Сұхбат • 14 Қаңтар, 2020

Отбасы – мемлекет құндылығы, қоғам бірлігі

26576 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы. Мұндағы негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, әлеуметтік мемлекеттің негізі болар бала мен оның құқығын қорғау. Осыған орай біз отбасын сақтау және кәмелетке толмаған баланың құқығын қорғау жайында Нұр-Сұлтан қаласының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қыдырбек Әлқожаевпен әңгімелескен едік.

Отбасы – мемлекет құндылығы, қоғам бірлігі

– Қыдырбек Қорғанбекұлы, ұлт болашағы мен мемлекет тұғырында отбасы – ең басты құндылық. Бала­ның қалыптасуы да, ұрпақтың өсіп өркендеуі де отбасынан бастала­ды. Осы орайда өзіңіз кәмелетке толма­ған­дардың істері жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық соты­ның төрағасы ретінде түрлі жағ­дай­лармен кездесіп жүрсіз. Отбасы құн­ды­лық­та­рын сақтап қалу жөнінде не айтар еді­ңіз?

– Бүгін жаһандық өзгерістер заманын­да отбасы құндылықтарын сақтап қалу, оның жастар санасындағы беделін арттыру, сол арқылы «жаңа әлеуметтік жаң­ғы­ру кезеңіне» бірлесе аяқ басу, бала тағ­ды­рына асқан жауапкершілікпен қарау – аса қажет қадамдардың бірі де бірегейі деп білемін. Халқымызда «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Бала­пан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Қызым үйде, қылығы түзде», «Баланы ұл қылып тәрбиелесең ұл бо­лады, құл қылып тәрбиелесең құл бола­ды» деген өмірден түйген даналық өлшем­дері, тәжірибемен келген ордалы ой тұ­жы­рым­да­ры отбасынан басталатын тәлім мен тәрбиенің ақиқаттығын дәлелдейді. Міне, осы мәселені Нұр-Сұлтан қала­сы­ның Кәмелетке толмағандардың іс­те­рі жөніндегі мамандандырылған ауда­на­р­а­лық сотында да күн тәртібіне қойылуы әрі заң­дылық, әрі қажеттілік екенін дәлелдеп отыр. Сотқа жүгінетін ата-аналар да, жас­өс­пі­рімдер де сол бір отбасылық дәстүр­дің, рухани сабақтастықтың үзіле баста­ға­нын әрі сыртқы ықпалдың жастар санасында орнығып жатқанын көрсетуде.

– Жаңа ғасыр талабы тәрбиеде кеткен ағаттықтың салдарын саралауға емес, қоғамдық орта ықпалымен қа­лып­­тасатын адами қасиеттерді ұлық­тау­­ға, қылмыстық құқық бұзу­шы­лық­тың алдын алуға, ең бастысы, бала­ның қоғамдағы орнын түсіне отырып, кә­ме­лет­ке толмаған балалардың құқы­ғын қор­ғауға бағытталуға тиіс қой.

