Өткен ғасырда артына ұлағатты ұрпақ, өнегелі іс қалдырған Жылыой өңірінің мақтанышы, ауылшаруашылық қызметінің майталман ұйымдастырушысы, іскер басшы, Социалистік Еңбек Ері, ауданның Құрметті азаматы Сәли Шәкірова 1919 жылы Жылыой ауданы, Ембі ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді.
Өткен ғасырда артына ұлағатты ұрпақ, өнегелі іс қалдырған Жылыой өңірінің мақтанышы, ауылшаруашылық қызметінің майталман ұйымдастырушысы, іскер басшы, Социалистік Еңбек Ері, ауданның Құрметті азаматы Сәли Шәкірова 1919 жылы Жылыой ауданы, Ембі ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді.
Туған ауылында еңбек жолын 15 жасында қатардағы жұмысшыдан бастайды. 1938 жылы 19 жасында ұжымшарда қой фермасының меңгерушісі болып тағайындалады. Тектілігіне сай апайдың мінез-құлқы ерекше салиқалы, сабырлы, әдепті, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алады. Сөйтіп, ұжымшарда қой фермасының меңгерушісі бола жүріп көптеген қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Сүйген жары Үрім де оқыған білікті жігіт. Ұжымшарда есепші болады. Сәли Амангелді атындағы ұжымшардың ірілендірілген қой мен жылқы фермасының меңгерушісі болып жоғарылатылса, Үрім ауылдық кеңестің хатшысы болып сайланды.
Үлкендердің үлгісін, саңлақтардың сабағын алған Сәли кейінгі өсу жолдарында, биіктеу баспалдақтарында адам бағасын, өмір мәнін, заман заңын саралайтын, ел үмітін ақтайтын, жақсылық пен жаңалықты жақтайтын, жұрт мақтайтын тура, тұрлаулы, көпшіл, қамқор басшы болды.
1942 жыл. Қаңтар айы, қақаған қыс. Ұлы Отан соғысы кезі. Шәкір ақсақалдың қос ұлына – Үрім мен Түрікпенбайға да шақыру қағазы келді. Ана аңырап, бауырлар бебеуледі, сүйген жар Сәли зар жылады... «Жылама, анашым. Әлі-ақ аман-есен келерміз. Бір-біріңе ес болғайсыңдар. Келінің Сәли саған аманат, анашым», деді Үрім. Дәл осы сәтте Сәлидің бойын толғақ қыса бастады. Енесі Мияш келінінің белін ұстауы мұң екен, сәби шыр етіп түсе қалды. «Уа, сүйінші! Үрім, ұлды болдық, атын өзің қойып кет», деп шуласты жеңгелері. «Ұлымның аты – Играим болсын», деді Үрім.
Елдегі ер азаматтар, қолына мылтық алып, қан майданға аттанып кеткенде ауылда қалған қыз- келіншектердің еңсесі түспей, мылтықсыз еңбек майданының сан саласында аянбай еңбек етіп, қан майданда соғысып жатқан жауынгерге атқарған жұмысымен, еңбегімен қолдау көрсетіп, жеңіс күнін жақындатқандары ақиқат шындық.
Сол әйелдердің мылтықсыз еңбек майданы жауынгерлерінің Жылыойдағы ұйымдастырушысы Сәли Шәкірова бола білді. Сәли апа басқарған фермадағы әйелдерге көбірек жұмыс жасауға тура келген. Шынында, күндізгі қоғамдық жұмысқа қоса әскердегі, яғни майдандағы жауынгерлерге арнап азық-түлік, жылы киім-кешек дайындаумен шұғылданды.
Арық қазамыз, шөп шабамыз, қырман басамыз, егін саламыз, дейді Сәли апай. Сонда Сәли апайдың қарауындағы әйелдер тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайтындай болып көрінді маған. Талапшыл, қамқоршы жетекші Сәли апайдың ерен еңбегін қарауындағы әйелдер жете түсініп, орынды бағалап, ынтымақты, тату-тәтті, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп еңбек еткендері сүйсінерлік. «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін, жоқшылық деген кесірді, жермен жексен ететін», деп халқымыз қалай тауып айтқан десеңші. Қасиетті Кең Жылыойдың асыл қызы, шып-шып тамған маңдай терін төге жүріп, ер-азаматтармен иық тірестіріп, ондаған медальдармен, одақтық, республикалық, облыстық құрмет грамоталарымен марапатталса, әр жылдарда ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің депутаты, партия конференциялары мен съездерінің делегаты, аудандық партия комитетінің мүшесі болды.
Сонау 1938 жылдан бастап, соңғы демі таусылғанша өзі туған қасиетті Кең Жылыойда үздіксіз еңбек етіп, басшылық жасап, Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызын өңіріне қадады. Еңбек пен бақыт бір-бірімен қатарлас жүретініне, оның қадірі мен қасиетін түсінгеннің мәртебесі өсетініне осы бір қарапайым қазақ әйелінің өмірі арқылы анық көз жеткіземіз. Құдай берген жалғыз ұлы Играимді әкесіз бақты, өсірді, оқытты, азамат қылып жеткізді. Сәли апай Играимнен жеті немере сүйген бақытты әже атанды.
Түйінін айтар болсақ, Сәли апайдың есімі ескерусіз қалмаса екен. Бұл Сәли апай үшін емес, оның артында қалған елі үшін, Кең Жылыой халқы үшін, болашақ ұрпақтары үшін керек.
Нұрмұхаммед