02 Тамыз, 2013

Ресей Сноуденге уақытша саяси баспана берді

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сноуден

Ресей Федерациясы америкалық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге уақытша саяси баспана берді. Бұл туралы «WikiLeaks» твиттерінде мәлімденді.

Қорғаушы Анатолий Кучеренаның айтуынша, саяси баспана бір жылға ұсынылып отыр. Мәлімдеменің дәлелі ретінде қорғаушы Сноуден құжатының көшірмесін көрсетті. «Оның орналасқан жері қауіпсіздік мәселесіне орай құпияда сақталады», – деді Кучерена.

«Новости» агенттігінің ақпарына сүйенсек, Сноуден «Шереметьево» әуежайынан шығып, жалғыз өзі жол жүріп кеткен.

Эдвард Сноуден «Шереметьево» әуежайының транзиттік аймағында 23 маусымнан бері тұрып келген еді. Оның америкалық паспорты күшін жоюына орай, Сноуден әуежай аумағын кете алмады.

АҚШ билігі Ресейге Сноуденді өздеріне тапсыру жөнінде бірнеше рет өтініш білдірді. Алайда, Мәскеу оны қайтарған жағдайда қашқынды қинау мен өлім жазасы күтіп тұрғанын ескеріп, өтінішті орындамады.

Айдар Өрісбаев.