Аймақтар • 13 Қаңтар, 2020

Семейде Ертіс өзенінің су деңгейі шекті мөлшерден асты

973 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мамандардың сөзіне сенсек, өзендегі су деңгейінің көтерілуінің шекті мөлшері – 450 сантиметр.

Семейде Ертіс өзенінің су деңгейі шекті мөлшерден асты

12 қаңтарда Семей қаласы аумағындағы Ертіс өзенінде мұз кептелісі пайда болып, аз уақытта су деңгейі 380 метрден 450 метрге дейін көтеріліпті. Облыс әкімі Даниал Ахметов қазіргі уақытта жағдай біршама тұрақталғанын, 12 қаңтар күні түнде Семейге өзінің орынбасары Бақытжан Баяхметов, «Шығысжарылысөндіріс» компаниясының өкілдері барып, жұмыс істеп жатқанын, бүгін тікұшақ арқылы өзенге әуеден бақылау жүргізілетінін жеткізді. «Қазір су деңгейі 470 метр шамасында. Өткен жылы су деңгейі 502 метрге дейін жеткен кезде де су басу жағдайлары тіркелген жоқ. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Егер су деңгейі одан ары көтерілген жағдайда тұрғындарды көшіруге дайынбыз» деді аймақ басшысы.

семей

Мамандардың сөзіне сенсек, өзендегі су деңгейінің көтерілуінің шекті мөлшері – 450 сантиметр. «Қазгидромет» мамандары кеше Ертіс өзені күндіз әр сағат сайын 5,3 сантиметрге көтеріліп, кешке жақын 1,6 сантиметрге төмендегенін, ал 13 қаңтар күні таңертең су деңгейі 1 сантиметрге жоғарылағанын айтады. Шүлбі су электр стансасының техникалық директоры Иван Долгопятов 2019 жылдың желтоқсан айының ортасынан бері Ертіске су жіберілу көлемі секундына 620 текше метрді құрайтынын, бұл көлем әзірге сақталатынын жеткізді. «Мұздың кептелуіне күннің жылынғаны да әсер етті. Егер біз СЭС-тен жіберілетін су көлемін азайтсақ, мұз кептелісі көбеюі мүмкін. Ал егер судың жіберілу көлемін ұлғайтсақ, онда су мұздың үстімен кетіп, Ертіс жағалауындағы үйлерді су басуы мүмкін. Біздің ойымызша, қазіргі жағдайда ештеңе істеудің қажеті жоқ. Барлығы табиғи жолмен реттелуге тиіс. Өзенде мұз жару жұмыстарын жүргізудің де қажеті жоқ» дейді «Ертіс бассейні инспекциясы» РМК Семей аумақтық бөлімінің маманы Валентина Песчанникова.

сем

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Әбділовтің айтуынша, 12 қаңтардан бері Ертіс өзенінің жағалауы бақылауға алынған. Жеке құрамның 224 адамы мен 13 техника тәулік бойы кезекшілік жасауда.

семс

Бүгін Семейде журналистерге арнап брифинг өткізген қала әкімі Ермак Сәлімов әкімдік орын алуы мүмкін көшіру жұмыстарына әзірленіп жатқанын, бұл ретте Semey Bus автобус паркімен келісім жасалғанын және шаһардағы екі қонақүйде ыстық тамағымен қоса орын дайындалғанын айтты.

семе

«Кеше біз үйлерін су басу қаупі бар аудан тұрғындарымен кездесіп, ескерттік. Олар қажетті заттары мен құжаттарын әзірлеп қойды. Қазіргі уақытта су басу қаупі бар болғанымен, жағдай тұрақты. Өзендегі су деңгейі сағат сайын бақылануда» дейді ол.

СЕМЕЙ

Суреттер Семей қаласының ақпараттық орталығынан алынды