– Дұрыс айтасыз. Негізінен отбасының рөлі төмендеген кезде бала сыртқы орта­ның әсеріне бейім болады. Дала мен өзге орта ережелері басымдық алғанда ата-ананың тәлімі азайып, абырой-беделі кеми бастайтыны шындық. Біз жастармен жас­тар тілінде диалогқа шыға отырып, заман міндеттеген қарым-қатынас платформасын таңдауымыз керек. Бүгінгі әлеуметтік же­лілер, қоғамдық институттар мен орта­лық­тар тарих тағылымын, халық дәстүрін жастар санасына қолжетімді ерекше маз­мұнда трансляциялауға дайын болса ғана ұрпақтар арасында байланыс, яғни са­бақ­тастық орнауы мүмкін. Бұл ретте от­басылық құндылықтарды әр елдің біре­гей сипатымен тоғыстыратын тәрбие мек­те­бінің ұстанымдарына жүгінген дұрыс. Кеше ғана көпшілік назарына тарту етілген «Томирис» те, алдында ғана рухымызды көтерген «Жау жүрек мың бала» да, әртүрлі тұлғалардың өмір­баяндық деректеріне негізделген бейне­тү­сі­ріл­імдер де баланың санасына, ересектер қа­былдауына әсер етпей қоймайды. Өйткені бұл өнер туындылары адамзат баласына ең қымбат қазына-байлығын, жүрегінің түкпірінде жатқан бойтұмарын тарихпен байланыстыра, өнегеге толы эмоционалды реңкпен көрермен назарына ұсына біледі. Бала естігеніне емес, көргеніне, байқағанына көбірек сенеді, сон­дықтан қасында жүрген ата-анасы мен бауырлары – оның үлгі тұтар ірге­сі де, сенім артар тұғыры да. Біз отбасын сақтау, оның қоғамдық қызметін аса маңызды институт ретінде бағалау арқы­лы ғана мемлекеттің болашағына зор үміт­пен қарай аламыз. Бұл бағытта соттар әкім­шілік орындарымен, мектептермен, жоға­ры оқу орындарымен тығыз қарым-қаты­нас орнатуы керек. Сот қарауына түскен істер, шынайы өмір оқиғалары бала қауіпсіздігіне, оның құқықтық сауат­ты­лығына жұмыс істеген жағдайда ғана қыл­мыстық құқық бұзушылық санын азай­туға болар. Соттар психологтармен, поли­ция қызметкерлерімен, медиаторлар­мен бірлесе бала құқығына қатысты мүдде ортақ­тығын ұстанған кезде ғана мәселенің түп төр­кіні өз шешімін табады деген ойдамыз.

– Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отба­­сы құндылықтары ескерусіз қа­лып, отбасындағы жылулық, ата-ана мен бала арасындағы түсіністік төмен­деп бара жатқаны – ащы да болса ақи­қат емес пе? Бұған не дейсіз?

– Сіздің қойып отырған сұрағыңызға орай, дәлел ретінде жас отбасылардың ара­­сындағы ажырасудың, ата-аналық құ­қық­тан айырылған адамдардың, алимент төлеуден жалтарған әкелердің кейінгі жылдары тым көбейіп кеткендігін, ата-ана­лардың баласымен араласу тәртібін анық­тауда, балалардың тұрғылықты же­рін белгілеуде туындайтын даулардың кө­беюін келтіруге болады. Статистикалық көр­сеткіш бойынша Қазақстанда отау құр­ған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, қалалық жерлердегі ажы­расу деңгейі 40% болса, ауылдық жер­лердегі ажырасу деңгейі 27% жеткен. Ажырасулардың 40%-ы алғашқы бес жылда орын алатындығы да ойландырады. Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 000-нан асып отыр. Бұл – жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. 2018 жылдың 9 айлық мәліметтеріне сүйенсек, қала бойынша ата-аналық құқығынан айыру туралы 195 іс қаралса, 2019 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 188 істі құрады. Алимент көлемін азайту бойынша қаралған істер саны 133-тен 153-ке көбейді, ал әкелікті ан­ықтау мен алиментті өндіру туралы іс­тер өткен жылы 118 іс болса, биыл 102 істі құрады. Бұл тізімді бала асырап алу не­месе асырап алудың күшін жою, ата-ана­лық құқығын шектеу сияқты істердің санат­тарымен жалғастыруға болады. Жал­пы аталған кезеңдерде қаралған істер саны 748-ден 767-ге артып отыр.

– Ерлі-зайыптылардың ажырасу сеп­терін атап өтсеңіз?

