Біз қызмет бабымен өңірлерді жиі аралап, алыс елді мекендердегі халықпен кездесуге мүмкіндік аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу қарқынын, Президенттің тапсырмаларының орындалу барысын көзбен көріп қайтамыз. Әрине, еліміздің дамуы жолындағы әрбір қадамымыз заңмен реттеледі. Осы ретте, Мәжілістегі заң шығару жұмыстарымен де таныстырамыз. Әртүрлі облыстарда болғандықтан, бізде өңірлерді өзара салыстыруға мүмкіндік бар. Осы аралықта жергілікті әкімшіліктердің атқарушы билік қолға алған түрлі жобаларға қаншалықты ынты-шынтысымен кіріскенін аңғаруға болады.
Біз қызмет бабымен өңірлерді жиі аралап, алыс елді мекендердегі халықпен кездесуге мүмкіндік аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу қарқынын, Президенттің тапсырмаларының орындалу барысын көзбен көріп қайтамыз. Әрине, еліміздің дамуы жолындағы әрбір қадамымыз заңмен реттеледі. Осы ретте, Мәжілістегі заң шығару жұмыстарымен де таныстырамыз. Әртүрлі облыстарда болғандықтан, бізде өңірлерді өзара салыстыруға мүмкіндік бар. Осы аралықта жергілікті әкімшіліктердің атқарушы билік қолға алған түрлі жобаларға қаншалықты ынты-шынтысымен кіріскенін аңғаруға болады.
Халықтың Қызылорда облысына «экологиялық аймақ, жері шөлейт, құмдауыт жерде орналасқандықтан, шаруашылықтың қай түріне болмасын қолайсыз» деп баға беріп қойғаны рас. Өзім туып-өсіп, еңбек жолымды бастап, үлкен өмірге қадам басқан Сыр өңірінің хал-ахуалы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері көз алдымызда. Сондықтан әр жылдары болған өзгерістерді қалт жібермей отыратынымыз бар.
Жасыратыны жоқ, өңірде, облыс орталығында оң өзгерістер көп. Шаһардың шырайы, кенттердің келбеті ғана емес, алыс ауылдардың халқы мемлекеттік деңгейдегі жобаларға қатыса бастағандықтан елді мекендердің де бойына қан жүгіріп келеді. Әрбір ауылдық округте, елді мекенде болып, халықтың жағдайын көзбен көріп жүрген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының шын мәнінде ел арасындағы сенімді өкілі, «көзі мен құлағы» болып отыр. Бұл көпе-көрінеу мадақтау емес.
Облыс та, оның орталығы да өте шағын болғандықтан, жемісін берген әрбір жоба да, тоқырап қалған шаруашылық та көзге бірден түседі. Қызылордаға жол түскен сайын тек жақсы бастамалардың барысымен танысып, қолға алынып жатқанын байқап жүрмін. Құр әсірелеу болмас үшін Сыр өңіріндегі кейбір статистикалық көрсеткіштерді де келтіре кетейік.
Қаржылық жағдайы бойынша Қазақстанда бірінші
Облыстың осы жылдағы алғашқы алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеу анық байқалады. Мысалы, бюджетке жалпы салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің түсімі болжамнан 31,6 пайызға артығымен орындалып, нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 44,9 млрд. теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түскен. Оның ішінде республикалық бюджетке түскен түсімдер бойынша болжамның орындалуы 111,9 %-ды құрап, 20,9 млрд. теңге, ал жергілікті бюджетке түскен түсімдер бойынша болжамның орындалуы – 155,4% болып, 24 млрд. теңге түскен. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 1-ші орында тұрғанын айта кету керек.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қайта бағалауды есептегенде 2,2 есеге артып 126,3 млрд. теңгені құраған екен. Оның ішінде кәсіпорындардың, ұйымдардың және халықтың қаражаты мен шетел инвестициялары 2 есеге, қарызға алынған қаражат 4,3 есеге және жергілікті бюджет қаражаты 2,4 есеге, республика қаражаты 25,1 пайызға артқан. Дәл осы көрсеткіш бойынша да облыс еліміз бойынша 1-ші орынға шыққан.
Қызылорда аумағында «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырының, «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жүзеге асырылуы құрылыс жұмыстары көлемінің 79,4 пайызға артуына мүмкіндік беріп, есепті кезеңде оның көлемі 49,1 млрд. теңгеге жетіпті. Бір қызығы, бұл көрсеткіш бойынша да өңір Қазақстан бойынша алғашқы сатыға көтерілген. Осы жобалардың жүзеге асырылуы көлік көрсеткіштерінің өсуіне де ықпал еткенге ұқсайды. Биыл жүк тасымалдау көлемі 7,5 пайызға (40,6 млн. тонна) жүк айналымы 4,8 пайызға (5778,3 млн. тонна шақырым) артқан. Былтыр жолаушылар тасымалы бұдан 12,4 пайызға төмен еді.
