Парламент • 16 Қаңтар, 2020

Халық ұсынысы барынша ескеріледі

293 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұр­лан Нығматулиннің төраға­лығымен Палатаның жал­пы оты­рысы өтті. Жиын­да екі заң жобасы мақұл­данып, жа­ңа 16 заң жобасы жұмысқа алынды.

Халық ұсынысы барынша ескеріледі

Айта кету керек, депутаттар жаңа 2020 жылы алғаш рет жиналды. Осыған назар аударған Н.Нығматулин биылғы жыл әдеттегідей аймақтарды аралаудан басталғанына тоқталды.

«Барлық үш фракцияның депутаттары және Ассамблея атынан сайланған депутаттар облыс орталықтарына ғана емес, ау­дандарға, қалаларға, алыс ауыл­дарға іссапармен барды. Әрбір депутат жергілікті тұр­ғын­дар­ға елімізде, Мәжі­лісте атқа­рылып жатқан жұ­мыс жөнін­де баян­дап берді. Ай­мақтарда әлеумет­тік көмектің жаңа форматы, Ден­саулық сақтау кодексі, жұмыспен қамту туралы және тағы да бас­қа мәселелер көтерілді. Осы кез­десулерде ай­тылған барлық ұсы­ныстарды, пікір­лерді алдағы заң шығару жұмы­­сымызда ескереміз», деді Мәжі­ліс Төрағасы.

Палата спикерінің сөзіне қара­ғанда, қазіргі таңда Мәжілісте 61 заң жобасы жатыр. Осы сессияның аяғына дейін тиісті тапсырмаларды іске асыру үшін бірқатар маңызды заң жобасын мақұлдау керек.

Жалпы отырыста Мәжіліс со­ғыс жағдайы мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжатты қабылдау еліміздің қауіпсіздігіне төнетін қатерге жол бермеу үшін қажет.

Заң жобасының негізгі мақ­саты – мемлекеттің соғыс жағ­дайында жұмыс істеуі, бейбіт уа­қыт­та оған дайындалу мәселесін құқық­тық реттеу. Сондай-ақ құ­жат­та Президент өкілеттігін то­лық­тыру ұсынылып отыр.

 «Соғыс жағдайында жергілікті атқарушы органның өкілеттігін қарастырып, оларға «облыстың, республикалық маңызы бар қа­ла­ның, астананың қорғаныс кеңесін» құруға құзырет беру ұсынылады. Бұл ретте әскери басқару органы ретінде қорғаныс кеңестері со­ғыс жағдайында әрекет етпек. Олар тек соғыс жағдайында құры­лады, сондықтан Қарулы Күштер құрылымына кірмейді», деді осы заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста депутаттар «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы Ресеймен арадағы үкіметаралық келісімді ратификациялады. Бұл ке­лісімнің нәтижесінде Бай­қоңыр қаласының тұрғындары қолже­тімді, қымбат емес және экологиялық таза табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етілмек.

«Келісім «Байқоңыр» кеше­нін газбен қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін айқын­дауға бағытталған және тұтыну­шыларды сұйытылған мұнай газынан табиғи газға көшіруді көздейді. Бұған дейін Байқоңыр қаласын газбен, яғни сұйытылған мұнай газы немесе пропан-бутанмен жабдықтау үшін ресейлік «Газовое хозяйство» кәсіпорны жауапты болған», деді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Байқоңыр қаласына газ жеткізуді «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Сондай-ақ жабдықтау жүйе­лерінің қауіпсіздігіне жауап береді және шарт жасасу, ба­ға белгілеу, өнеркәсіптік қауіп­сіз­дік мәселелері Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

«Үкіметаралық келісімге сәй­кес, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға қала аумағында және «Бай­қоңыр» ғарыш айлағына табиғи газ жеткізу құқығы беріледі. Бұл қыз­мет ресейлік салық орган­дарын­да тіркелмей жүзеге асырыла­ды. Яғни, қосарланған салық салуға жол берілмейді. Келі­сімде Байқоңыр қаласының аума­ғында табиғи газды бөлшек сауда­да өткізу бағасы Қызылорда облысының газ тұтынушылары үшін Қазақстанның монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәйкес келуі тиіс деп бекітілген», деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Байқоңыр қаласы және Қызылорда облысындағы табиғи газдың бөлшек бағасының бір текше метрі жеке тұлғалар үшін – 18,6 теңгені, заңды тұлғалар және бюджеттік ұйымдар үшін бір текше метрі 18,9 теңгені құрап отыр.

«Байқоңыр қаласы тұрғындары тамақ әзірлеу үшін бір пәтер орташа есеппен 3-4 текше метр сұйытылған газ немесе шамамен 6-10 текше табиғи газ тұтынады. Табиғи газды қосқан жағдайда, тұрғындар осы көлемдегі газ тұтынғаны үшін 111-186 теңге төлейді. Бұл – сұйытылған мұнай газынан 16 есе арзан. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «Газовое хозяйство» кәсіпорнының бірлескен жұмысының нәтижесінде Байқоңыр қаласының барлық көпқабатты секторы, яғни 328 тұрғын үй, сондай-ақ 150 жеке үйдің 45-і табиғи газға қосылған», деді Н.Ноғаев.

Осы келісім тұрғындар үшін коммуналдық қызмет шығын­да­рын азайтуға мүмкіндік береді. Себебі сұйытылған газға қара­ғанда табиғи газдың құны айтар­лықтай арзан. Бұдан басқа, Бай­қоңыр қаласында газды бөлу инфра­құрылымы салыстырмалы түрде жаңа.

Сонымен қатар жалпы отырыста Мәжіліс 16 заң жобасын жұмысқа алды. Оның ішінде, Эколо­гиялық кодекс, асыл тұқым­ды мал шаруашылығы, мәдениет мәселелері бойынша, мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы басқа да өте маңызды заң жобалары қамтылған.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Ерлан Дауылбаевты Қазақстан Рес­публикасы Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі қызметіне тағайындады.

  «Ерлан Сламханұлы көп жылдар бойы әділет саласында жұмыс істеді. Орталық сайлау комиссиясы жүйесінде де қызмет етті. Соңғы уақытта Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болды», деді Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті төрағасы Нұрлан Әбдіров өз сөзін­де Е.Дауылбаев жоғары біліктілігі бар заңгер екенін атқарған жұ­мыс­тарында дәлелдегенін атап өтті.

Жалпы отырыс соңында бір­қатар депутаттар құзыретті ор­ган­дарға депутаттық сауалдар жол­дады.