Қоғам • 15 Қаңтар, 2020

Ел-жұрт арызы – еңбекақы қарызы

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында еңбекақы төлеуге қатысты заң талабын бұзу мен жалақы қарызы бойынша құзырлы органдарға жүгінген адамдардың саны артқан.

Ел-жұрт арызы – еңбекақы қарызы

Оның ішінде прокуратураның араласуымен ғана мыңнан ас­там жұмысшының еңбек дауы шешімін тауыпты. Ал еңбекақы қарызына қатысты өтелген қаржы көлемі 150 млн теңгені құрады. Бұл деректер прокуратураның 2019 жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде жария болды. Облыс прокуроры Азамат Жыл­ыбаевтың айтуынша, өт­кен жылы аймақтағы қыл­мыс жағ­дайы тұрақты дең­гейде болған. Жалпы, құқық бұзу­шы­лық сипаты 22,2 пайызға азайып, жыл басынан бері 21 528 оқиға тіркелген.

– Адам құқығы мен заңның сақталуын қадағалау мақсатында жүргізілген істер әділеттің орнауы мен құқық бұзушылықтың алдын алуда өз жемісін беріп келеді. Мәселен, өткен жылы прокурорлардың араласуымен  72 адамға қатысты шығарылған сот шешімі қайта қаралып, заң мәртебесі үстемдік құрды. Нәти­жесінде 34 адамның құқығы қор­ғалды. Қадағалаудың арқасында облыс көлемінде уақытша ұс- т­ал­­ған 30 адамға қатысты іс тоқ­­татылып, заңсыз қамалған 40 адам ақталды, – дейді облыс про­куроры Азамат Жылқыбаев.

Жалпы, прокуратураның есеп­ке алу-тіркеу тәртібі бойын­ша жүргізілген тексеруінің нә­тижесінде 64 қылмыстық құ­қық бұзушылық есепке алынған екен. Әсіресе, қадағалау актісі не­гізінде тұрғындарды ауыз сумен, табиғи газбен, электр энер­гиясымен және жылу энергиясымен қамтамасыз ету бо­йынша уақытша өтемдік та­риф­тер енгізіліп, 306 мың адам­­ның құқығы  қорғалған. Сон­­дай-ақ қадағалаушы орган­ның тексеруінен кейін жалпы аумағы 48,1 мың гектар болатын пайдаланылмаған жер телімі анықталып, мемлекетке қайтарылды. Атқару өндірісі бо­йынша да берешек тұлғалардан 920,3 млн теңге қарыз өндірілген. Облыстық прокуратураның ық­пал етуінен кейін заң бұзған 2 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылып, мем­лекет пайдасына өндірілген ақ­шалай кірістің жалпы көлемі 1 млрд теңгеге жеткен екен.

Айтпақшы, облыс прокуратурасы өңірдегі өтелмеген айыппұл көлемінің азаймай отырғанына алаңдаулы. Мәселен, 2018 жылы атқарушы өндіріс бойынша қарыз сомасы 6,5 млрд теңгеге жетсе, 2019 жылы бұл көрсеткіштің 19 пайызы ғана өндірілген екен. Яғни, арғы жылдардың бере­шегін өндіріп алу ісі биыл да жалғасады. Өйткені жаңа жылға өткен қарыз көлемі 6,4 млрд тең­гені құрайды. Мамандар айып­пұл қарызының жыл сайын өсуіне азаматтардың жеке жа­уапкершілігінің төмендігі мен сот орындаушылардың жет­кілік­ті жұмыс істемеуі себеп болып отыр деген пікірде.

Жалпы, айыппұл қарызымен негізінен жеке сот орындаушы­лары айналысуы тиіс екен. Алай­да, 2011 жылдан бері жүйеге енгізілген жеке сот орын­дау­шылар қызметі бұл сенімді ақтап отырған жоқ. Тіпті атқару ісі бойынша бо­рыш­керге қатысты қатаң шара­ларды қасақана жү­зеге асыр­мау деректері де кездесуде. Тексеру нәтижесінде сот орындаушылардың 1 500 ат­қару парағы бойынша  іс қоз­ғаудан заңсыз бас тартқаны анық­тал­ған. Негі­зінен бұл жағдай кө­лік салығын төлеуден жал­тар­­ғандарға қатысты болған. Бо­­рышкердің көлігі мен мүл­кіне қатысты бұғаттау шара­сына қа­­тысты көзжұма қараған 406 оқи­ға тіркелді.

Сондай-ақ сот шешімімен са­лық қарызын өтемеген тұл­ға­лар­дың шетелге шығуына қо­йылған тосқауыл шаралары дер кезінде атқарылмай отыр. Мы­салға, өткен жылы 74 000 борышкерге қатысты шешім орындалмай, мемлекетке қарыз адамдар ел шекарасын еш ке­дергісіз кесіп өткен екен.

 

Алматы облысы