Экономика • 17 Қаңтар, 2020

Инвестициялар игілігі

605 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Егер еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жалпы инвестициялық жағдайына келетін болсақ, өткен жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 330 млрд АҚШ долларының тікелей шетелдік инвестициясы тартылды.

Инвестициялар игілігі

 

Инвестициялардың негізгі бө­лігі, яғни 50 пайыздан астамы – Еуро­­­па­лық одақ елдеріне тиесілі, со­ның ішінде Швейцария – 25,8 млрд, Фран­ция – 16,1 млрд, Италия – 8,7 млрд, Нидерланд – 90,4 млрд, Бель­гия – 7,6 млрд, Германия 5,2 млрд дол­­лар­дың инвестициясын әкелді. Аме­рика Құрама Штаттарына тіке­лей шет­елдік инвестициялардың 15 пайы­зы немесе 48,4 млрд доллары тиесілі. Инвестициялардың шамамен 5 пайы­зын Ұлыбритания мен ҚХР
салған.

Қазақстанда шетелдіктердің қатысуымен 19 мың заңды тұлға мен олардың бөлімшелері жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындардың 35,3 пайызы ресейліктер үле­сінде, 9,5 пайызы – түрік, 5,7 пайызы – өзбек, 5,6 пайызы – қытай, 3,1 пайызы неміс капиталының қа­тысуымен құрылған.

Finreview.info қаржылық шолу агенттігінің мәліметтеріне қа­ра­ған­да, соңғы 10 жылда ұлттық эконо­микаға салын­ған ше­телдік инвес­тициялар мөлшері 250,2 миллиард дол­ларды құ­раған. Демек, инвес­ти­цияның ірі көлемі елімізге соңғы он жылда кірген. Аталған үрдіс Қа­зақстан­ның инвестициялық сая­сатының тиімділігін көрсе­теді. Ел тарихында инвести­ция­лардың ең үлкен мөлшері 2012 жылы болған екен. Сол жылы құйылған тікелей шетел­дік инвестиция көлемі 28,9 мил­лиард АҚШ долларын құраған. Ал 2011 жылы – 26,5 мил­лиард доллардың, 2017 жылы 20,8 миллиард доллардың, 2018 жылы 24,3 миллиард доллар­дың инвестициясы құйыл­ған. Айта кетейік, мұндағы дерек­тер негізінен еліміздің статис­ти­калық органының мәлімет­терімен сәйкес келеді.

Сонымен Қазақстан тәуел­сіз­дік жылдарында инвестициялық тұрғыдан өзіміз орналасқан өңірдегі ең тартымды елдердің біріне айналды. Мәселен, Орталық Азияның ба­уырлас әрі көршілес төрт еліне келген инвестициялардың жиынтық көлемі бір Қазақстанға келген инвестицияға жетпейді.

Дегенмен, соңғы жылдары әлем бойынша инвестициялар ағыны­ның азаюы, әсіресе дамушы елдерге келіп жатқан тікелей шетелдік инвес­ти­циялық қаржылардың төмендеуі, санкциялар соғысының өріс алуы біздің жағдайымызға да кері әсерін тигізбей қалған жоқ.

Өткен жылдың басында Қазақстанға келіп жатқан инвестициялар ағымының төмен­дегені туралы мәліметтер тараған еді. Осыған орай, Премьер-Министрдің тап­сырмасымен арнайы жұмыс тобы құ­рылып, оның ұсыныстары бойынша инвестициялық саясатты одан әрі же­тілдіру бағытында тиісті қаулы қа­былданған болатын. Нәтижесінде елі­­мізде инвесторларға «бір терезе» қа­ғидаты бойынша қызмет көрсету орта­лы­ғы жұмыс істей бастады. Бұл саладағы жұ­мыстарды бір ізге салу үшін осыған дейін шеттен инвестициялар тарту ісі­мен шұғылданып келген «Kazakh Invest» акцио­нерлік қоғамы Астана халық­ара­лық қаржы орталығының әкім­ші­лі­гіне сенімді басқаруға берілді. Жо­ба­лар­ды қалыптастыру мен сүйе­мел­деу­дің бір­ыңғай ақпараттық жүйесін құру («Жо­ба­лар фабрикасы»), замана­уи цифрлы тех­нологияларды енгізу мен виза және көші-қон режімін одан әрі ырық­тан­дыру, тағы басқа мәселелер жөнінде жұ­мыстар жүргізілді.

