Таяуда Атырау облысындағы №157/1 тергеу абақтысында отырғандардың туысқандары мен қорғаушылары шу шығарды. Түрме ішіндегі кезекті тексеру шарасына келіспеген тұтқындар өздеріне қол жұмсауға дейін барды. Осыған орай түсінік берген облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша, тергеу абақтысында отырғандар арасынан 1 айыпталушы өз ішін өзі жарған, ал 7 тұтқын қолдарының тамырын кесіпті. Жарақат алғандардың барлығына шұғыл медициналық жәрдем көрсетілген. Г.Мұхтарованың мәлім етуінше, соның алдында тергеу абақтысында кезекті тексеру жүргізілген. Тексеру барысында түрме ережесіне сәйкес келмейтін көптеген заттар табылып, тәркіленген.
– Кезекті тексеру кезінде тұтқындардан ұшталған, кесетін түрлі заттар, ұялы телефондар, тіпті, 2,5 литрлік ыдысқа қолдан ашытылған спиртті ішімдік, яғни «брага» табылды. Ережеге сәйкес келмейтін заттардың бәрі тәркіленді. Ал тұтқындарға зәбір көрсетті, ұрып-соқты деген дерек жалған, – деді Гүлнәзира Мұхтарова.
Жолдасбек Шөпеғұл,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.