03 Тамыз, 2013

Биік сатыдан құлады

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АтырауАтырау облысының Жылыой ауданы аумағындағы «Теңіз» кенішінде екі жұмысшының 5 метр биіктіктегі сатыдан құлағаны белгілі болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиға «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының игеруіндегі алып кеніште орын алған. Бірлескен кәсіпорынның ұзақ жылдардан бергі тұрақты мердігерлерінің бірінен саналатын «Денхолм Жолдас» ЖШС-нің екі жұмысшысы КТЛ-2 қондырғысындағы құрылыс сатыларын бұзу барысында 5 метрлік биіктен құлаған.

Жарақат алған жұмысшылар алдымен «Теңізшевройлдың» емханасына, кейіннен тікұшақпен Атырау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Қазір олардың бірі жан сақтау бөліміне жатқызылды. Ал «жабық бас сүйек-ми жарақаты және омыртқаның зақымдануы» диагнозы қойылған екінші жұмысшыға нейрохирургия бөлімінде дәрігерлік ем-дом көрсетілуде.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.