01 Тамыз, 2013

Қызылордалық полицейлер құжатсыз жүрген Өзбекстан азаматын еліне қайтарды

314 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Гражданин Узбекистана-2

Қызылорда облысының ішкі істер органдарының қызметкерлері құжатын жоғалтып алған Өзбекстан азаматын еліне қайтарды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

.  

Үстіміздегі жылдың 28 маусымында Арал АІІб-нің қызметкерлері қызмет атқару кезінде «Шымкент-Самара» тас жолының бойында Ақтөбе облысына қарай кетіп бара жатқан «КамАЗ» автокөлігін тексерген. Оның барысында автокөлік ішінде құжаттары жоқ бір азамат анықталған. Өзінен сұрастырған кезде ол Өзбекстан Республикасының 1989 жылы туған азаматы Тимур Юсупов екенін айтқан. Полиция қызметкерлері шетел азаматының жеке басын анықтау үшін оны алып қалып, ісін аудандық сотқа жолдайды. Т.Юсупов сот шешімімен жеке басы анықталғанға дейін Қызылорда ОІІД «Қабылдау-тарату орнына» орналастырылған.

Азамат Т.Юсуповтың өз айтуынша, 21 маусымда өзінің «Шевролет-Спарк» жеке автокөлігімен Ресей Федерациясына жолға шыққан. Жолда жанар майы таусылған соң, жолдың жиегіне көлікті қойып, жанар май алып келуге кеткен. 1 сағаттай уақытта қайтып оралғанда автокөлікті таба алмаған. Одан соң Тимур Юсупов жолай көлікпен Қызылорда қаласына жеткен. Қызылорда қаласында құжаттарын жоғалтып, одан әрі Ресейге жол тартқан Тимурды жолда тоқтатқан аралдық полицейлер оның одан әрі адасуына мүмкіндік бермеді.

Аталған деректі департамент басышылығы тікелей назарда ұстады. Департамент бастығының орынбасары Әмірбек Шаймағамбетовтің нұсқауымен Т.Юсуповтың туған жері Өзбекстан Республикасы Самарқанд қаласына сұрау салынып, әке-шешесіне хабар жіберілген. Көршілес өзбек елінің азаматы Тимур Юсуповты әкесі Амин Юсупов келіп, өз еліне алып кетті. Қызылорда ОІІД қызметкерлері Тимурдың автокөлігін де тауып берді. Жаңақорған ауданынан табылған автокөлікті Жаңақорған АІІб қызметкерлері жол жиегінде 2-3 күн қараусыз қалғандықтан және иесі табылмағандықтан автотұраққа орналастырған екен.

Тимурдың әкесінің айтуынша, баласының ақыл-есінде аздаған кемтарлық бар көрінеді. Сондай-ақ есте сақтау қабілетінің төмендігін де айтып отыр.

Баласының табылғанына қуанған әкенің қызылордалық полицейлерге айтар алғысы шексіз. «Баламды қызылордалық полицейлер тауып бермегенде, қай жерден іздерімді білмес едім», дейді Амин Юсупов риза көңілін білдіріп.

Гражданин Узбекистана-1

Баласын әкесіне табыстаған Қызылорда ОІІД қызметкерлері Т.Юсуповтың құжаттарын рәсімдеп, көлігін өзіне қайтарып, әкелі-балалы көрші елдің азаматтарын еліне аттандырып салды.

Сұлтан Бозайғыр.