Медицина • 16 Қаңтар, 2020

Кең ғимаратқа көшеді

96 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан бірер жыл бұрын ша­һардағы Жедел меди­ци­на­лық жәрдем ауруханасы №1 қа­лалық ауруханамен бірік­тірілген еді. Жергілікті жұрт БСМП деп атайтын ғима­раттың біраз бөлігі содан кейін қаңырап бос қалған-ды.

Кең ғимаратқа көшеді

Жақында облыс әкімі Даниал Ахметов қараусыз тұрған нысанды аралап көріп, ғимараттың бір бө­лігіне Өскемендегі Жұмыспен қамту ор­талығын көшіру керек­тігін айтты. Өйткені аталған орталықтың іші­нің тарлығы, әсіресе мүмкіндігі шек­теулі жандарға тым қолайсыз екендігі көптен бері сөз болып жүр. «Жұмыспен қамту орталығына барып, мекеменің жай-күйімен таныстым. Орталыққа келушілермен әңгімелесіп, олардың талап-тілек­терін білдім. Бұл жер аса маңыз­ды мемлекеттік мекеме болған­дық­тан, мұнда азаматтар үшін жай­лы жағдайлар жасалуы қажет. Келушілерге сапалы қызмет көрсе­тілуі керек. Бұрынғы аурухана ғима­ра­тын толық жөндеуге қаражат алда­ғы уақытта бөлінеді. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады», дейді өңір басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі Жұмыс­пен қамту орталығының қызметімен танысу барысында әлеу­меттік сала басшыларына ақ­пан айынан бастап өскемендік мүге­дектерге қажет жаялықтар мен қозғалыс құралдарын үйлеріне дейін жеткізіп беруді тапсырды. Қазір бұл санаттағы тұрғындар осы заттардың бәрін Жұмыспен қамту орталығына өздері барып алып жүр.

 

ӨСКЕМЕН