Экономика • 17 Қаңтар, 2020

Қымбатшылық пен сауда үй бағасына әсер ете алар емес

311 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр отандық құрылыс заттары айтарлықтай қым­бат­тамағанымен, импортталатын құрылыс материалдарының бағасы әжептәуір өсті. Нарықтағы сауда да қарқын алды. Дегенмен, бұлардың ешбірі биыл тұрғын үй нарығындағы бағаны өсіре алмайды.

Қымбатшылық пен сауда үй бағасына әсер ете алар емес

Доллар бағамы құрылысты қымбаттатты

Былтыр құрылыс құнының қым­баттауына сырттан әке­лінетін өнімдердің айтарлықтай қым­баттауы түрткі болды. Ста­тистика комитетінің мәлі­меті­не сүйенсек, былтыр импортталған құрылыс өнім­дері­нің бағасы 7,8 пайызға қым­­баттаған. Оның себебі де түсі­нікті, 2018 жылы доллардың құны жыл басында ша­мамен 320 теңгеден 370 теңгеге дейін бір­­­тін­деп қымбаттады. Орташа бағам 340-350 теңге десек, был­тыр­ғы бағам 385 теңгенің айна­ласында, са­лыстыр­малы түрде тұрақты сақ­­талды. Шетел валю­­тасының ша­ма­мен 10 пайыздан астам қым­­баттаған кезінде шетелден келе­­тін құрылыс заттары баға­сының 7,8 пайыздан астам өсуі орынды.

Ал отандық құрылыс зат­тарының баға­сы импорттық заттар секілді қымбат­тамағанымен, жеке­леген секторларда айтар­лықтай қымбатшылық байқа­лады. 2019 жылғы жалпы құры­лыс құны 1,6 пайыз ғана өссе, со­ның ішінде құрылыс-монтаж жұ­мыстары 0,5 пайызға, машиналар мен жабдықтар 3,9 пайызға, өзге де жұмыстар мен шы­ғын­дар 4,1 пайызға қымбаттаған. Ал ма­териалдар, бөлшектер және конструкциялар бағасының өсімі 0,8 пайызды құрады. Олифа 2,8 па­йыз, әк және тауарлы бетон 0,8 пайыз қымбаттады. Есесіне сым мен арматура 0,9 пайыз, би­тум 0,8 пайыз, табақты шыны 0,5 пайызға арзанда-
ған.

Елордада нарық «толып қалды» ма?

Ұлттық экономика министр­лігінің мәліметіне сүйенсек, был­­тыр он екі айда республика бо­йынша 320 012 баспана сау­даланған. Соның ішінде жыл со­ңы­на қарай көрсеткіш қар­қын алды. Сарапшылардың пікі­рінше, егер осы қарқын сақталатын болса, биылғы баспана саудасы был­тырғыдан анағұрлым көп болмақ. Оған алғышарттар да жоқ емес. Ал былтырдың өзінде жылжымайтын мүлік саудасы алдыңғы жылдағыдан 21 пайызға өскен.

Өңірлерге тоқталар болсақ, Ал­ма­ты қаласы мен Алматы облы­сын­­да халық баспана нары­ғы­ның көр­ігін қыздырып отыр. Оңтүстік аста­­нада саудаланған баспана саны алдыңғы жылдағыдан 35,2 па­йызға өссе, облыста сауда кө­лемі 33,2 пайызға ұлғайған. Сұ­ра­ныс пен ұсыныс бірін-бірі оңтайлы тауып отырған бұл ай­мақ республика бойынша баспана бағасын жоғары көтеріп тұр десек артық айтқандық емес. Соңғы бірер жылда Қызылорда облы­сында да баспана саудасы көбейе бастады. Өңірдегі сау­да алдыңғы жылдағымен са­лыс­­­­тыр­ғанда 34 пайызға өсіп­ті. Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында да көрсеткіш республикалық ор­та­ша көрсеткіштен жоғары. Шамамен 20-25 пайыз ара­лы­ғын­да өскен. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында сауда тым құл­дыр­амағанымен, рес­пуб­ли­ка­лық орташа көрсеткіштен төмен, 10-20 пайыз аралығында ғана өскен. Маңғыстау облы­сын­да тіпті көрсеткіш дәл был­тыр­ғы­дай, мүлде өзгермеген.

Елордадағы баспана саудасы­на келер болсақ, бұрынғыдай емес, Нұр-Сұлтан қаласында сау­да жыл санап бәсеңдеп келе жатыр. Былтыр сауда көлемі ал­дың­ғы жылмен салыстырғанда бар бол­ғаны 9 пайыз айнала­сын­да өс­кен. Нарықтың көлемі мен рес­публикалық көрсет­кіш­тің 20 па­йыздың үстінде екенін және мем­ле­кеттік бағ­дар­­ламалардың дені елор­дада шо­ғыр­ланғанын ескерсек, бұл тым төмен көрсеткіш. Баға­ны қымбатсынуы мүмкін дейін десек, Атырау, Алматы қала­­ла­­рын­дағы көрсеткіш жыл санап көбей­­ме­се, азаяр емес, соған қара­ған­да елор­даға көшіп келіп жатқан ха­­лық­тан салынып жатқан үйлер көп секілді.

