Жыл басынан бері бұл елде тыныштық жоқ. Ақпан айындағы айқастан кейін премьер-министр Бойко Борисовтың үкіметі отставкаға кетсе, енді оның орнына келген Пламен Орешарскийдің үкіметіне де қауіп төніп тұр. Рас, соңғысының кеткісі жоқ.
БОЛГАРЛАРҒА НЕГЕ ҮКІМЕТ ЖАҚПАЙ ҚОЙДЫ?
Жыл басынан бері бұл елде тыныштық жоқ. Ақпан айындағы айқастан кейін премьер-министр Бойко Борисовтың үкіметі отставкаға кетсе, енді оның орнына келген Пламен Орешарскийдің үкіметіне де қауіп төніп тұр. Рас, соңғысының кеткісі жоқ.
Бойко Борисовтың да кетуі ойда жоқ еді. Оның «Болгарияның еуропалық дамуын қолдайтын азаматтар» партиясы сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетіп, аяғынан нық тұрған соң, басқалардың талаптарына құлақ асыңқырамай, өзінің қатал экономикалық саясатын жүргізетінін мәлімдеген. Тіпті, қызметтен кетемін дегенді де басқаларға қыр көрсету үшін, кетпе деп жалынар деген оймен де айтқандай еді. Бірақ, елдің ішінде кетсең, жолың болсын деген сыңай білдірілді.
Партиясының аты айтып тұрғандай, олар Еуропамен кірігуді мақсат тұтады. Еуроодаққа мүше болуы сол мақсатты жүзеге асырудың бір көрінісіндей де еді. Бірақ қалың жұрт елдің бұл одаққа, оның әскери қалқаны НАТО-ға мүше болуынан бірден жарылқаған нәтиже көре қойған жоқ. Тіпті, біраз бағытта кері кеткендік аңғарылды. Айталық, энергия ресурстарының бағасы еселеп көтерілді. Ол халықтың наразылығын тудырды.
Осы жерде саяси оппоненттердің жағдайды тиімді пайдаланғанын да айтқан жөн. Біреулер Еуропамен кірігуді жақтаса, оған қарсылар да бар. Олар Мәскеуге бағыт ұстайды. Энергия ресурстарының қымбаттауы Мәскеуден теріс айналудың салдары деп көрсетті. Болгария басшылары соңғы уақытта Ресеймен бірігіп жүргізетін «Бургос – Александруполис» мұнай құбыры және «Белене» атом электр стансасы құрылыстарынан бас тартқан болатын. Сол жобалар жүзеге асқанда, энергия ресурстары қымбаттамас еді деген қисын алға тосылды.
Электр энергиясы бағасының қымбаттауы Борисов үкіметінің түбіне жетсе, оның орнына келген социалистер мен түрік азшылығы партиясының коалициясы атынан билік тізгінін ұстаған Пламен Орешарскийге тағылған айып көп. Алдымен ұлттық қауіпсіздік агенттігінің басшысы болып медиамагнат Делян Пеевскийдің тағайындалуына қарсылық бүкілелдік сипат алды. Бірақ, бұл қарсылық Пеевскийді кетірген соң да тоқтаған жоқ. Ендігі ұран – жемқорлыққа қарсы күрес. Премьер-министр Орешарский: «Қайдағы жемқорлық, жаңа үкімет бір ай да жұмыс істеген жоқ қой?!» – деп шырылдайды.
Бұл елдегі саяси күрестің сипаты да басқа жердегіден өзгешелеу. Шеруге шыққандардың санын, айталық, басқа елдердегі қарсылық көрсетуші топтармен салыстыруға келмейді. Көшеге жүз қаралы адам шықса да, ол жұрт назарын аударады. Ал София қаласында өткен 2,5-4 мың адамдық шерулер астанада көлік қозғалысын тоқтатып, құқық қорғау күштерін қатты састырды. Өткен аптада екі мыңдай адам парламент үйін қоршап алып, оған ешкімді кіргізбей, ешкімді шығармай, сегіз сағат бойы 100-дей қызметкерді, ресми адамдарды қамақта ұстады.
Қоғамда, сірә, қалыптасқан саяси жағдайға да байланысты шығар, адамдардың арасында қарсылық пиғыл күшейген. Орын алған кемшілік үшін басқаларды айыпты санап, оған қарсылық білдіру парыздай көрінеді. Ал бұл елде кемшілік көп-ақ. Болгария – Еуроодақтағы ең кедей елдің бірі. Жұмыссыздық жоғары. Табыс аз. Жалпы, бұл ел Еуроодаққа кіріге алмай отыр, Батысқа жете алмаған, Шығыстан кете алмаған халде.
