Аймақтар • 15 Қаңтар, 2020

Құрақ көрпе – құндылық

8062 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қол­өнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қия­лының шексіздігін қолының ісмерлігі-ұсынақтылығымен көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұты­натын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қара­саң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйым­дар­дың бірі – құрақ көрпе. Ол, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-материал қат кезде қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі.

Құрақ көрпе – құндылық

«Қазақылықтың қаймағы бұ­зылмаған» деп бағаланатын Маң­ғыс­тауда құрақ көрпе құрау ұзақ жылдардан бері анадан қызға, келінге жалғасып ке­леді. Маңғыстауда өткен ға­сыр­­дың 80-жылдары есін біліп, бойжетіңкіреп қалған қыз балалардың ісмерлікпен айна­лыс­пағаны кемде-кем. Себебі киіз үйді бау-басқұр, шашақ-әдемі желбау, қоржын, өзге де қазақы нақыштағы бұйымдармен жасандыру, сондай-ақ, жүн сабап киіз басу, түр ойып текемет басу, ұршық иіріп, оны ширатып киім тоқу, ши орау, көрпе құрап, сырғалақ айналдыру, өзге де халқымыздың төл өнері ел арасында сәнге айналды ма – әйте­уір сол кезде жасөспірім қыз­дар­дың шеберлігі бірінен-бірі асып түс­кен­дігіне бүгінгі күн куә. Себебі бүгінгі халқымыздың төл өнерін наси­хаттап, оны жастар арасына үйретіп жүрген буын – сол кездегі балаң қыздар – бүгінгі апалар, ақ жаулықты аналар. Кей кезде ол үрдіс «ел арасында сәнге айналды» деп айту бекер сияқты бола­ды, құдды ақ жаулықты аналар кеңестік кезеңнің қыспағына қара­май жастарға төл өнерді жанталаса үйретіп, бүгінге жалғай жет­кізіп кетуге еңбек еткен-ау деген ой келеді.

Бүгінгі ұрпақ бабалардан, аналардан қалған төл өнерді заманауи үлгіде дамытып, жан-жақты жетіл­діре түсуге ұмтылуда. Мата­ның қат кезінде қолда бар мүм­кін­дік шегінде ғана құрай алған көрікті көрпелерді бүгінгі шеберлер кездеме маталарды – жұмсағы керек пе, қаттысы керек пе, оюлысы ма, әле оюсызы ма, гүлдісі ме, жоқ па, түктісі керек пе, түк­сізі қажет пе, ақ, қызыл, жасыл, сары – қасына тау ғып үйіп қо­йып қалауынша пайдаланып, көр­пені құбылта құрауда. Бірақ оның арғы бастауы бәрібір баба мұра­да жатыр.

Маң­ғыстауда жыл сайын құ­рақ көрпеден фестиваль өткізіліп келеді. Бұған дейін екі жыл қатарынан Жаңаөзен қала­сында өткен шара биыл Маң­ғыс­тау облысы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің ұйым­дас­тыруымен Ақтау қаласында жал­ғас­ын тапты. Оған өңірдегі бес
аудан мен екі қаладан 28 қа­ты­су­шы жи­налды.

– Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігі­ле­тін көрпе. Мақсатымыз – ұлттық қол өнерімізді жаңғыртып, ұрпақ­тан-ұрпаққа мұра ету. Үйде отырып іс тігіп, оны онлайн түрде саудаға шығарып отыр­ған облыс­тың әр түкпіріндегі нәзік жанды­лардың басын қосу, бір-бірінен тәжірибе алмастыру. Жұмыссыз отырған қыз-келін­шек­терді кә­сіп­ке баулып, ынталандыруды көз­дей­міз, – дейді Жаңа­өзен қалалық іскер әйелдер кеңе­сінің төрайымы Тілектес Болатбаева.

Фестивалге көздің жауын ­ала­тын сан түрлі көрпелер қо­йыл­­­ды. Мақпал, барқыт, шыт, т.б. мата­лар түрінен құралған көр­пе­лерден Маңғыстаудың ежел­гі қөлөнерінің жарқын көрі­ністерін байқауға болады. Ши құрақтардың арасына түйе бей­не­сін, тастағы ежелгі таңбалы бел­гі­лерді салып тігу, жаңаша сән кіргізуд­і көздеген үлгілері де бар.

Танымал ісмер-шебер апалар қазылық еткен байқауда жүлде­гер­лер арнайы орындармен бірге «Көрермен көзайымы», «Жас шебер», «Ынталандыру», «Ою құрақ ше­бері», «Ісмер әйел», «Күміс қол», «Алтын оймақ», «Құрақ әле­мінің ханшайымы» сынды жүл­делермен марапатталды.

Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсі­бі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жас­тардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңара жетіліп жалғаса түседі деуге болады.  

 

Маңғыстау облысы