Медицина • 16 Қаңтар, 2020

Қоянжырық – тұқым қуалайтын және толық емделетін мутация

6569 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ашық таңдай мен ашық ерін жарасы әлемдік статистика бо­йынша 2500 нәрестенің біреуінде кездеседі. Халық арасында ашық таңдай жарасы қасқырауыз, ал ашық ерін жарасы қоянжырық деген атауларымен белгілі. Жалпы, жоғарғы ерін мен жоғарғы жақтың туабіткен жаралары жақ бет аймағының аномалиясының шамамен 86%-ын және адам дамуындағы ақаулардың 20-30%-ын құрайды.

Қоянжырық – тұқым қуалайтын және толық емделетін мутация

Жоғарғы ерін мен таңдай жарасы жүк­тіліктің алғашқы екі айында, ұрық­тың жақ бет мүшелері дамуы кезінде пайда болады. Аномалия TBX22 генінің мутациясымен байланысты. Кейде ақау­дың пайда болуы генетикалық жүйенің ток­сикозға, психоәлеуметтік стресс­терге, антибиотикалық терапияға, ин­фек­циялық ауруларға, темекі шегу­ге, есірткі және алкогольге байланыс­ты болуы мүмкін. Жүктіліктің бірін­ші три­местрінде ұрыққа теріс фактор­лардың әсері әсіресе қауіпті деп саналады. Кейде аурудың басталуын қоздыратын гендік мутация – кеш босану себебінен болуы мүмкін.

Әлемде таңдай мен ерін жарасын емдеуге арналған алғашқы операция­ны екі ғасыр бұрын Францияда тіс дәрі­гері жасаған. Ал қазіргі заманғы ме­­дицинаның арсеналында жақ бет жа­раларын түзету үшін пластикалық хи­рургияның бірнеше арнайы бөлімі бар. Ең тиімдісі – хейлопластика – жо­ғарғы ерін және уранопластика – таң­дайдың коррекциясы болып табылады. Отаның күрделілігі нәрестенің па­то­логиясына байланысты. Жалпы, ота бірнеше сатыда жасалады. Ең жақ­сы деген нәтижеге жету үшін 2-3 ота жасалады, ал ауыр жағдайларда ота саны  5-7 және одан да көп болуы мүм­­кін. Хейлопластика әдетте үш айдан алты айға дейінгі балаларға жасала­ды. Ал егер генетикалық ақаудың ауыр түрі болса, онда ота өмірінің алғаш­қы күндерінде жасалуы мүмкін. Бұл жағ­­дайда салмақтың тұрақты өсуі бай­қа­луы керек, жүрек-қан тамыр жүйесі, ас­қазан-ішек жолдары, жүйке және эн­докриндік жүйелер, анемия болмауы ке­рек. Неғұрлым ота ертерек жасалатын болса, соғұрлым отадан кейінгі жара ізі аз байқалатын болады. Әлемдік медицина жетістіктері, бүгін скринингтік ультрадыбыс арқылы 19-20 аптада ұрық патологиясын анықтауға мүмкіндік береді.

Жақ бет хирургиясы – баланы сауық­тырудағы басты қадам. Содан кейін ЛОР дәрігерлері, ортопедтер және тіс дәрігерлері, сурдологтар және нео­нато­логтар (ерте кезеңдерде) патология ерек­шелігіне сәйкес өз жұмыстарын атқа­рады.

Дүние есігін енді ашқан сәби үшін ашық таңдай мен ашық ерін жарасы, ең алдымен ана сүтін еме алмауымен қиын. Себебі мұндай жара кезінде сәби ауыз қуысында теріс қысым жасай алмайды (табиғаттан берілген ему рецепторларын пайдалана алмайды). Сондықтан хейлопластика деп аталатын алғашқы ота жасалады. Хейлопластика – балаға анасының сүтін емуге мүмкіндік беретін өте маңызды ота. Одан кейін басқа да қосымша оталар жасалады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы 30 қаң­­тардағы №44 бұйрығы бойынша туабіткен ерін мен таңдай жарасы бар сәбилерге мүгедектік бойынша жәрдем­ақы төленеді. Жәрдемақы 5 жасқа дейін тө­ленеді. Одан кейінгі көмектің берілуі иә берілмеуі медициналық талдауларға байланысты.

