Фото: Қорғаныс министрлігі
Жаңа бағдарлама барлау және топогеодезия бағыты бойынша жүргізіледі. Болашақ офицерлер дрондарды басқарумен қатар деректерді талдау, жергілікті жерді бағдарлау, шешім қабылдау және командалық құрамда үйлесімді әрекет етуді меңгереді. Олардың ішінде 15 студент оператор, ал 20 студент есептоп командирі ретінде дайындалып жатыр.

Оқытудың бастапқы кезеңі арнайы жабдықталған сыныптарда өтеді. Мұнда кәсіби басқару пульттері бар автоматтандырылған жұмыс орындары қарастырылған. Курсанттар алғашқыда тренажерлерде дайындалып, тек нормативтерді тапсырғаннан кейін ғана нақты ұшуларға жіберіледі.
Тәжірибелік сабақтар ішкі полигонда және күрделі жағдайларда өтеді. Болашақ операторлар әуе барлауын жүргізу, нысандарды анықтау, деректерді нақты уақытта жеткізу және интернетсіз автономды байланыс арналарымен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді.
Атырауда масаларға қарсы күреске дрондар тартылады: Бюджеттен 200 млн теңге бөлінді
Дайындықтың соңғы кезеңінде студенттер атыс жүйелерімен интеграцияланған жұмыс істеуді үйренеді. Олар нысанның нақты координаттарын анықтап, оқ атуды реттеу және тапсырмаларды жоғары дәлдікпен орындау машығын қалыптастырады.
«Мамандарды даярлау теориялық білімді, практикалық дағдыларды және студенттердің мотивациясын ескере отырып жүргізіледі. Командалық жұмыс пен жоғары технологиялық техниканы басқаруға деген кәсіби қызығушылыққа жіті көңіл бөлінеді. Болашақ офицерлер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқару жарыстарында табысты өнер көрсетіп жүр. Соның ішінде AITU KazRoboDrone сайысындағы нәтижені айтуға болады. Өткен жылы университет командасы республикалық деңгейде бірінші орын, ал халықаралық аренада төртінші орын иеленді», деді «Арнайы әскерлерді ұрыста қолдану» циклының басшысы запастағы подполковник Марат Истемесов.
Дайындық толықтай тәжірибеге негізделген. Курсанттар виртуалды тренажерлерден бастап күрделі тактикалық тапсырмаларды орындауға дейінгі кезеңдерден өтеді. Оқу барысында заманауи барлау дрондары мен FPV-дрондар қолданылады.
Студенттер техника құрылымын меңгеріп, аппараттарды жинау және бағдарламалау дағдыларын игереді, сондай-ақ шектеулі байланыс пен радиоэлектрондық кедергілер жағдайында әрекет етуге үйренеді.