Күні кеше, осы мақсат жолында Қарағандыдағы «Достық үйінде» облыс орталығындағы көшелердің атауларын өзгертуге байланысты көпшілік тыңдау ұйымдастырылды. Қоғамдық маңызы зор шараға адамның көп жиналғаны соншалықты, олардың көбі 400 орындық негізгі залға сыймай, іште болып жатқан пікірталасты сыртта отырып экраннан тамашалады.
Күн тәртібінде кеншілер астанасындағы 10 көшенің атауын ауыстыру мәселесі тұрды. Оның ішінде қаладағы басты көшелердің бірі – атышулы Ленин көшесі де бар еді. Сонымен қатар бұл тізімге Приканальная, Кривогуз, Защитная, Зональная, Олимпийская, Волочаевская, Кувская, Аманжолов, Нұржанов сынды көшелер де кірген болатын.
Жиын барысында зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері және көше атауларын өзгертуге қарсы топтың мүшелері сөз алып, пікір таластырды. Мысалы, белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы, қоғам белсенділері Айтқожа Фазыл мен Жексен Әбдірахманов, тарихшы Зәуреш Сақтағанова өзгерістердің уақыты жеткенін, бұл істе енді жалтақтаудың еш қажеті жоқтығын әргі-бергі тарихтан мысалдар келтіре отырып, көпшіліктің көкейіндегіні тап басып айтты.
Өзге ұлт өкілдерінің де өзгертуді жақтап, үн қосқанын айта кеткен ләзім. Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі Елизавета Седышева мен «Дакия» румын мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігі жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашов қоғам белсенділерінің бастамасын саналы түрде қолдайтындықтарын білдірді.
Пікірталас кезінде «Көше атауларын ауыстыруға қыруар ақша жұмсағанша, сол қаржыны қаланың кем-кетігін түзеуге жұмсаса болмас па еді?» деген сыңайдағы қарсы пікір айтқандар да болды. Мұндай пікір иелеріне қарата белгілі кәсіпкер, «Нәтиже» сүт компаниясының басшысы Ерлан Әшім атауларды ауыстыруға кететін шығынның бәрін өзі басқаратын кәсіпорынның көтеріп алуға дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ топ ішінен әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнамада көше атауларын өзгертуге қарсы болғандар да бар екенін айтты. Бұған жиынды жүргізіп отырған қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов былай деп кесімді жауабын берді: «Ғаламтордағы сауалнамаға қатысқан адамдардың кім екенін біз білмейміз. Мүмкін олар басқа мемлекеттің азаматтары шығар? Бәлкім, фейк-аккаунт болар? Сондықтан ол есепке алынбайды».
Сонымен, қоғамдық тыңдауға жиылған қарағандылықтар өзгерістерді қолдап, Ленин көшесінің – Абай Құнанбайұлы, Приканальная көшесінің – Сарыарқа, Кривогуз көшесінің – Қасым Аманжолов, Защитная көшесінің – Григорий Потанин, Зональная көшесінің – Александр Затаевич, Олимпийская көшесінің – Нарманбет Төлепов, Волочаевская көшесінің – Камали Дүйсембеков, Кувская көшесінің – Қазыбек Нұржанов, Аманжолов көшесінің – Балқантау және Нұржанов көшесінің Мерей көшесі болып ауыстырылуына бірауыздан дауыс берді.
Көпшілік тыңдауды жүргізудің жауапкершілігін мойынына алған Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, тәртіп бойынша жиын хаттамасы қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралғаннан кейін барып тиісті шешім қабылдануы керек екен. Одан әрі ол шешім Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясы мен облыстық ономастика комиссиясында бекітілуі тиіс. Бекітілген шешім республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберіліп, ол жақтан келісім берілген жағдайда, қорытынды құжат БАҚ-тарда жарияланады. Яғни, мұның бәріне уақыт керек болады. Қалалық мәслихаттың хатшысы қанша уақыт қажет болатынын нақты айта алмаса да, бұл үдерістің мамыр айына дейін созылуы бек мүмкін екенін еске салды.
Жасыратыны жоқ, осы бастамаға байланысты әлеуметтік желілерді алатайдай бүлдіргісі келгендер де болды. Бұлардың келмеске кеткен коммунистік кезеңнің күн көсемін шыр-пыр болып қорғағанын тарихқа деген өздерінше құрметі ғой деп қабылдаған күннің өзінде «Приканальная», «Зональная» деген мән-мағынадан мақрұм атаулардың қазақыланғаны үшін де ертоқымын бауырына ала тулаған қылықтары еріксіз қайран қалдырды... Дегенмен, бұл санаттағы жерлестеріміздің дәурені өткен амбициядан біржолата арылып, көпшіліктің пікірімен ерте ме, кеш пе, түбі санасарына сенім білдіргіміз-ақ келеді. Бұл дегеніңіз, ең алдымен ортақ шаңырақ астындағы тонның ішкі бауындай тату-тәтті тұрып жатқан қазақстандықтар болашағының жарқын болмағы үшін керек дүние. «Ырыс алды – ынтымақ» деп халқымыз тегін айтпаған ғой!
Бұл күні «Достық үйінен» шыққан қандастарымыздың қуанышында шек болмады. Еңсесі тіктеліп, рухы көтерілген жұрт бөркін аспанға атып, бір-бірін құттықтап жатты. Десе де, көптің көкейінде Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданын Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның атымен аталар күнді көрсек деген арзу арманның да жатқаны анық еді.
ҚАРАҒАНДЫ