Қазақстан • 14 Қаңтар, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Халықтың шын пейілінен шыққан алғыстан асқан баға жоқ

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында әкімдер ел алдында есеп бере бастады. Биылғы бұл жауапты міндет өзгешелеу өтпек. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мұндай жиындарға ескертпей келетінін мәлім етті.

Өмірзақ Шөкеев: Халықтың шын пейілінен шыққан алғыстан асқан баға жоқ

«Халықтың шын пейілінен шыққан алғыстан асқан баға жоқ. Осыны ұмытпаңыздар. Әр істі барынша беріліп істегенде ғана нәтижеге жетуге болады. Қөзбояушылыққа жол жоқ. Мен ешкімге қолдан келмейтін тапсырма жүктемеймін. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық салада ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Бірақ мұнымен тоқтауға болмас. Алдымызда мұнан да зор, мұнан да биік міндеттер тұр» деді Өмірзақ Естайұлы лездемелік мәжілісте. Сондай-ақ облыс әкімі көмекке зәру отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемнен басқа да қолдау көрсетуді жетілдірудің тиімді тетіктерін табуды жүктеді. Әрбір аудан мен ауыл басшыларын ондай азаматтармен жеке жұмыс істеуді міндеттеді.

Түркістан мен Кентау қалаларын дамытуға биыл да басымдық берілмек. Әлеуметтік сала – басты назарда. Халықты ауызсумен, газбен, жарықпен, сапалы жылумен қамтамасыз ету жалғасын табады. Тас жолдардың төселуі, жөнделуі, көшелерді жарықтандыру мен көгалдандыру, абаттандыру, суландыру жұмыстары - облыс басшысының қатаң бақылауында болмақ. Түркістанды жасыл желекке бөлеу бойынша жоспарланған ағаш отырғызу жұмыстары наурыз айында толық аяқталуы тиіс. Қалада салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің қатары көбейеді. Халықаралық әуежай мен онда барар жолдың құрылысына 100-ден астам техника мен 300-ден астам жұмысшы жұмылдырылған.

Айта кетелік, Түркістаннан 16 шақырым қашықтықта орналасқан 900 гектар жерге әуежай салуды түріктердің «Yda Insaat group» компаниясы міндетіне алған. Халықаралық стандартқа сай терминал жылына 3 млн жолаушыға қызмет көрсететін болады. Әуежай құрылысын жыл соңында толық аяқтау жоспарланған.