Осындай жағдайда елді болашақта не күтіп тұр деген сұрақ туындайды. Болып жатқан оқиғаның сипатына қарағанда, халықтың билікке қарсы әрекеті толастай қоймас. Ол жаңа сайлауға апарып соқтырады. Дегенмен, сол сайлаудан кейін де жағдайдың оңға қарай өзгере қоюы дүдәмал. Өйткені, жаңа үкімет елдің экономикалық жағдайын күрт өзгерте қоймайды. Ал оған халықтың шыдамы жетпейді. Болгарияға ешқандай үкімет жақпайтын әдет қалыптаса бастағандай. Жақсылыққа апармайтын әдет.
ДЕМОКРАТ ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАСБАРЛАУШЫСЫ – РЕСПУБЛИКАШЫЛ< /p>
АҚШ парламентінің жоғарғы палатасы елдің Федералдық барлау бюросының директоры етіп Джеймс Комиді бекітті. Оны 93 сенатор жақтаса, қарсы болған – біреу-ақ. Мұндағы басты ерекшелік: ұсынған –демократ президент Барак Обама, ал Коми – оларға қарсы республикашылар партиясының өкілі.
Мұны Барак Обаманың икемді тактикалық қадамы, тіпті, қулығы деуге болар. Кадрлық саясатта айрықша адалдығы деп қабылдайтындар да табылады. Әңгіме мынада: бұл қызметке демократтар ішінен де талай тұлғаларды табуға болады. Қарсы партияның өкілін шешуші қызметке тарту саяси күштердің келісімді әрекетіне, ынтымағына да керек. Өз саясатын байыпты жүргізу үшін де керек.
Бұл президент Обама мысалында бірінші қадам емес. Қорғаныс министрі Чак Хейгель де – республикашыл. Қазіргі Ақ үй әкімшілігіндегі тұтқалы екі қызметті қарсы партияның өкіліне ұсынуы президент туралы жақсы пікір қалыптастырады. Оған бәрінен де бұрын істің мүддесі жоғары екенін аңғартады. Әрине, мұндай тағайындауларға өз партиясының ішінен қарсылар да табылар, ал бірақ бүкіл елдік қауым тарапынан қолдаушылардың басым болатыны анық. Оған сенаттағы дауыс беру де айқын дәлел.
Енді Джеймс Комидің өзіне келсек, ол – республикашылар партиясының белді тұлғасының бірі. Президент кіші Буштың заманында бас прокурордың орынбасары, әділет министрінің орынбасары қызметтерін де атқарған. Одан кейін бизнес, қаржылық құрылымдарда жетекші қызметтерге қатысты. Соңғы кезде Колумбия университетінде аға зерттеуші, сонымен бірге, халықаралық HSBC банкі директорлар кеңесінің мүшесі болды. Сөзін де, ісін де жұрт тыңдайтын, бағалайтын тұлға.
Әрине, мұндай қызметті атқарғандар аз емес. Ал Комиді ерекшелейтін оның принциптілігі, өз сөзінде тұратындығы, ешқандай мансаптық есепке қарамай, өз пікірі үшін күресетіндігі. Жұрттың есінде мынадай оқиға қалған. 2004 жылы Ақ үйдің талабына қарамай, соттың шешімінсіз азаматтардың сөзін тыңдау, электронды поштасын ашуға қарсылық білдірген. Тіпті, президент Буштың екі көмекшісі ауруханада жатқан әділет министрі Эшкрофтан соттың шешімінсіз басқалардың сөзін тыңдауға рұқсат алмақ болғанда, сол жерге Коми де келіп, бұл қызметті уақытша өзі атқарып тұрғанда, оған рұқсат берілмейтінін мәлімдеген.
Мұндай қадам, мұндай принципшілдік ұмытылмайды. Арада он жылдай уақыт өтсе де, жұрт оның жаңа қызметке тағайындалар кезінде соны еске алып отыр. Адамдардың сөзін тыңдау, поштасын ашу ісімен енді ол басқаратын қызмет айналысады. Бұған Коми қалай қарайды? Оның үстіне АҚШ-тың барлау қызметінің сыртқа қашып кеткен адамы Эдуард Сноуденнің бұл елде азаматтардың сөзін тыңдауға байланысты істерді әшкерелеп жатқаны белгілі. Коми соны біліп тұрып, бара жатыр. Ал Ақ үй әкімшілігінің азаматтардың сыртынан тыңшылық жасауды қолдайтынын да біліп тұрып, бара жатыр.
Мұны да түсінуге болар. Терроризмнің, экстремизмнің алдын алу үшін де ондай тыңшылық әрекеттер қажет деген де пікір баршылық. Осындай әдістерге (сөз тыңдау, поштаны ашу) көп елдерде бар да сияқты-ау. РФ вице-премьері Дмитрий Рогозин бір сөзінде Сноуденнің айтатынын бұрыннан-ақ білетінбіз деген. Өздері сондай әдісті пайдаланбаса, қайдан білсін. Ал АҚШ-тағы жаңа тағайындаудың бізді қызықтыратыны – оның саяси жағы.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».