Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында жасы жетпістен асқан ардагерлердің қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы бүгіннен бастап шектелді. Бұл туралы AItaynews.kz хабарлады.
Бүгін Семей қаласындағы жолаушылар көлігінің кондукторлары автобусқа мінген ардагерлерге жол ақы төлеуді міндеттеді. Қарттар оның себебін сұрағанында, кондукторлар бір ауыз сөзбен бұрынғы жеңілдіктің күші жойылғанын мәлімдеді. Негізі, бұған дейін жекелеген кәсіпкерлер өз бастамаларымен жасы жетпістен асқан ардагерлерді тегін тасымалдау туралы шешім қабылдаған болатын. Енді сол уәделерінен тайқып отыр. Ардагерлердің орынды уәжі кейбірінің қытығына тиген болуы керек. Бізге келіп түскен соңғы ақпаратта жасы жетпістен асқан ардагерлер қала ішіндегі жекелеген маршруттарда 50 пайыз жеңілдікпен жүруге мүмкіндік алыпты.
Данияр Түймебай.