Тәуелсіздік күрескері хан Абылайдың 300 жылдығына орай облыс аумағында түрлі шаралар ұйымдастырылып, мерейтойдың дүбірі күн өткен сайын жақындай түсуде. Мұнда жергілікті азаматтардың жеке үлестері де молынан байқалады. Жуырда Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің Абылай хан тойын өткізудегі тың ұсыныстары мақұлданса, ақын, сазгер, әнші Иран сал Тасқара «Тәуелсіздіктің көк туы» атты кантатаның либероттасын жазып, қайырымдылық концертін өткізді.
Кантатаның сәтті шығуына атсалысқан облыстық мәдениет басқармасы мен Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінің ұжымы, соның ішінде колледж директоры Қайырлы Сәрсенбаев, директордың орынбасары, сазгер Танзип Есіркепов, хормейстер Асылтас Балапайқызы, дирижер Тұрлықожа Базаровтың еңбектері ерекше. Туынды Абылай ханның «Шаңды жорық» күйімен қуаттана түскен. «Тәуелсіздіктің көк туы» кантатасының әуендері, күйлері қазіргі күні интернет желілерінде тарап, қалың жұртшылық тамашалауда. Алдағы уақытта батыр бабамыздың мерейтойында зор шабытпен орындалмақшы.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
КӨКШЕТАУ.