Саясат • 13 Қаңтар, 2020

Салық рақымшылығы – оның алғашқы нәтижелері жария етілді

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов шағын және орта бизнес пен жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау нәтижелері туралы мәлімдеді.

Салық рақымшылығы – оның алғашқы нәтижелері жария етілді

Оның айтуынша, Қаржы ми­нистрлігі заңнамаға түзетулер ен­гіз­іп, тиісті ішкі нормативтік құ­­қық­­тық актілер әзірледі, соның не­­гі­­зінде биыл шағын жә­не орта бизнес субъектілері үшін, сондай-ақ жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасалды.

Б.Шолпанқұлов еске салып өт­кендей, 2018 жылдың 1 қа­за­­нын­д­ағы жағдай бойынша бере­­шегі бар салық төлеушілер ра­қым­­шылық науқанына ілігіп, өтеу кезінде есептелген өсімпұл­дар мен айыппұлдар есептен шығарылады.

Салықтық рақымшылық қорытындысы бойынша, жалпы республика деңгейінде 8,3 млрд теңге сомасына берешегі бар 41 183 салық төлеушінің қарызы өтелді. Бұл ретте есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұл сомасы 2,9 млрд теңгені құрады, деп атап өтті Қаржы министрінің бірінші орынбасары.

2018 жылғы 1 қазандағы жа­ғ­дай бойынша салықтық тек­серу­лердің нәтижелері туралы хабар­ламаға шағым жасау­ға байланыс­ты берешегі анықтал­маған салық төлеушілер рақым­шылыққа ілікті.

Сонымен қатар биыл тамыздан бастап салық заңнамасын бұзған, алайда оны өз бетінше жойған және 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу мерзімімен өткен салық кезеңдері үшін қосымша салық есептілігін ұсынған салық төлеушілерге де рақымшылық жасалады.

Нәтижесінде 3 214 салық тө­леуші амнистияны пайдаланды, олар 10,1 млрд теңге берешекті төлеген. Олардың мойнындағы 3,6 млрд теңге көлеміндегі айып­пұлдары мен өсімақылары есептен шығарылды.

«Осылайша, салықтық ра­қым­шылықты қолданған салық төлеушілердің жалпы саны – 44 397. Төленген берешек 18,4 млрд теңгені, ал есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұлдар 6,5 млрд теңгені құрады» деп түйіндеді Б.Шолпанқұлов.

Тамыз айында Қаржы ми­нистрлігі жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жариялады, ол азаматтарға өткен жыл­дардағы салық міндеттемелері бойынша негізгі борыш сомасын төлеуге мүмкіндік берді.

Б.Шолпанқұловтың айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық берешегі бар жеке тұлғалардың саны 1,4 млн адамды құрады, олардың негізгі қарыз бойынша 13,9 млрд теңге және есептелген өсімақы 6,3 млрд теңге болды.

Жеке тұлғалар борыштары­ның ең көп сомасы көлік құралдарына салынатын салыққа қатысты болды. Бұл 10,1 млрд теңгені немесе жалпы соманың 73%-ын құрайды.

Мүлік салығы бойынша борыштар сомасы 1,6 млрд теңгені немесе 11,5%-ды, жеке табыс салығы бойынша – 1,2 млрд теңгені немесе 8,6%-ды және жер салығы бойынша – 617 млн теңгені немесе 4,3%-ды құрады.

Түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бойынша 672 530 жеке тұлға 14,6 млрд теңге көлемінде өз қарызын төледі, олар үшін 2,8 млрд теңге көлемінде өсімпұл есептен шығарылды.