніп жүргендердің қай-қайсысына да біраз ой салды ғой. Бірақ ендігі мәселе ойда емес, сол жиыннан туындаған ойды қалай жүзеге асыруда болып тұр-ау. Шынын айту керек, қалай дегенде де, бұл өзі еліміздің рухани өмірінде елеулі оқиғаға айналған, әдеттегі өтіп жатқан жиындардардан ерекшелеу, бүгінгі тәуелсіздік жағдайында ұлттық тарихымызды зерделеуге жаңа бағыт беріп, қуатты серпіліс туғызған, мән-мағынасы батпан жиын болды. Мемлекеттік хатшының ұлт тарихын зерделеуге қатысты айтқан ойлары, нұсқаған бағыты тарих жанашырларының көңілінен шықты, көпшіліктен қолдау тапты. Сол жиыннан кейін іле жер-жерде төл тарихымызды зерделеуге арналған жиындардың өткізілуі, онда айтылған ой-пікірлерді ақпарат құралдарының жерге түсірмей, іліп әкетіп, көпшілік назарына жедел ұсынуы – соның айғағы. Халық ақиқатты арқау еткен, шынайы жазылған төл тарихын танып-білуге шөлдеп отыр екен.
– Елбасының өзі төл тарихымызды түгендеу, оған жаңаша мазмұн беру қажеттігі жайында сан мәрте айтқан болатын. Ол үшін бәрін тізбелемей, 1995 жылы Президенттің тапсырмасымен «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» жасалып, мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесте бекітілгенін, 1998 жылдың «Ұлт тарихы жылы» деп жарияланғанын айтсақ та жеткілікті. Оған «Мәдени мұра» бағдарламасын қосыңыз. Осындай талпыныстардың нәтижесінде бұл бағытта қыруар істер атқарылды десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, еліміз өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін отандық тарихты шынайы да жан-жақты зерттеу ісінде тарихшылар алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды десек те, Президенттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай – 20 қадам» деп аталатын бағдарламалық мақаласында, одан кейінгі «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында осы мәселеге қайта айналып соққанына қарағанда, қатпары қалың деректерді тиісінше жаңа көзқараспен талдай алмай, қорыта алмай жатқандаймыз ба, қалай?
– Бұл сұрағыңызға бір сөзбен жауап бе