01 Тамыз, 2013

Ақпарат айдынындағы айқындылық

459 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аймақ басшысы Самат Ескендіров төрағалық ететін БАҚ мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жетекшілігімен өткен мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңестен кейін құрылған болатын. Содан бергі уақыт ішінде жергілікті баспасөз ақпарат құралдарының билікпен ақпараттық ықпалдастығын арттыру, медиа кеңістікті жаңғырту, әлемде қалыптасқан күрделі жағдайларды, еліміздегі саяси-әлеуметтік өзгерістерді жұртшылыққа жеткізу секілді іргелі міндеттерге орай бірқатар шаралар атқарылды.

 

Аймақ басшысы Самат Ескендіров төрағалық ететін БАҚ мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жетекшілігімен өткен мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңестен кейін құрылған болатын. Содан бергі уақыт ішінде жергілікті баспасөз ақпарат құралдарының билікпен ақпараттық ықпалдастығын арттыру, медиа кеңістікті жаңғырту, әлемде қалыптасқан күрделі жағдайларды, еліміздегі саяси-әлеуметтік өзгерістерді жұртшылыққа жеткізу секілді іргелі міндеттерге орай бірқатар шаралар атқарылды.

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібіне бірнеше өзекті мәселелер шы­ғарылып, жан-жақты тал­қы­ланды. Облыс әкімі кіріс­пе сөзінде Елбасының «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы БАҚ өкілдері алдына да үлкен бел­сен­ділік талаптарын қойып отыр­ғанын, ол үшін барлық мүмкіндік туғызылғанын, сараптамалық талдауларды, журналистік зерттеулерді жаңаша ойлау тұрғысынан әрі жағдаймен нақты байланыстырудың өзектілігін атап көрсетті.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсымов кеңестің өткен отырысында қабылданған шешімдердің 8-і орындалғанын, қалғандары бақылауда тұрғанын, ұйымдарда БАҚ мәселелеріне жауапты адамдардың бекітілгенін, ақпарат алу үрдісінің оңайлағанын, мекеме жетекшілерімен кездесу­лердің өткізілуі жүйелі сипат ал­ғанын жеткізді. Облыста бү­гінде 200-ге жуық қалам иелері Қазақстан журналистер одағына мүше. Жергілікті филиал төрағасы Ерлан Тоқшылық өз сөзін білікті журналист мамандарын даярлау тұрғысынан өрбітіп, жиналғандар наза­рын әлі де тәжірибелі кадрлар­дың жеткіліксіздігіне, та­қы­рыптардың тарлығына, объек­тивті сын-пікірлерге құрылған материалдар жазудың орнына қызыл сөзді, арзан ойды қуа­лап кететініне, мұның өзі оқырмандар мен көрермендерді жалықтырып жіберетініне назар аударды. Әкім оған журналистер біліктілігіне қатысты сын мен өзара сынды шығармашылық орталарда да өрістетуді ескертіп, ұйым жұмысын жандандыру жөнінде нақты тапсырма жүктеді.

«Әділ-Арқа» өңірлік БАҚ-ты қолдау жөніндегі қоғамдық қордың төрайымы Зәуре Жұма­лиеваның салмақты ұсыныстары мемлекеттік органдар мен журналистер арасында іскерлік қарым-қатынас орнату мәселелеріне бағытталды. Ол ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында арнайы жобалар қолға алынып, семинарлар, дөңгелек үстелдер, лекция­лар, үнқатысулар өткізілгенін айта келіп, департаменттер мен басқармаларда БАҚ жұмыстарын үйлестіріп отыратын өкілдердің тағайындалуын оң тәжірибе ретінде бағалады. Облыс әкі­мі аппаратының басшысы Вла­димир Дудов мемлекеттік ор­гандардың қоғаммен және БАҚ-пен байланысындағы ин­тернеттің, әлеуметтік желі­лер­дің әлеуеті туралы баяндады. Әкімдіктің web-сайты қай­тадан жаңартылып, виртуалды қоғамдық қабылдауға 300-ге жуық өтініш түсіпті. Оларға тү­гелге жуық жауап беріліпті.

Самат Сапарбекұлы қо­ғам­дық кеңес отырысында мем­ле­кеттік органдар жұмы­сы­ның ашықтығы мен қол­же­тім­ділігін қамтамасыз ету, олар­дың қызметі жұртшы­лық­тың әл-ауқатын, тұрмысын жақ­сар­­туға бағытталуы қажеттігін, БАҚ-тың мемлекеттік ақпарат сая­сатындағы жетекші орнын арттыру мүмкіндіктерін атап көрсетті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.