2019 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамытуға 200 млрд.-тан астам теңге бөлінді. Аталған қаражат есебінен 2019 жылы республиканың бар аумағында 386 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 37 жоба – жол құрылысымен, 34 жоба – жолдардың реконструкциясымен, 60 жоба – жолдарды күрделі, 255 жоба – орташа жөндеуден өткізумен байланысты. Тұтастай алғанда, жөндеу жұмыстарымен қамтылған жолдардың жалпы ұзындығы 4 617 шақырымды құрады. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 71% -ке жетті.
2019 жылы жүзеге асырылған жобалардың саны бойынша көшті Маңғыстау облысы бастап тұр. Мұнда жолдарды реконструкциялауға бағытталған 5 жоба, жолдарды салуға бағытталған 2 жоба жүзеге асырылды. Облыс жақсы жағдайдағы жергілікті жолдардың сапасына қатысты рейтингте де бірінші орында. Өңірде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 92% жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.
2020 жылы республикада жолдардың 4 мыңнан астам шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылып, 350 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдар желісінің үлесі 75%-ке жеткізілмек.
Айта кетейік, алдағы 5 жылда Қазақстанда 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жолдардың 25 мыңнан астам шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылып, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесі 95%-ке дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.