Әрине, мұның барлығы өткен жыл­дың басында жүзеге асқан жұ­мыс­тар. Енді міне, елімізде ірі саяси оқиға­лар­ға толы болған 2019 жылды да қоры­тын­­дылап, 2020 жылдың, яғни он екі жыл­­дық жыл қайырымының басы сана­латын тышқан жылының бетін аштық. Ендеше ел экономикасының үлкен демеуші күшіне айналған инвестиц­ия­­лар жөнінде өткен жылды қалай қо­ры­­тындыладық, айтылған олқылықтар мен кемшіліктерден қорытынды шығара алдық па, инвестициялардың төмендеуі се­кілді қатерлі құбылыс еңсерілді ме деген сұрақтардың бас көтеретіні анық. Мұндай маңызды мәселеге жауап беру арқылы, бір есептен алғанда, биылғы жыл­дың экономикамыз үшін қалай өте­тін­дігі туралы да ептеп болжам жасауға бо­лар еді.

Осы сұраққа жауап іздеу мақса­тын­­да әуелі еліміздің Ұлттық эконо­мика министрлігіне қарасты Статис­ти­ка комитетінің сайтына кіріп көрген едік. Сонау тәуелсіздік жыл­да­рының басынан әр жыл бойынша берілген «Не­гізгі әлеуметтік-эко­но­ми­калық көр­сет­кіштердің серпіні» бөлі­гінде Қа­зақстанның ұлттық эконо­ми­ка­сын­дағы негізгі капиталға салынған инвестиция­лар көлемі 2018 жылы 32 мил­лиард 430,3 миллион долларды, ал 2019 жылы 32 миллиард 778,5 миллион долларды құрағаны келтіріліпті. Ал тікелей шетелдік инвестициялар бойын­ша 2018-2019 жылдардың деректері жа­зыл­маған екен.

Сонан кейін Қазақстан мүше болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысшы органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтына кірдік. Мұндағы деректер негізгі капиталға салынған инвестициялар жа­йында екен. Осы бойынша айтсақ, 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларын­да Еуразиялық экономикалық одақ бо­йынша 209,5 миллиард доллардың ин­вестициясы игерілген. Бұл 2018 жыл­дың осы мерзіміндегі көрсет­кіш­тен қол­да­ныстағы баға бойынша 1,9 пайызға жо­ға­ры.

Соның ішінде Армения 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 523 миллион доллардың (2018 жылдың қаңтар-қыр­күйек айларымен салыстырғанда 104,4 пайыз), Қырғызстан – 1 миллиард 290,2 миллион доллардың (105,5 пайыз), Беларусь – 9 миллиард 080,9 миллион доллардың (104,3 пайыз), Қазақстан – 22 миллиард 492,6 миллион доллардың (109,7 пайыз), Ресей Федерациясы –176 миллиард 098,1 миллион доллардың (100,7 пайыз) инвестицияларын игерген.

Көріп отырғанымыздай, одақ құра­мын­дағы бес елдің ішінде бәрінен де Қаза­қстан игерген инвестициялардың өсім қарқыны жоғары. Ол 2019 жыл­дың қаңтар-қыркүйек айларында 2018 жыл­дың осы мерзіміндегі көр­сет­кіш­тен 9,7 пайызға асып түсіп отыр. Мұның өзі 2019 жыл басындағы жағ­дай­мен салыстырғанда соңғы айларда инвестициялардың келу қарқыны арт­қа­нын, жағдайдың түзелгенін білдірсе керек.

Оның үстіне, жоғарыдағы көр­сет­­кіштер 2019 жылдың қаңтар-қыр­кү­й­ек айларында одақ бойынша иге­ріл­­ген 209,5 миллиард доллар инвес­тиц­ияның 84,1 пайызы – Ресейге, 10,7 па­йызы – Қазақстанға, 4,3 пайызы – Беларусь Республикасына, 0,6 пайызы – Қырғыз Республикасына, 0,3 пайызы – Арменияға тиесілі екенін білдіреді. Негі­зінде Ресей экономикасының көлемі біз­ден он есе үлкен. Табиғат байлығы, соның ішінде көмірсутегі қорлары мол, өңдеу өнеркәсібі де жақсы дамыған. Соған қарағанда бұл елдің игерген ин­вес­тицияларының көлемі де бізден ке­мінде он есе артық болса керек-ті. Бірақ жоғарыдағы фактілер қазіргі жағдайдың олай еместігін, Ресей игерген ин­вестициялардың көлемі 7,8 есе ғана артық екенін көрсетіп отыр. Мұның өзі Қа­зақстанның одақтас елдер арасында инвестициялық тұрғыдан әлі де мығым екенін білдіреді. Міне, осы іске Қазақстандағы құрылыс ісінің жан­дан­уы­ның әсері бар екенін айта кетсек, артық болмас.

