Тұлға •

Адамзат асқарындағы ақын

9 мин
оқу үшін

Әдебиет әлеміне ХХ ғасырдың 60-жылдарының бас кезінде келген Олжас Сүлейменов бірден кең тынысты ақындығымен танылды. Сөз бен ой зергерлерінің біріне айналды. Оның әр шығармасы оқырманды бейжай қалдырмайтын. Ылғи да тамсандырып, баурай жөнелетін. Бұл ақынның нені айтқысы келсе де, ашық әрі анық, ешкімнен тайсалмай, барынша батыл айта білгенінен болса керек.

Адамзат асқарындағы ақын

Идеологиялық шектеулері көп кеңес заманында шындықты шынайы шабытпен жырлау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Өйткені 30-жылдардағы қуғын-сүргін, 50-жылдардағы халық ардақтыларына жабысқан қара күйе ел еңсесін басып тастады. Содан болар, «аузы күйген үрлеп ішеді» дегеннің кебін киіп, көптеген талантымыз құр күйбеңнің күнін кешті. Сөйтіп социалистік реализм ұстанымының жетегінде кетті. Ұлттық тұрғыдан көсіле алмай, үнемі кібіртіктеумен болды. Міне, осындай алмағайып кезеңде, бұдан елу жыл бұрын Олжас Сүлейменов ешкімнен жасқанбай, «АЗ и Я» атты интеллектуалдық-танымдық еңбегін жазып, одақ жұртшылығына ұсынды.

Бұрын-соңды бірде-бір тұлға мұндай тың тақырыпқа батыл барып, ой жүгіртпеген еді. Ал Олжас Сүлейменов зерттеу бағытындағы жұмысының мәнін жан-жақты терең ашты. Содан болар, бұл еңбек әлемнің ғалымдары мен зерттеушілерін таңғалдырып, санада ерекше серпіліс туғызды. Сол үшін ол талай рет  саяси бюроның сынына ұшырап, мәскеулік ғалымдардың талқысына түсті. Бірақ Олжас алға қойған игі мақсатынан бір қадам да кері  шегінбеді. Терең талдаулар жасап, өз ойын дәйектеп, дәлелмен жауап берді. Осылайша, нағыз қазақы бітім-болмысын танытты. Бұл өрлік қана емес, шынайы ерлік еді.

Халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді. Осы қанатты сөз Олжас Сүлейменовтің өмір жолынан анық аңғарылады. Ол осы бір қиын-қыстау тұста да өзін жан-жақты аңғартып, келеңсіздіктің бәріне тойтарыс бере алды. Сондықтан да ақын  әлемдік аяда талант, қағидатшыл деңгеймен кеңінен мәлім болды. Кемел зерттеуші, кең тынысты азамат туралы белгілі сыншы-ғалым, академик Мұхаметжан Қаратаев: «Өз халқының тағдырын басқа халықтардың тағдырымен, бүкіл адамзаттың тарихымен салыстыра зерттеді. Оның жан жүрегі, қай нәсіл, қай ұлт, қай түсті болса да, ары таза адам атаулының бәріне айқара ашылды»,  деп баға берді. Осындайда француз ақыны Андре Делюдің: «Олжас Сүлейменов – бүгінгі әлемнің аса көрнекті ақындарының ортасынан ойып орын алатын ірі тұлға» деген терең тұжырымы ойға оралады.

Ақынның сонау 1961 жылы жарық көрген «Арғы­мақтар» атты тұңғыш топтамасынан тартып, осы күнге дейін басылып шыққан жыр жинақтарының қай-қайсысын алсақ, жазған саяси, ғылыми-публицистикалық мақалаларын байыптасақ, бәрінен тереңдік пен қайсарлықты байқаймыз. Әрі заманның аса ділгір көкейкесті мәселелерін, алдын ала айта алатын көріпкелдігін анық аңғарамыз. Әсіресе ақын­ның «Нұрлы түндер» (1962), «Қылықты түн» (1963), «Шапағатты шақ» (1965), «Мешін жылы» (1967), «Қыш кітап» (1969), «Адамға табын, Жер, енді», «АЗ и Я» сияқты еңбектері аса шоқтығы биік соны дүние­­лер екендігінде дау жоқ. Міне, бұлар ақынның есімін төрткүл дүниеге таныта алды. Әсіресе оның «Семей – Невада» қозғалысына ұйытқы болып, бүкіл дүниежүзінде ядролық жарысты қолданбай, оны жою мәсе­лелерін көтеруі де аса талантты ақынның үні мен әуенін, қоғамдық бітім-болмысын айрықша асқақтатып жі­берді. Әрине, бұл тек Олжас Сүлейменовтің табысы, ірі жетістігі ғана емес, бүкіл қазақ халқының жетістігі еді.