Өндіріс пен әлеуметтік жағдай әлеуеті
Жақында облыс орталығында «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» деп аталатын жаңа ғимараттың тұсауы кесілді. Орталықта облыстық кәсіпкерлік басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалы және «Атамекен» филиалы орналасып, өз бағыттары бойынша қызметтерін көрсетуде.
Аймақта шағын және орта бизнесті дамытуда кәсіпкерлік субъектілерінің дамуын қолдау және ынталандырудың негізгі құралдарының бірі қаржы-несиелік ресурстар екен. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап, жалпы құны 12 млрд. теңгеден асатын 150 жоба мақұлданып, оның 138 жобасы субсидияланып үлгерген. Осы жылдың басынан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде облыстағы кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында жалпы құны – 1499,5 млн.теңгені құрайтын 44 жоба мақұлданған. Нәтижесінде, 2013 жылдың 1 шілдесіне облыста 4879 шағын кәсіпкерлік субъектілері (заңды тұлғалар) тіркелген. Былтырмен салыстырғанда 7,9 пайызға өскен. Сонымен бірге, онда жұмыс істейтіндердің саны 11,9 пайызға артып отыр. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 0,1 пайызға өсіп, есепті кезеңде 101,6 млрд. теңгені құраған.
Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы құны 280 млн. теңгені құрайтын 1 жоба «Қуаттылығы тәулігіне 80 тонна құрамажем зауытының құрылысы» іске асырылуы жоспарлануда. Мұнда 60 жұмыс орны құрылмақ. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі қазіргі бағамен 7,7 млрд. теңгені құрады. Мал шаруашылығында 2012 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара малдың басы – 2,2 пайызға, жылқы – 9,6 пайызға, түйе 1,6 пайызға өсіпті.
Тиісінше салықтық түсімдердің, инвестицияның, құрылыс жұмыстарының және т.б. көрсеткіштердің өсуі, өз кезегінде әлеуметтік сала көрсеткіштерінің жақсаруына ықпал етуде. Әлеуметтік салада жалпы облыс бойынша биылғы алғашқы бес айда 3975 жаңа жұмыс орны құрылған, жыл соңына дейінгі жоспарда 8787 жұмыс орны делінген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап, 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеді.
Облыс орталығы қалай өзгеруде?
Еліміздің ең көне шаһарларының бірі Қызылорданың көріктеніп келе жатқанын бүгінде әркез сыншы болатын сырт көз де айтып жүр. Жасыру қиын, күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі қаланың санитарлық тазалығы болатын. Бұл мәселемен жүйелі жұмыстар басталды, нәтижесіз де емес. Жыл басында «Қызылорда тазалығы» мекемесі құрылып, коммуналдық және тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Қаланы газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2004 жылы басталғанымен, шынайы қарқынды енді ала бастады. Қазір газдандыру деңгейі жеке сектордағы тұрғын үйлер бойынша 80 пайызға, көпқабатты тұрғын үйлер бойынша 76 пайызға жетіпті. Биыл коммуналдық шаруашылық саласына республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы да 2,3 есеге өскен екен. Қалада ұзындығы 612 шақырымды құрайтын 765 көшенің сапасы артқан. Осы жылы қалалық бюджеттен бағдаршамдардың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 10 млн. 600 мың теңге қаралып, бүгінгі күні жаңа үлгідегі 31 бағдаршам орнатуға қалалық бюджеттен 417 млн. 300 мың теңге бөлінген екен. Демек, қала көркі ажарлана түседі деген сөз. Шаһардың ажарын тек қана жолдардың сапасы мен жаңа бағдаршамдар келтіре алмайтынын ескерген жергілікті билік қалада абаттандыру жұмыстарының қарқынын күшейткен. Осы жылы қалалықтардың өзекті мәселелерінің бірі – жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық, қалалық бюджеттен 923 млн. теңге бөлінген екен. Ресми деректер қазіргі уақытта бұл жұмыстардың 50 пайызға орындалғанын көрсетеді. Биыл түнгі қаланың көркі еселенетін болады. Республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 537 млн. 900 мың теңгеге қалада ұзындығы 52,2 шақырымды құрайтын 43 көше, ауылдарда 32,3 шақырымды құрайтын 37 көше жарықтандырылып жатыр.
Өңір халқының әлеуметтік, жалпы облыстың экономикалық жағдайының артуына міне, нақты істердің нәтижесі ықпал етті деуге толық негіз бар.
Алмас ТҰРТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.