Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 адаммен кездескенде, арасында мен де болдым. Маңызы зор, мақсаты айқын жүздесуде Қазақстан Президенті мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа әдістерді енгізу мәселесін алға тартып, «Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу. Шын мәнінде, біз мемлекет қызметінің сервистік моделі жайында әңгіме қозғап отырмыз. Қазақстанға қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек», деген еді. Бұл ең алдымен жауапкершілік жүгінің салмағын аңғартса керек.
Президенттік жастар кадр резервіне мүшелікке қабылдануға іріктеуден өткенімізбен қатар, бізге біліктілігімізді, жұмыс дағдыларымызды, тұлғалық қасиеттерімізді жоғарылатуға қатысты түрлі кеңестер берілді. Бұл кеңестер кәсібилігімізді шыңдап, жұмысымызды жүйелендіруге ұйытқы болды.
Президенттік жастар кадр резерві дегеніміз не? Ол – білікті мамандардың білімін шыңдап, мақсат-мұраттарын, тың идеяларын іс жүзіне асыруға мүмкіндік беретін бастама. Оған көзім жетті. Өз басым мемлекеттік қызмет саласында он екі жылға жуық қызмет атқардым. Еңбек жолымды әкімдікте жетекші маман ретінде бастап, бірнеше жылдан кейін басқарма басшысы лауазымына дейін жоғарыладым. Ерінбей еңбек етіп, табандылықпен тер төктім. Ендігі күні бұл жоба қызметтік баспалдағымда одан әрі жоғарылауыма, жауапкершілік жүгін арқалап, халқыма адал қызмет етуге жол ашты. Алматы қаласындағы Түрксіб ауданының әкімі болып тағайындалдым.
Аудан тұрғындарына мені Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев таныстырып, ақ жол тіледі. Сол үдеден шығып, үмітті ақтауға барымды салмақпын. Маған сеніп тапсырылған аудан тұрғындарының тағдырына атүсті қарамай, керісінше олардың әл-ауқатын арттыруды көздеймін. Әлеуметтік мәселерді шешуді алдыңғы орынға қойып, жанға жайлы, көңілге қолайлы өмір сүрулеріне үлесімді қоссам
деймін.
Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резерві мүшелерімен жүздесуінде «Қазақстан азаматтары шенеуніктерді қоғамға қатысты барлық шешімдерді билік дәліздерінде қабылдайтын қандай да бір таңдаулы топ ретінде қарамауы керек. Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік қызметші халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі деуден еш жалықпаймын!» деген сөзі жадымда жатталып қалды. Президентіміздің «Мемлекеттік қызметші халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі» деуі менің өмірлік ұстанымыма айналды десем де болады.
Әр адамның өмірлік жолы, ұстанымы болады. «Өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспе. Біріншісі – жар таңдауда, екіншісі – мамандық таңдауда» дейді дана халқымыз. Мамандық таңдаудан қателеспедім. Себебі еліңе адал еңбек етіп, туған халқыңның дамуы, алға басуы жолында табандылықпен төр төгуден асқан абырой жоқ!
Бақытжан АҚЖАРОВ,
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, Алматы қаласындағы Түрксіб ауданының әкімі