01 Тамыз, 2013

Зардап шеккен қызылордалықтар «Протонның» өтемақысын алады

334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Байконыр-4

Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Бұл туралы Өңірлік даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Күннің алғашқы жартысында бірінші вице-премьер «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аясында салынған Көкарал плотинасының жұмысымен танысты. Аталған жоба Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын және экологиялық тепе-теңдікті жетілдіру, сонымен қатар өңірде балық шаруашылығын дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.

Арал қаласында Бақытжан Сағынтаев 2009 жылы пайдалануға берілген Аралдың балық өнімдерін қайта өңдеу зауытында болды. Зауыттың барлық үй-жайлары Еуроодақ елдеріне балық өнімдерін жүзеге асыру үшін санитарлық-гигиеналық нормалардың талаптарына (НАССР) сәйкес салынған. Сонымен қатар, Аралда бірінші вице-премьер «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы аясында тұрғызылып жатқан үйлердің құрылысын қарап шықты.

Бірінші вице-премьер Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 660 бас ірі қара малдың сүтін өндіретін кешеннің және «РЗА» АҚ сүт өнімдерін өңдеу зауытының жұмысымен танысты.

Одан әрі Бақытжан Сағынтаев Ғани Мұратбаев ауылдық округінде болып, онда ауыл әкімдерінің сайлауға дайындық барысы жөніндегі ақпаратты тыңдады және округтің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Күннің екінші жартысында бірінші вице-премьер ағымдағы жылғы 2 шілдеде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан шығарылған «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған аумақты қарап шықты.

Бақытжан Сағынтаев «Гагаринский старт» алаңында және «Байқоңыр» космодромының мұражай кешенінде болды. Қармақшы ауданында бірінші вице-премьер Төретам ауылындағы 100 адамның келуіне арналған аурухананың жаңа ғимаратын қарап шықты.

Байқоңыр қаласында Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған аймақтағы зардаптарды жою жөніндегі жұмыс комиссиясының қорытындылары бойынша кеңес өткізді. «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған аймақтағы теріс экологиялық зардаптарды жою жөніндегі іс-шараларды өткізуді бақылау туралы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған жұмыс комиссиясының қорытындылары жөнінде Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров баяндады. Кеңес жұмысына сонымен қатар Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев, РФ Федералды ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкин және т.б. қатысты. Бақытжан Сағынтаев зымыран тасығыштың құлағаны туралы жағдай бойынша Қазақстанның алаңдаулы екендігін атап өтті. Бірінші вице-премьер болған апаттың «Байқоңыр» кешенінің қызметімен байланысты экологиялық мәселелерді екіжақты тәртіпте және кешенді шешетін уақыт келгенін мәлімдеді. Сонымен қатар қазақстандық тарап жоғары токсиндік отынды қолданатын зымыран тасығыштарды қолдануға беруді жылдамырақ кезеңмен қысқартып, аса қауіпсіз экологиялық ғарыш зымырандар кешендерін пайдалануға ауысуға мүдделі.

Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мүдделі мемлекеттік органдарға бірнеше тапсырамалар берді, атап айтқанда ҚР Үкіметі және РФ Үкіметі арасында Ресей Федерациясының жалға алу шарттары бойынша «Байқоңыр» кешенді аймағындағы экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі келісімге келу үшін қосымша хаттамаға қол қою рәсімін жылдамдату қажет. Бұл Қазақстанның экологиялық кодексінің міндеттерін «Байқоңыр» кешені аймағында қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан Ресей тарапының аумақтағы тұрғындардың денсаулығына және өңірдің экологиясына зиян келтірілгені үшін өтемақы төлеу мәселелерін қарастыруы қажет деп санайды.

Кеңесте «Байқоңыр» кешенін бірлесе қолдану туралы жол картасын әзірлеу, ғарыш айлағын бірге қолдану тәртібін белгілеуде мемлекетаралық жаңа келісім дайындау, сондай-ақ Байқоңыр қаласын дамыту перспективалары жөніндегі мәселелер талқыланды.

Сәкен Майлыбай.