Өкінішке қарай, іштегі сәбиінде таң­дай немесе ерін жарасы анықталғаннан кейін кейбір ата-аналар баласынан бас тар­тып жатады. Әрине, бұл ата-аналар үшін психологиялық тұрғыдан өте ауыр жарақат, олар не істеу керектігін білмейді. Сондай кезде оларға жәрдем көрсету үшін медицина мамандары мен білікті психологтар көмекке келеді. Бұл аномалияның толықтай емделетінін түсіндіріп, нәрестені алып қалуға тырысады. Еріннің немесе ашық таңдай жарақатымен туған балалардың 75%-ын­да басқа мүшелері толық сау болып ке­леді. Бұл дегеніміз, қазіргі заманғы медицинаның, атап айтқанда, дұрыс бағытталған емдеу жоспары, сондай-ақ әзірленген әдістер арқылы ақау толығымен жойылатынын көрсетеді.

Бұл дертпен күрескен балаға өсе келе ортаға бейімделу қиындау. Сызықтық деформация, көрінетін асимметрия ауыр әлеуметтік бейімделуге әкеледі. Егер оңалту жауапсыз болса және не­гізгі ота сауатсыз болса, онда, әрине, ба­лада комплекс пайда болады. Сол себепті өмір сүру сапасын өсу мен дамудың әр кезеңінде жақсарту қажет. Сондықтан әр балаға оңалтудың жеке жоспарын қолданған жөн. Мысалы, мектепке дейінгі баланы мүмкіндігінше эстетикалық және функционалды түр­де дайындау керек. Ең алдымен біз қоянжырық не қасқырауыз жарасы жұқ­палы емес, оның қоғамға келтірер еш зия­ны жоқ екенін түсінуіміз керек. Бүгінгі медицина бұл аномалияны то­лықтай жеңе алады және болашақта ба­ланың дамуына ешқандай кері әсерін ти­гізбейді. Халық арасында бұл диаг­ноз тек қана әлеуметтік жағдайы төмен отба­сылардың балаларына ғана тән деген қате түсінік бар. Ол мүлдем шын­дық­қа жанаспайды. Ол кез келген дерт секілді айтып келмейді.

Қазақстанда қоянжырық пен қасқырауыз жарасын мемлекеттік медицина орталықтарында тегін емдейді. Емдеу шаралары – екі сатылы, яғни жараның денсаулыққа келтіретін зиянын жою және эстетика жағынан да науқасқа кө­мектесу. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қа­ла­сында америкалық хирургтар Қазақ­станның әртүрлі аймақтарындағы 60-тан астам қазақстандыққа ақысыз түр­де пластикалық операция жасаған бо­латын. «Асыл бала» қорының меценаттары есебінен жүзеге асырылатын «Балалар – біздің болашағымыз» жобасы аясында астанаға Америка Құрама Штат­тарынан 12 дәрігер шақырылды. Жо­ғары білікті дәрігерлер қоянжырық және қасқырауыз жараларын толықтай жоғары дең­гейде емдеп шықты. Отандық дәрігерлер үшін бұл өте үлкен тәжірибе болды.

2018 жылдың соңында Сун-Чун-Хян және Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде отан­дасымыз Нұркен Елшібек өз дертін жеңді. Жеті айлық сәбиге медицина саласындағы әлемнің дамыған ел­дерінің рейтингінде жетекші орын ала­тын Оңтүстік Кореяның жетекші кли­никаларының бірі Сун-Чун-Хян жеке клиникасы көмек қолын созды.  Клиника барлық шығынды, оның ішінде жол жүру, баланы қарау және емдеу шараларын өз мойнына алды. Жасалған отаның жалпы құны 10 000 АҚШ долларын құ­рады. Кішкентай бөбек сәтті емделіп, елге оралды.

Осындай жобалар арқылы әртүрлі әлеуметтік сатыдағы ата-аналар өз сәби­лері үшін қуанады. Отбасылы, балалы боламын деген әр жұп жүктілікті жос­парламас бұрын, міндетті түрде генетик маманмен кездесіп, арнайы тексерістен өткені дұрыс. Егер әйел жүкті болса, дер кезінде дәрігерлерге қаралып, өзін күтіп, барынша дәрігерлердің айтқанын орындауы керек. Әлемде бұл патологияны бірден құрсақта дәрімен емдей алмаса да, қанша адам осы күнге дейін бұл аномалияны жеңді және өмірде өз жолдарын тапты. Осы дертпен ауырған әйгілі профессорлар, модельдер, кино және эстрада жұлдыздары және т.б. жетерлік. Әр адам өз жолын тапса, оған ешқандай да дерт кедергі келтіре алмайтыны анық. Қоғам болып осындай ерекше балаларды қолдап, барынша көмек жасау керек. Болашақта мамандар бұл патологияны түп-тамырымен жеңеді дегенге толықтай сенуге болады.

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20