 Нарықта үйдің қымбаттауына нақты алғышарт жоқ

Статистика комитетінің мә­лі­­метіне сүйенсек, былтыр жаңа үй­лер 6,4 пайыз, қай­та­­­лама на­рық­та­ғы абаттан­ды­рылған үйлер 6,2 пайыз, абат­тан­ды­рыл­маған үйлер 5,7 пайызға қым­бат­тапты. Орташа есеппен, 2019 жылы үй бағасы 6 па­йыз­дың үс­тінде қымбаттады десек және был­тырғы инфляцияның 5,8 пайыз болғанын есепке алсақ, жыл­жымайтын мүлік нарығы тоқы­рап тұр деп айтуға болады. Сау­даның 20 пайыздан артық кө­бей­генінің өзі бағаны аз да болса өсіре алмағанға ұқ­сайды. Оның себебі әртүрлі.

Біріншіден, жоғарыда атал­ған­­дай, қайталама нарықтағы үй­лерге қарағанда жаңа үйлердің ба­ға­сы көбірек қымбаттаған. Демек, сау­да негізінен жаңа үй­лер­­дің есе­бінен өсіп отыр. Қай­та­ла­ма нар­ықтағы үйлер жаңа үй­лер нары­ғындағы бағаның өсуі­мен ғана, жанама ықпалымен ғана қымбаттап келеді. Ал жаңа үйлер­дің саудасы ең алдымен 7-20-25 секілді мемлекеттік бағ­дар­ламалар есебінен өсіп отыр. Басқа салалар секілді жылжы­май­тын мүлік нарығы да мем­ле­ке­ттік қолдау арқылы өзін-өзі ұстап тұр деген сөз.

Екіншіден, былтыр ипотека нарығы бар болғаны 2,9 пайызға өсіп, 1,69 трлн теңгеге жеткен. Екінші деңгейлі банктердің несие портфелі былтыр 7,2 пайызға өскенін ескерсек, ипотекалық қарыз портфелінің 2,9 пайызға өсуі нарықтың кері кеткенінің көрсеткіші. Оның үстіне үй бағасының шамамен 6 пайызға қымбаттағанын есепке алсақ, ипотекалық қарыздың көлемі 3 пайыздан аса азайып кеткенін байқаймыз.

 Халықтың төлем қабілеті жетпейді

Биыл үй бағасы өседі деген алып-қашпа әңгімеге әзірге на­­рық­та нақты алғышарт бай­қал­май­ды. Доллардың қым­бат­тауы биыл былтырғыдай 10 пайыздан аспауы тиіс. Мем­ле­кеттік бағ­дар­ла­малардың кө­беюімен сұраныс артып, ба­ға­ны көтеруі ықтимал десеңіз, сауданың 20 пайызға дейін ұл­ғаюы бағаға әсер ете алмағанын бай­­қадық. Өйткені мемлекеттік бағ­­­дарла­ма­лар жекелеген топ­тар­ға көр­се­­тілетіндіктен, онда на­рық­тық бәсекелес болмайды. Үй­дің бағасының қымбаттауына жалғыз алғышарт – жалпы инф­ля­­ция. Ал оның шамамен 5-6 пай­ыз­­дық дәлізде болатыны белгілі. Үй бағасы да биыл шамамен осы көлемде ғана қымбаттауы ық­ти­мал. Жалпы, үй бағасының қым­баттауына нақты алғышарт жоқ екенін экономист Меруерт Мах­мұ­това да дәйектейді.

«Менің ойымша, үй баға­сы­ның ары қарай өсуіне ешқандай себеп жоқ. Баспана қымбаттауы мүм­кін деген компания құрылыс компаниялары мен риэлторлардан шығып отыр. Сұраныс бар, бірақ халықтың төлем қабілеті төмен. Халықтың табысы тоқы­рап, азық-түлік қымбаттап жатыр. Ал бұл үйден де маңызды мәселе. Халықтың ұзақмерзімді инвестиция салатындай артық ақшасы жоқ. Зейнетақы қорындағы қара­жа­ттың бір бөлігін үй алуға жұ­мсау идеясын ең алғаш қара­ған­дылық құрылыс компаниялары 2019 жыл­дың шілдесінде көтер­ген. Мен сол кезде бұл идея­ның болашағы жоқ екенін БАҚ өкілдеріне айт­қан­мын. Салымшылардың тек 0,9 пайызында ғана жеткілікті жи­нақ ақшасы бар. 70 мың ер адам 8 млн теңгеден артық ақша жинады. Әйел адамдардың тек 20 мыңы ғана 10 млн теңгеден артық ақша жинап үлгерген. Ал олар – қалталы азаматтар, менің ойымша, үйге соншалықты мұқтаж емес. Қазір көрсеткішті аздап тө­ме­­ндетіп, ер адамдарға 6,5 млн теңгеге, әйелдерге 9,6 млн теңгеге азайт­ты. Алайда жалпы жағдай­ды бұл өзгерте қоймайды. 10,5 млн са­лымшының тек 1 пайызы ғана осы талапқа сай келеді. Бұлар баспана нарығына «сер­пін» бере қоймайды», дейді М.Махмұтова.