Ақтөбе облысындағы Қарабұтақ ауылында үйлену тойы өткізіліп, онда 60-тан аса адам сапасыз тағамнан улану дерегі тіркелді.
Той өткізілген ресторан аудан әкімі зайыбының (демек, әкімнің!) меншігі көрінеді. Сондықтан жергілікті жердегі аудандық аурухана дәрігерлері болған оқиға жөнінде ақпарат беруден бас тартқан. Куәгерлердің айтулары бойынша, тағамнан уланғандардың ішінде бүлдіршіндер де бар екен.
Бұл оқиға туралы телеарна тілшісіне берген сұхбатында ресторан қызметкері Айман Есімова былай деді: «Жасыратын несі бар, той дастарқанынан дәм татқан менің отбасым да уланды. Өйткені, жұртқа берілген ет тағамы қарайып кеткен. Сорпасы да сондай».
Бізге келіп түскен соңғы ақпаратта санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мамандарының бұл оқиғаны енді тексеруге кіріскені жөнінде жазылған. Соған қарағанда, алғашқы кезде осы мәселені түбегейлі зерттеуге ешкімнің батылы жетпеген сыңайлы.
Данияр ТҮЙМЕБАЙ.