Аймақтар • 14 Қаңтар, 2020

Қаңғыбастық қатерге ұрындыруы мүмкін

579 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Беймезгіл уақытта қаңғырған жасөспірімдер қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді». Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев облыстың ювеналдық полицейлермен кездесуінде осыны атап айтты. 

Қаңғыбастық қатерге ұрындыруы мүмкін

Өңірдің бас полицейі балалармен тікелей жұмыс істейтін ювеналдық қызметкерлермен жүздесті. Оған облыстың барлық 13 ауданындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар бейне байланыс арқылы қатысып отырды.

Ювеналдық полиция жұмысының нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндаманы ПД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Розбах жасап, облыста 142 мыңнан астам жасөспірім бар екенін, олардың 72 мыңға жуығы – мектеп оқушылары екенін жеткізді. «Облыста 513 білім ордасы жұмыс істейді. Олар: 486 мектеп, 25 колледж бен 2 жоғары оқу орны. Мұндағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі 97 инспектор жауап береді» деді ол.

2019 жылы мүдделі органдармен бірлесіп, учаскелерде 700-ге тарта рейд пен өзге де 146 іс-шара өткізіліпті. Соның нәтижесінде полицияға 3884 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілген. Балаларының түнгі уақытта үйден тыс және көңіл көтеру орындарында жүргені үшін 2373 заңды өкіл мен көңіл көтеру орындарының 26 иесі жауапкершілікке тартылған. 237 кәмелетке толмаған, сондай-ақ, 249 қолайсыз отбасы ретінде есепке қойылыпты. Өткен жылы ювеналдық полицейлер құқықтық тақырыпта 4687 тәрбиелік баяндамалар жасаған. 

Марат Төлебаев жасөспірімдер тарапынан болатын және оларға қатысты жасалатын қылмыстарды болдырмау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Кеңесті қорытындылай келе ол қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды оқу орындарының ұстаздарымен бірлесе отырып, кешенді түрде жүргізу керектігін тапсырды. «Тәртібі жаман әрбір жасөспіріммен жұмыс істей білуіміз керек. Отбасыда болатын зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің ерте кезден алдын алу үшін жасөспірімдердің отбасыларына баруды қолға алып, әрбір отбасыдағы жағдайды зерделеуіміз қажет» деді ол.