Аймақтар • 20 Қаңтар, 2020

Ауылға кел, жас дәрігер

418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында ақ желеңді дәрігерлердің жетіс­пеуші­лігі сезіле бастады. Маман тапшылығы, әсіресе алыс ауыл­дарда байқалып отыр.

Ауылға кел, жас дәрігер

Бүгінде облыстың медици­на­лық меке­мелерінде 4 756 дәрігер және 14961 мейірбике еңбек етеді екен. Яғ­ни, 10 мың адамға шаққандағы орташа медициналық қызмет көр­сетумен қам­ту 73,8 пайыз болса, жоғары білімді дәрі­гер­дің үлесі 23,2 пайыз шамасында. Кадр жетіспеушілігін зерделеу барысында аймақта 122 жалпы тәжірибе дәрігері, 28 акушер-гинеколог, 24 оташы, 18 анес­тезиолог-реаниматолог, 13 неонатолог, 13 невролог және 8 он­колог дәрігердің орны бос тұрғаны анық­талған.

Әрине облыстық денсау­лық сақтау саласының басшы­лы­ғы бұл мәселені шешуде қол қу­сырып отырған жоқ. Биыл 173 жас маман емхана­лар мен ауруханаларға жұмыс­қа тұрған. Оның ішінде 97 медицина қызметкері ауыл­дық жердегі мекемелерге қабылданыпты.

– Біз өз тарапымыздан ма­ман жетіс­пеушілігін болдыр­мау үшін барлық мүм­кіндікті пайдаланып отырмыз. Жер­гілікті әкімдермен бірлесіп, жұ­мысқа тұрған жас мамандарды уақыт­ша баспанамен қамтуға, алғашқы кө­тер­ме жәр­демақы төлеуге, үй сатып алуға жеңілдетілген несие беруге кө­мек­тесеміз. Биыл жұмысқа тұр­ған жас маманның барлығына 1 млн теңге­ден көтерме ақы төле­дік. Жалпы, дәрі­гер­лердің жетіс­пеушілігі саладағы әлеу­меттік қолдаудың әлсіздігінен емес, ада­ми факторға да байланысты. Яғни, тәжі­рибелі маман­дар зейнетке шығып жатыр, олардың орнын жас буын толтырып үлгермеуде. Медицина маманы болу үшін жоғары оқу орнында 10 жылға дейін білім алуға тура келеді, одан кейін де біраз тәжірибе жинап, мықты маман болғанша уақыт өтіп кетеді. Демек, дәрі­герлік қызметке арманына адал, мамандығына құлай беріл­ген адам ғана келеді, – дейді облыстық ден­саулық сақтау басқар­масының басшысы Бауыржан Ысқақ. 

Ал аймақтағы дәрігер тап­шылығын шешу үшін облыстық бюджеттен 18 млн теңге қаржы қаралып, талапты жастардың жоғары оқу орындарына­ тү­суіне жағдай жасалған. Атап айт­қанда, 47 бо­лашақ дәрігер Алматы қала­­сындағы медициналық білім беретін оқу орындарында облыстың есебінен оқып жатыр. Оның ішінде 26 сту­дент­ке облыс әкімінің гранты тағайындалған. Биыл оқу шығын­дары үшін бөлінген қаржы тағы 26,5 млн теңгеге көбейді. Келер жылғы талап­керлер үшін де 4,6 млн теңге қарастырылып, бюджет есебі­нен оқыту ісі жалғасын табады.

Сондай-ақ Алматы облы­сында тұр­ғылықты жері бойын­ша емханаға тіркелген адам­дардың үлесі 90 пайызға жетті. Бұған дейін аймақта 100 214 тұрғынның тұрақты тіркеуі жоқ екені сынға алынған болатын. Қазір бұл тізім 35 306 адамға дейін қысқарып, 64 908 тұрғын медицина меке­мелерінің қарауына жазылды. Тұрғындардың денсаулық сақтау мекемелеріне тір­кеуге тұруы дәрігерлік көмек алудың мәсе­лесін шешуге ықпал етеді. Әсіресе биылдан бас­тап іске қосылатын міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтан­дыру жүйесі арқылы ем-дом алу қолжетімді болмақ. Яғни, «Міндетті әлеуметтік-меди­циналық сақтандыру» жүйесі іске қосылғаннан кейін, науқас тіркелген емханаға қаралған кез­де оның жарна төлеуі маңыз­ды орынға шығады. 

– Тұрғындардың тіркеуге тұруы өздері үшін оңтайлы. Алдағы жылдан медициналық қызмет көрсету жа­ңа ережеге сай жүреді. Осы жерде ем алу­шының міндетті жарнаны төлегені басты орынға шы­ғады. Әрине бұл мәселенің әлі де жетілдіретін тұста­ры бар. Кедергілерді іс барысында ең­се­ре­міз. Сондықтан тіркелу мен жарна тө­леу әр адам үшін міндетті болуы тиіс, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Бауыржан Ысқақ.

 

Алматы облысы