
Бүгін Францияның Экс-ан-Прованс қаласында БТА-банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің ісі бойынша сот отырысы басталды. Бұл туралы жергілікті БАҚ өкілдерінің ақпарына сілтеме жасаған РИА «Новости» хабарлады.
Сотта Әбіләзовтің Қазақстанға экстрадиция жасалуы жайлы шешім қабылданып қалуы да мүмкін.
Ол кеше, 31 шілде күні Францияның Канны қаласына жақын маңда полиция арнайы жасағының іс-шарасы барысында қолға түскен болатын. Шара бизнесменді ұстап беруді өтінген Ресейдің сұрауы бойынша жүзеге асқан көрінеді. Бір қызығы, оны сұрап отырғандардың арасында Қазақстаннан бөлек Украина да бар көрінеді.
Осы оқиға туралы кеше күллі әлемге бірінші болып хабарлаған Англияның «Financial Times» газеті бүгін Әбіләзовтің қамауға алынуына байланысты қосымша деректер таратты. Өз атының аталмауын сұраған Әбіләзовтің адвокаты банкирді қолға түсіру кезінде оның жанында қарындасы болғанын мәлімдеді. Бірақ француз құқық қорғаушылары Гауһар Әбіләзованы бірден босатқан.
Айдар Өрісбаев.