Қоғам • 14 Қаңтар, 2020

Жас зияткердің зейінін ашқан...

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі қолдау білдірген жас кі­тап­құмарлардың бәсекесіне өңір­дің барлық ауданы мен Тараз қаласынан 55 оқушы бақ сынап, өздерінің зият­керлік қабілеттерін көрсетті.

Жас зияткердің зейінін ашқан...

Жастардың интеллектуалдық деңгейін қалыптастыру мақсатындағы байқауды Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбе­бап-ғылыми кітапханасы бірлесіп ұйымдас­тырды.

Ережеге сәйкес, байқау екі кезеңге, екі санатқа бөлінді. Қатысушыларға әдебиет және ғылым салаларында өзіндік орны бар тұлғалардың арнайы белгіленген 43 кітабы ұсынылды. Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен 22 қатысушы ақтық сында да өздері таңдап оқыған кітаптардан қойылған сұрақтарға нақты жауап бере білді. Байқауда 15 жасқа дейінгі қатысу­­шылар арасынан І орынды Тараз қаласындағы №48 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Амина Мұхтар жеңіп алса, ІІ орынды Жамбыл ауданы, Бірлесу-Еңбек ауылындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Саида Жахан, ал ІІІ орынды Жамбыл ауданы, Бірлесу-Еңбек ауылындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Елдос Жолдыбай иеленді. Сонымен қатар 15 жастан жоғары қатысушылар арасынан І орынды Тараз қаласындағы №54 орта мектептің 10-сынып оқушысы Әсел Аяжан иеленсе, ІІ орынды Меркі ауданы, №6 орта мектептің 10-сынып оқушысы Диана Жексенбиева және ІІІ орынды Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Ақнұр Баширова жеңіп алды. Байқауға барлық қатысушылар мен олардың жетекшілеріне Алғыс хаттар, ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жүлдегерлерді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» мекемесінің басшысы Зарина Қуатова марапаттады.

Айта кетейік, әуел баста бұл байқау өткен жылдың мамыр айында Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен қала аумағында ұйымдастырылған еді. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен ең үздік атанған жас оқырманға 1 миллион теңге, ал қалған жеңімпаздарға да қомақ­ты қаржылай сыйлықтар табысталған болатын.

 

Жамбыл облысы