01 Тамыз, 2013

ЖАҢА...

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша облыстық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында «Гранд Құрылыс» компаниясының Балқаш көлінің жағалауында демалу-сауығу орталығын салу жөніндегі жобасы қаралды. Ол Приозерск қаласы аумағында туризмді дамытуға арналған. Көлдің осы шағын шаһарға шектес табиғаты көрікті тұсында әрқайсысы «люкс» класты 2 нөмірден тұратын 4 коттедж, эконом-класты 20 бөлме, кафе-мейрамхана, жеңіл серуендік қайықтар бекеті, автотұрақ, аквопарк, ересектер мен балалар үшін бассейн салынады.

 

...ДЕМАЛЫС ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ

ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша облыстық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында «Гранд Құрылыс» компаниясының Балқаш көлінің жағалауында демалу-сауығу орталығын салу жөніндегі жобасы қаралды. Ол Приозерск қаласы аумағында туризмді дамытуға арналған. Көлдің осы шағын шаһарға шектес табиғаты көрікті тұсында әрқайсысы «люкс» класты 2 нөмірден тұратын 4 коттедж, эконом-класты 20 бөлме, кафе-мейрамхана, жеңіл серуендік қайықтар бекеті, автотұрақ, аквопарк, ересектер мен балалар үшін бассейн салынады. Сондай-ақ, балық аулауға құмарларға қажетті жағдай жасалады. Демалыс аймағының айналасы жасыл желекке бөленіп, айдын жиегінің құмы әрдайым таза болады.

Компания бұл құрылысты халықаралық талап-талғам­дарға сай салып, туризм бей­несінде бәсекелесе алатын демалыс орнына айналдыруды көздейді.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы.

 

...ЖҰМЫС ОРНЫНА 800 АДАМ ОРНАЛАСТЫ

Қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кезекті еңбек жәрмеңкесіне келушілер қатары әдеттегідей мол болды. Оған қатысқан 20 кәсіпорын 50-ге жуық мамандық түрлеріне тапсырыс берді. Петропавл қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Кристина Козактың айтуынша, түрлі салалар бойынша 816 жұмыс орнына қажеттілік байқалған. Әскери киімдер тігумен шұғылданатын тігін фабрикасының филиалы тігушілер мен пішушілерге зәру көрінеді.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері келісім-шарт арқылы қызмет еткісі келетін әскери қызметкерлерге сұраныс жасай келіпті. Мамандығы бойынша электр жабдықтаушы болып табылатын Марина Корниенконың еңбек жәрмеңкесіне бірінші рет келгеннен жолы оңғарылды. Лайық қызмет тапты. Сөйтіп, жұмыс іздей келген 250 адамның 90-ы әңгімелесуге шақырылды, 7-еуі қоғамдық жұмыстарға тартылды, 11-і кәсіби шеберліктерін арттыруға, 35-і жастар тәжірибесіне жіберілді. Ал жыл басынан бері 800 адам жұмыспен қамтылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

ПЕТРОПАВЛ.