01 Тамыз, 2013

Атыраудың 7 таэквондошысы Азия чемпионы атанды

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау-6

Атырауға Оңтүстік Кореядан қуанышты хабар келіп жетті. Кореяның Чун-Чон қаласында өткен Азия чемпионатында біздің жеті жерлесіміз бұрын-соңды болмаған жетістікке жетіп, бас жүлдені жеңіп алды.

Таңғы шық елінде өткен халықаралық сайысқа Атыраудан қатысқан 9 таэквондошы ел намысын табысты қорғады. Соның ішінде Айдана Еділбаева, Айгүл Елубай, Алмас Меллатов, Әлихан Сейітов, Жасұлан Қанатов, Мөлдір Әлмұқашева мен Аягөз Нығметова Азия чемпионы атанды. Ал Арайлым Оразақова мен Айтуар Шайкенов жүлделі екінші орынға ие болды.

Олардың бәрін Атырау қаласындағы №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің таэквондо үйірмесінде Сәуле Сардарова мен Айсұлу Халамқалиева жаттықтырады.

Биыл жыл басынан бері еліміздің батыс өңірі де өзге облыстар сияқты спорттық жарыстардан жерлестерін қуантып келді. Тіл-көзіміз тасқа, біздің тағы бірнеше жерлесіміздің жылдың соңына дейін спорттағы жетістіктерімен қуантатын ойлары бар. Лайым болай болғай! Жеңіс көбейсін!

Жолдасбек Шөпеғұл,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.