Экономика • 14 Қаңтар, 2020

Тағы бір сүт фермасы ашылды

712 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біржан Шаймерденов басқаратын Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауда­­нындағы «Дайындык агро» серіктестігі шаруасы шалқыған шаруашылық­тар­дың бірі.

Тағы бір сүт фермасы ашылды

Аққайың ауданындағы Дайындық ауылы бір кезде барлық ауылдар секіл­ді өткен ғасырдың аяғындағы эко­но­ми­калық  құлдырауды басынан кешіп, та­рауға айналып қалған. Сол кезде қо­лынан іс келетін  Біржан Шай­мер­де­нов қаладағы үш бөлмелі үйін сатып, туған ауылын көтеруге келген еді. Содан бері тыным таппай еңбек­тен­гендігінің арқасында қазір облыс­тағы озық шаруашылықтардың біріне айнал­ды. Оның ауыл тұрғындарын әлеу­меттік тұрғыдан қолдау жөнінде жасаған істерін санап шығудың өзі ұзақ әңгімеге жүк болар еді.

Қазір оның фермасында 600 бас сим­мен­тал тұқымды сүтті сиырлары бар. Олардың әрқайсысы тәулігіне 17-18 литр­­ден сүт береді екен. «Дайындық агро» асыл тұқымды малды Аустриядан са­­тып алыпты. Қазір сиырдың суалатын мезгілі, соған қарамай тәулігіне бес тон­надай сүт алады. Ал сүт фермасын серік­тес­тік  былтыр төрт айдың ішінде салып бі­тірген. Оған жұмсалған 1,2 млрд теңге серік­тестіктің жеке қаражаты.

– Асыл тұқымды әр сиырды сатып алуға мемлекеттен 137 мың, ал жем-азық алуға 120 мың теңге субсидия алдым, – дейді Біржан Шаймерденов.

Жаңа ферманың жұмысымен облыс басшысы Құмар Ақсақалов танысты. Заманауи ферма соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Қазір онда 28 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы айтқанда осы ауылдың тұрғындары жыл бойы жұмыспен қамтылған.

Ал облыста осындай 3 заманауи сүт кешені іске қосылады. Алдыңғы жылы төртеуі ашылған. 2020 жылы тағы 10 кешеннің құрылысы басталмақ. Жаңа фермалар сүт өндірісін жылына 20 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік береді.

«Мал шаруашылығы – өте табыс­ты бизнес, әсіресе сүт өндірісі. Осы кәсіп­пен айналысып отырғандар пайда­сын көріп отыр. Қазір біз аталған ферма­лар­дың санын көбейту шаруалары бойынша тиіс­ті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», деді Құмар Ақсақалов.

 

Солтүстік Қазақстан облысы