– Ерлі-зайыптылардың ажырасу себеп­те­рі неке (ерлі-зайыптылық) және отба­сы туралы Қазақстан Республикасы Ко­дек­сі­нің 19-бабының 2-тармағына сәйкес анықталады. Статистика көрсеткендей, Қазақстанда көбінесе ажырасудың негізгі себептерін: өзара түсіністік, байланыс және терең қарым-қатынастың болмауы; зорлық-зомбылықтың орын алуы: өзімшілдік; өз қателіктерін мойындауға қа­білетсіздігі: ерлі-зайыптылардың бі­ре­уінде отбасылық құндылықтардың болмауы; әлеуметтік-экономикалық проб­лемалардың орын алуы және діни көзқарастың қайшылығы сияқты мәсе­лелер көрсетіп отыр. Сол арқылы отба­сы­ның емес, кейде адамдардың жеке ба­сы­ның мүдделері алға шығып жатады.

–  Демек,  бүгінде  неке  институтының құн­сыздануы және әлеуметтік отба­сы­лық құндылықтардың өзгеруі, ажы­ра­судың себептері мен салдарын жан-жақ­ты талдауды талап етеді дейсіз ғой.

– Ажырасу рәсімі кезінде сотта шешілуі қажет құқықтық мәселелерді бір­неше топқа бөлуге болады: бала­лар­ға қатысты шешімдер; тұрғын үй мәсе­ле­ле­рі; мүлік проблемалары. Отбасы бұзыл­ған кезде әрдайым балалар зардап шегеді. Ата-аналардың ажырасуы­на, сот ісін жүргізуге және әке мен ше­ше­нің ажырасуына әкелген проблемалар бі­рінші кезекте баланың психикасы м­ен мүдделеріне әсер етеді, сондықтан ресми неке институтын түбегейлі жа­ңар­ту қажет­тілігі туындайды. Мәселе отба­сы­лық қатынастардың, неке мен ажы­ра­су­дың құқықтық және құқықтық нормаларына қатысты. Бүгін отбасына деген қо­ғамдық пікірдің өзгеруіне қол жеткізу ке­рек. Мәселені шешуге заңгерлермен қатар, психологтар, тәрбиешілер, БАҚ қыз­­меткерлері мен дін қызметкерлері атса­­лысуы қажет.

Ал әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ажырасулардың деңгейі бойынша алғаш­қы ондыққа енетін елдердің басым бө­лігі экономикасы дамыған Еуропа ел­де­рі екен. Зерттеушілер тіпті дәстүрлі құн­ды­лықтарын берік ұстанатын мұсылман елде­ріне де бұл індеттің кең тарай баста­ға­нын айтады. Қайта әлемдегі ең дамыған сегіз елдің қатарына ене отырып, өз салты мен дәстүрін, рухани құндылықтарын, отбасындағы мәдениетін сақтап отырған Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдер­ге назар аударғанымыз жөн болар. Көр­ші­лес Өзбекстанда некенің бұзылу деңгейі 10%-дан аспайды.

Ал біздегі статистикаға сүйенсек, бү­гінде балалар үйіндегі 69-дан астам сәби­дің 11-нің ата-аналары құқығынан бас тартқандар, 12-сі тастанды балалар, 22-сі уақытша орналастырылғандар, 2-еуі – жетім балалар. Былтыр денсаулығы кем­шін балалардың 4-еуі отбасына берілді. Бала асырап алатын азаматтардың және басқа отбасына баратын балалардың құ­қық­тарын күшейту мақсатында (биыл сә­уір айында) «Қазақстан Рес­пуб­ли­­касының кейбір заңнамалық акті­ле­рі­не жетім балалар мен ата-ана қам­қор­лы­ғын­сыз қалған балалардың құқық­та­рын қорғау мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қа­былданды. Бұл бастаманың бала асырап алу ісіне оң өзгерістер әкелгені сөзсіз. Бас­ты мақсат – өнегелі отбасы моделіне сүйе­не отырып, отбасы құндылықтарын сақ­­тау.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Александр ТАСБОЛАТ,

«Egemen Qazaqstan»