Сайрамда жұртты сан соқтырған бір жағдай болып тұр. Осыдан бес жыл бұрын аудан орталығы – Ақсукент ауылының әкімі жұртқа жерді оңды-солды үлестіріпті. Алайда, сол мырзалықтың зардабын жергілікті халық бүгін тартып отыр. Үй салуға берілген бұл жерлер әлдебір шаруа қожалығының иелігінде екен. Енді аудан әкімдігі «сол кезде шығарылған ауыл әкімінің шешімі заңсыз, сондықтан 4200 жер телімін кері қайтарамыз», дейді. Ал кезінде жер үлестірген басшылар әлдеқашан жұмыстарын ауыстырып жібергенін, әрине, іштеріңіз сезіп отыр. Ең өкініштісі, әлгі жерге көп отбасылар үй, қора-жай салып алған.

Бұл мәселе үлкен дауға айналып, тіпті, жер алғандар «шарасыздық танытып отырған қазіргі аудан басшылары қызметінен кетсін» деп тепсінген болатын. Артынша арнайы комиссия құрылды. Кеше комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр тексеру қорытындысын жария етті. Сөйтсек, сансыз баптар елі былыққа батып-ақ қалыпты. Ақсукент ауыл округі әкімі 2008-2009 жылдар аралығында тұрғын үй салу үшін Әйтеке би учаскесінен, Қарабұлақ тас жолы және Алматы-Термез автожолы бойынан 5328 азаматқа шешім шығарып берген. Енді мына масқараны қараңыз. 5328 шешімнің ішінде 1114 азамат 2 шешіммен 2 реттен жер алған. Дәл осылайша 176 азамат 3 рет, 17 азамат 4 рет, 3 азамат 5 рет жер алыпты. 667 азаматтың атында бұрын жер учаскелері тіркелген болса да әкімнің жер алу туралы шешіміне ие болған. Жер үлестіруші сайрамдық әкімдердің құнығып кеткені соншалық «әр азамат бір мәрте ғана жер учаскесін алуға құқылы» деген заң баптарына пысқырып та қарамаған ғой. Ол ол ма, көші-қон полициясынан алған мәліметтерге қарағанда, жер алған 190 азамат Сайрам ауданынан тыс жерде тұратыны, 1832 азаматтың жеке басын анықтайтын құжаттары, тіпті, жер алуға жазған өтініштерінің де болмағаны анықталыпты. Сонда Ақсукент ауылының әкімі жер үлестірген бе, әлде тері үлестірген бе?!
«Бір отбасы мүшелерінде 7-8-ге дейін ауыл әкімінің шешімдері бар. Бұрын-соңды жер алмағандардың мәселесі 10 күннің ішінде шешіледі. Ондай азаматтардың саны – 1110. Заң талаптарына сәйкес бірінші кезекте мұқтаж азаматтарға жер учаскелері берілетін болады. Ал, бірнеше мәрте жер алғандарға ештеңе берілмейді. Бүгінгі күнде 55,755 гектар жер учаскесінде орналасқан шаруа қожалықтарының жерлері қайтарылып, тұрғын үй құрылысын жүргізуге дайындалды», дейді Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаров. Бұл іс бойынша барлық құжаттар прокуратураға өткізіліпті. Кімдер үлестірді, кімдер кінәлі, міне, мұнымен осы прокуратура айналыспақ. Бір қызығы, бұған дейін аудандық прокуратурадағылар «шешім заңсыз шығарылған, бірақ іс қозғауға қылмыстық негіз жоқ» деген тұжырым жасап, жер үлестірген шенеуніктер тек ескертумен ғана шектелген екен. Ал, енді қайтер екен?
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.