Дербес мемлекет, егемен ел болмай тұрған кезде халқымызды шетелдердің бірі білсе, бірі білмейтін. Сол бір дәуірдегі КСРО мемлекетінде қазақ халқының бар екенін кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясымен жан-жақты танытса, Олжас Сүлейменов арынды ақындығымен, ірі қайраткерлігімен әйгілей алды. Оның үстіне, ақындық арынымен бірге қайраткерлік қасиеттері мен тарихшы, лингвист, философиялық сипаты, адам тұлғасы өз алдына арнайы сөз етерлік, аса мәнді де мазмұнды қырларының бірі екендігі де дау тудырмас шындық. Орайы келгенде тағы бір ескере кетерлік жайт, Олжас Сүлейменов мамандығына сәйкес жер қыртысын зерттеуші-геолог болса да, бар ғұмырын, поэзия мен тарихқа, лингвистиканы зерделеуге арнады. Сөйтіп, күллі жұртшылықты таңғалдырған тамаша еңбектер ұсынды. Ол өлеңін орыс тілінде жазса да, ішкі мәні мен мазмұнында ұлттық қасиет анық аңғарылады. Қазақ халқының тіршілік тынысы, бітім-болмысы, Ұлы даланың аңқыған өткені мен бүгіні, жұпар иісі, төрт түлік малы, қилы-қилы сәттері өткір тілмен тамаша өрнектеледі. Мәселен, мына жолдарға назар аударайықшы:

«Дала ғой бұл,

Дала ғой бұл сыралғы.

Бірде буаз,

Бірде қысыр бие – тың.

Қондыр бізді арғымаққа,

Әйтпесе,

Тізелер де талып кетті малдастан» (аударған – Қадыр Мырза Әлі).

Нағыз ұлттық ой, ұлттық сурет. Оқып, қалай ғана таңданбайсың! Қайта ақынға дән риза боласың. Ең қызығы, өзге тілде жазып, өз халқының тіл байлығын, тіл нәрлігін, дәстүрін, талғамын, әдет-ғұрпын, қан-сөлін жоғалтпай бере білуінде. Мәселен, ақын:

«Жолаушы ма,

Бірі ме, әлде малшының?

Жай кезбе ме?

Біле алмадым, дәл шынын.

Келе жатып көріп қалдым қасқырды,

Дұрыс айтсақ,

арланы емес,

қаншығын», дей келе, одан әрі:

«Жортып өскен тағы түздің тағы аңы,

Жатыр екен жосадай боп тамағы.

Күрең қызыл,

Қызыл күрең қақ тұрған,

Қалың көде,

Боз жусанға қаны ағып.

Кім кінәлі, айуандар ма, аңшы ма?»

деп ойлы сұрақтар қоя отырып, оқырманға ой тас­тайды. Әсіресе ақынның тарихқа барлау жасайтын «Батыр Махамбеттің өлер алдындағы ойы», «Ақсақ құлан», «Құман жыры», «Ақын Самедтің ақырғы сөзі», «Жыр толғамы», «Көне заман турасында күшті ойлар» сияқты, т.б. өлеңдері тарих қойнауын барлатып, оқырманын толғандыра түседі.

Олжас Сүлейменов «Шапағатты шақ» атты еңбегінде өзінің кемелділігі мен ақындық арынын анық аңғарта түскен. Әсіресе ондағы «Аманат» атты өлеңінде ата-бабамыздың кезінде жіберген кемшіліктерін, «әттеген-ай» деп бармақ тістеп, бас шайқаған тұстарын енді біз қайталауымыз керек деген үлкен ойды алға тартады. Мәселен, ақын:

«Бабаларым шабысып һәм атысып,

Болған әбден қателесiп,

Шатысып.

Батыс болса –

Шығысыңның шығысы,

Ал Азия –

Батысыңның батысы.

Мен қайғырам,

Зәбiр көрiп кей халық,

Қасiретке батар болса

қайғы алып.

О, Қара Жер, бар дертiңдi қабылдап,

Жүрейiн мен үйiрiлiп,

Айналып!»

Мұны ақынның бүкіл төрткүл дүниенің аман-есен болуын ойлауы, халқын, ел-жұртын мақсат тұтуы, халықты ынтымақ-бірлікке үндеуі дер  едік.

Сөз орайы келгенде айтайық: Олжас Сүлейменов – әлем елдерінің пайым-парасатына, тұрмыс-тіршілігіне ерекше көңіл бөлген зерделі ақын. Ол – халықаралық тақырыпта да қалам тербеп, күллі дүниенің тыныштығын, болашағын ойлаған, кең тынысты кемеңгер. Ақынның «Көне грек», «Үндістан», «Нигерия түні», «Колумбия перзенттерінің шырайы», «Грекиямен қоштасу», «Қара мен қызыл», «Сүмбіле айындағы Библос», «Нью-Йорк нөсерлері», «Ливр» сияқты өлеңдері – осының дәлелі. Ол түркі дүниесін де ерекше жырлады. Зерттеулерінің көбі – түркітану бағытында. Айбарлы ақынның қай өлеңін, қай поэмасын алсақ та, олардың терең ойға, асқақ сезімге құрылғаны анық. Ол ұлтын танытып, асқақтатып, өзге ұлтқа, бүкіл жұмыр жерге ортақ перзент ретінде ой толғайтынына тамсанамыз. Оның ойшылдығы адамзат асқарын көтерді. Бұл  биіктік – Қазақ елінің абыройы.

 

Қалдыбек СЕЙДАНОВ,

профессор

 

Ташкент 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:15

Холанн ширек финалда ойнайды

Футбол • Бүгін, 09:10

ҰБТ үздігі

Білім • Бүгін, 09:05

Заманауи спорт орталығы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 09:00

Күй құдіреті ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 08:55

Астананың ата толғауы

Қоғам • Бүгін, 08:48

Адамзат асқарындағы ақын

Тұлға • Бүгін, 08:45

Жастар жүрегіндегі шаһар

Өнер • Бүгін, 08:43