Біз жоғарыда еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің «Негізгі әлеуметтік-эко­но­микалық көрсеткіштердің серпіні» бөлі­гінде көрсеткен мәліметі бойынша Қазақ­стан­ның ұлттық экономикасындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2019 жылы 32 миллиард 778,5 миллион долларды құрағанын кел­тірдік. Ал Еуразиялық экономикалық комис­сия­ның дерегі өткен жылдың 9 айында (қаңтар-қыркүйек айлары) Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 22 миллиард 492,6 миллион доллар болғанын көрсетіп отыр. Сонда соңғы үш айдың ішінде елімізде 10 миллиард доллардың инвестициясы игерілгені байқалады. Бәлкім, бұл рас та шығар. Өйткені еліміздегі Теңіз кеніші секілді ірі жоба кеңейтілу үстінде. Ше­телдіктердің қатысуымен жүзеге асып жатқан басқа да үлкен жобалар бар­шылық. Осыған қарағанда өткен жыл­дың соңғы тоқсанында еліміздегі инвес­ти­циялық белсенділік деңгейі едәуір дәре­жеде арта түскен болуы керек.

Оның үстіне, AERC (Қолданбалы эко­номиканы зерттеулер орталығы) бас­қа­рушы директоры Олжас Төлеуов­тың мәліметінше, өткен жылдың соңында Қазақ­станға капиталдың кетуінен келуі басым түскен. Яғни, 2019 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан 3 мил­лиард АҚШ долларының қаржысы әке­тілсе, екінші тоқсанда бұл ағым ба­рынша төмендеп, 749 миллион доллар­ды құраған. Ал үшінші тоқсанда ка­пи­талдың келуі оның кетуінен 1,029 мил­лиард долларға басым түскен. Еліміздің корпоративтік секторы­на
2,5 млрд доллардың капиталы келген. Бұл қаржы корпоративтік секторға келіп отыр­ғандықтан оның да инвестициялық белсенділіктің артуына әсері болуы әбден мүмкін. Өйткені қазіргідей нарық заманында ақшаның ұйықтап жатпайтыны түсінікті.

Ал тікелей шетелдік инвестицияларға ке­ле­тін болсақ, Еуразиялық эконо­­ми­калық комиссия сайтынан 2019 жыл­­дың қорытындысы бойынша бұл туралы деректі кездестіре алмадық. Де­ген­­мен 2018 жылдың қорытындысы ту­ралы әзірленген Статистикалық бюл­ле­тень­де­гі мына бір дерек назар аудартты: онда жан басына шаққандағы тікелей ин­вестицияның көлемі 2018 жылдың қоры­тындысы бойынша Қырғызстанда – 830, Беларусь Республикасында – 1378, Арменияда – 1859, Ресейде – 3400 доллардан айналғанда, Қазақстанда – 8708 доллардан келгені көрсетілген екен.

Сонымен қорыта айтқанда, Қазақ­ст­ан өңірдегі және Еуразиялық эконо­ми­калық одақтағы инвестициялық тартымды ел ретіндегі өз орнын сақтап келеді. Әлем елдерінде инвестициялық қар­жы ағымының бәсеңдеуіне, бұл жағдай дамушы елдер экономикасына едәуір қиындықтар тудырғандығына қарамастан, Қазақстан өткен жылдың басында бұл жөнінде қосымша шара­лар қабылдау нәтижесінде жылды салыс­тыр­­малы түрде айтқанда едәуір табыспен қо­рытындылады, осы­ның нәтижесінде жыл соңында инвес­ти­ция­лық қаржының келуі мен игерілуі едәуір дең­­гейде арта түсті деп айта аламыз. Бұл жағ­дай үстіміздегі жылы ұлттық эко­но­ми­ка­мыздың одан әрі дамуына қо­сым­ша сер­пін беруі тиіс.

Оның үстіне, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен еліміздің қаржы жүйесінде бірқатар құрылымдық өзге­ріс­тердің жүзеге асқаны, соның ішінде Пре­зидентке тікелей бағынатын Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнінде агенттік құрылғаны белгілі. Бұл жаңалық қаржы сала­сын реттеуге, инвестициялық тұрақ­ты­лықтың сақталуына дем береді деген сенімдеміз.