Руханият • 17 Қаңтар, 2020

«Әділет, шапқат кімде бар...»

2352 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жастар жылы жемісін бере бастады. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік кадр резервіне іріктелген, електен өткен, жүзден жүйрік шыққан жігерлі жастарды Ақордаға арнайы шақырып, пікір­лесті. Бұл жүздесуден болашақта ел билі­гіне араласатын жастардың қанаттанып әрі жауап­кершілік жүгін арқалап шыққаны анық.

«Әділет, шапқат кімде бар...»

Елімізде тәуелсіздік жылдарында мемле­кеттік басқару ісінің барлық институты қалып­тасты, орнықты. Сол себепті, жұрты­мыз­дың «жақсыдан әкім қойса, елді түзе­теріне, жаманнан әкім қойса, елді жүде­теріне» шүбә келтірмей, жас та болса бас болып жүрген жаңа буынның қадамынан жаңа­лық күтетіні рас.

Міне, мемлекеттік басқару ісінде жаңа кезең, жасару кезеңі басталды. Сондықтан алапат қажыр-қайрат пен бітім-болмысты ел пайдасына жұмсауға таптырмас тамаша мүмкіндік беріліп отыр. Мұндай сәтті қалт жібермеу ел мен жерге жаны ашитын азаматтың арының алдындағы абыройлы парызы деп білген абзал. «Ақылды басшы алдырмас» дегендей, жаһан жұдырықтай жұмылып, күллі дүние бір-біріне жақындай түскен жаңа ғасырдың көптеген сын-қатерлеріне жұртымызды жұтылдырмай алып шығу жаңадан басқару ісіне келіп жатқан жастардың еншісіне де ортақ.

«Единица кеткенде, не болады өңшең нөл» деп ақын айтқандай, елді өсіретін де, өшіретін де басшы екені белгілі. Көктем гүлдің бағын ашса, көсем елдің бағын ашады. Көптен озған көргені жақсы жол бастайды. Бұл ретте жауапкершілік жүгін арқалаған жастың жан торсығында билік баспал­дағынан бұрын бұқараның қамы жүруі тиіс.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтарсынұлы бір ғасыр бұрын «Миллетке қызмет – жүмлеге міндет» деген екен. Бүгінгі тілмен айтқанда «Ұлтқа қызмет – баршаға міндет». Президенттің «Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды» деген сөздері осы ордалы ойдың жалғасындай болып шықты. Расында «мемлекеттік қызметші – халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі!» Дәлірек айтқанда, мемлекеттік қызметші – мем­лекеттің, ұлттың, халықтың қалтқысыз қыз­метшісі. Аманатқа қиянат жасап, өзіне ар­тылған сенімге селкеу түсіріп жүргендер осы сөзден қорытынды шығарса екен, шіркін!  

 Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарға арнаған сөзінде Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін келтірген екен. Бұл мінездің Абай «отыз тоғызыншы сөзде» айтқан «жұрттың жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысатын» елшілдік қасиет пен «ат аталып, аруақ шақы­рылған жерде араздыққа қарамай жа­нын салатын намысқорлық» арқылы қалып­та­са­тыны анық. Абай айтқан «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым» сияқты бес асыл іс­тің де бекзат болмысты, мінсіз мінезді то­лық­тыратын ізгі қа­сиет­тер екеніне дау жоқ. Сондықтан Абайдың «толық адам» тұжыры­мы кез келген мемлекеттік қызмет­кердің жа­зылмаған кодексіне айналуы қажет-ақ.

Абай адастырмайды, ол – Алашқа айна! Сондықтан қазаққа ес кіре бастаған сайын Абайдың сөзі жақыннан естіле бастайды! Бұл ретте жаңа іріктелген жас кадрлар ұлы ойшыл айтқан «арқаға ұлық қаққанға, шенді шекпен жапқанға мәз болатын пысық, болыстай оқалы тонға ар-ұятын сатпайды» деп сенеміз.

Осы орайда ойға бір тәмсіл оралып отыр. Осман мемлекетінің негізін қалаған Осман ғазы бата сұрай келгенде Әдебали әулие оған:

«Ұлым, енді Бексің!

Бұдан кейін ашу – бізден; сабыр – сізден...

Ренжу – бізден;  көңіл аулау – сізден...

Кінәлау – бізден; төзу – сізден...

Жаңылу – бізден; кешіру – сізден...

Жанжал – бізден, әділет – сізден...

Бөліну – бізден; біріктіру –  сізден...

Еріну – бізден; қанаттандыру – сізден...

Осы жолда жүгіңді жеңілдетер күш-қайрат, ақыл мен жүрек тілеймін», деген екен. Жеті жүз жыл бұрын айтыл­ған осы өсиетті бүгінгі мемлекеттік қыз­мет­кер­лердің де қаперінде ұстағаны жөн сияқты. Данышпан Абайдың «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген өнегелі сөзі де осымен үндесіп жатыр. Ең бастысы, билік бас­палдағында бағын сынағысы келгендер кемеңгер айтқандай, айнымайтын асыл адамдай қара қылды қақ жарған әділет пен елге деген мейірім-шапқаттан айырылмаса екен деп тілейміз!

Иә, «біз елді, ұлтты Абайша сүюді үй­ренуіміз керек!»