Қоғам • 15 Қаңтар, 2020

Заңсыз сатылған жер, зар жылаған ел...

1543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласының маңындағы аудан­дардың аумағында жеке тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл үрдіс жер телімдерінің саудасын қыздырып, жобаланбаған құры­лыс нысандарының көбеюіне де жол ашуда. Нәтижесінде, сатып алынған жер телімдері мен бой көтерген бас­панаға қатысты дау-дамай көбейіп отыр.

Заңсыз сатылған жер, зар жылаған ел...

Мысалға, жаңа жыл Ал­маты облысы, Іле ауданы Боралдай ауылдық ок­ругі­нің аумағында бой көтер­ген Жайнақ ауылының тұр­ғындары үшін жаппай сотқа шақырту алумен басталды. Ауыл тұрғындарының атынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне хабарласқан заңгер Нұрлан Байғазиевтің айтуынша, Алматы облысының жер қатынастары басқармасы елді мекен аумағындағы 203 жер телімінің иесін сотқа беріп, құжаттарға берілген жеке­меншік құқығын заң­сыз деп тануды талап етіп отыр екен. Тұрғындар ресми мекеменің бұл талабын түсінбей, наразылық білдіруде. Өйткені тұрғын­дар­дың қолында жерге заң­ды иелік етуге берілген мем­лекеттік акті бар, елді мекен аумағында тұрғын үй салуға рұқсат берілгені жайында да құ­жаттары түгел. Және бас­панаға мұқтаж адамдар  жер телімдерін Боралдай ауылдық округі әкімінің шешімімен жекеменшікке айналдыр­ған тұлғалардан сатып алған. Әуелгіде аумақтағы телім­дер үшін тұрғындар 1 млн тең­геден 2 млн 500 мың тең­ге­ге дейін қолма-қол ақшаны санап берген.

Мәселеге орай облыстық басқарманың да өз уәжі бар екен. Мамандар аумақтың бас жоспарының өзгеруіне байланысты, елді мекен орналасқан жер мемлекет қажеті үшін қай­тарылуы керек деп отыр. Тұр­ғындар мен атқарушы би­лік арасындағы текетіреске ай­нал­ған даулы іске қатысты әділ шешімді енді сот айтуы тиіс.

Жалпы, Алматы облысы­ның аумағында заңсыз тұр­ғын үй құрылысы азаймай отыр. Бұл үрдіс жыл сайын сотқа жүгінген жеке адам­дар­дың қатарын көбейте түсу­де. Мәлім болған дерек­терге жүгінсек, 2018 жылы Алматы облысының маман­дандырылған аудан­ара­лық экономикалық соты рұқсатсыз салынған тұрғын үй құрылысын заңдастыруға қатысты жалпы саны 47 іс қарап, 11 іс бойынша оң шешім шығарыпты. Қал­ған 35 өтінішке орай заң талап­тарының орындал­мағ­аны анықталып, іс кері қай­тарылған. Өндіріске жі­беріл­ген 1 іс тоқталып, заң­сыздықтың жолы кесілген. Ал өткен 2019 жылдың  11 айы аралығында сот төрешілеріне рұқсатсыз салынған тұрғын үй құрылысын заңдастыруға қатысты 33 өтініш түскен. Зерделеуден өткеннен кейін 3 өтініш қанағаттандыры­лып, 30 іс бойынша тіркел­ген құры­лысты заңдастыру болмайды деген шешім шығарылыпты.

Айтпақшы, Алматы әуе­жайының маңыңда болған ұшақ апатынан кейін Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аумақта салынған құрылыстардың заңдылығын тексеруге тапсырма берген болатын. Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Гүл­дала ауылындағы жер те­лім­деріне қатысты тексеру жүргізуде. Жақында тергеу жұмысының алғашқы нәти­желерін хабарлаған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Талғар аудандық әкімдігінің қызметкерлері өз құзыретін асыра пайдаланып, халықаралық әуежай маңына үй салу үшін жер телім­дерін жекешелендіруге рұқсат бергенін айтқан еді.

– 2015-2019 жылдары Ал­маты облысы, Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұл­ғалары қызметтерін асы­ра пай­даланып, әуежай­ға жа­қын  аумақтан жеке шаруа­шы­лық жүргізуге, тұр­ғын үй құрылысын салуға жер бер­­гені анықталды. Ереже бо­­йы­нша санитарлық қор­ғаныс аймағына жақын маң­ға қандай да бір құрылыс ны­са­нын тұрғызуға немесе бау-бақша өсіріп, жеке саяжай салуға рұхсат жоқ, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.

 

Алматы облысы