Оның айтуынша, Қаржы министрлігі заңнамаға түзетулер енгізіп, тиісті ішкі нормативтік құқықтық актілер әзірледі, соның негізінде биыл шағын және орта бизнес субъектілері үшін, сондай-ақ жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасалды.
Б.Шолпанқұлов еске салып өткендей, 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша берешегі бар салық төлеушілер рақымшылық науқанына ілігіп, өтеу кезінде есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.
Салықтық рақымшылық қорытындысы бойынша, жалпы республика деңгейінде 8,3 млрд теңге сомасына берешегі бар 41 183 салық төлеушінің қарызы өтелді. Бұл ретте есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұл сомасы 2,9 млрд теңгені құрады, деп атап өтті Қаржы министрінің бірінші орынбасары.
2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салықтық тексерулердің нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасауға байланысты берешегі анықталмаған салық төлеушілер рақымшылыққа ілікті.
Сонымен қатар биыл тамыздан бастап салық заңнамасын бұзған, алайда оны өз бетінше жойған және 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу мерзімімен өткен салық кезеңдері үшін қосымша салық есептілігін ұсынған салық төлеушілерге де рақымшылық жасалады.
Нәтижесінде 3 214 салық төлеуші амнистияны пайдаланды, олар 10,1 млрд теңге берешекті төлеген. Олардың мойнындағы 3,6 млрд теңге көлеміндегі айыппұлдары мен өсімақылары есептен шығарылды.
«Осылайша, салықтық рақымшылықты қолданған салық төлеушілердің жалпы саны – 44 397. Төленген берешек 18,4 млрд теңгені, ал есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұлдар 6,5 млрд теңгені құрады» деп түйіндеді Б.Шолпанқұлов.
Тамыз айында Қаржы министрлігі жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жариялады, ол азаматтарға өткен жылдардағы салық міндеттемелері бойынша негізгі борыш сомасын төлеуге мүмкіндік берді.
Б.Шолпанқұловтың айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық берешегі бар жеке тұлғалардың саны 1,4 млн адамды құрады, олардың негізгі қарыз бойынша 13,9 млрд теңге және есептелген өсімақы 6,3 млрд теңге болды.
Жеке тұлғалар борыштарының ең көп сомасы көлік құралдарына салынатын салыққа қатысты болды. Бұл 10,1 млрд теңгені немесе жалпы соманың 73%-ын құрайды.
Мүлік салығы бойынша борыштар сомасы 1,6 млрд теңгені немесе 11,5%-ды, жеке табыс салығы бойынша – 1,2 млрд теңгені немесе 8,6%-ды және жер салығы бойынша – 617 млн теңгені немесе 4,3%-ды құрады.
Түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бойынша 672 530 жеке тұлға 14,6 млрд теңге көлемінде өз қарызын төледі, олар үшін 2,8 млрд теңге көлемінде өсімпұл есептен шығарылды.