Қоғам • 20 Қаңтар, 2020

Отанға қызмет – ортақ парыз

313 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәжік-ауған шекарасында қызметін өтеген қазақстандық әскерилер және қаза тапқан 17 жауынгер туралы «Қазбат» атты көркем фильм түсі­рілген болатын. Сол 7-рота командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан запастағы полковник Берік Омаров әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлік пен жа­нқиярлық үлгісі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған-ды. Пол­ковник Берік Ілесбекұлымен болған сұхбат тәжік-ауған шекара­сын­да­ғы әскери қызмет жөнінде өрбіді.

Отанға қызмет – ортақ парыз

– Берік Ілесбекұлы, осыдан 24 жыл бұрын Памир тауындағы Пшихавр шатқалында бес сағат­қа созылған қарулы қанды қақ­ты­ғыс кезінде ішкі әскердің 17 қазақ жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33-і ауыр жарақат алды. Моджахедтер тәжік-ауған ше­карасы арқы­лы енгі­сі келгенімен, біздің жігіт­тер олар­ға ерлікпен төтеп беріпті. Сол жыл­дарды тағы бір ой елегінен өт­кіз­­сеңіз?

– Боздақтардың қазалы өлімін өз көзіммен көргендіктен, бұл оқиға жаныма қатты батады. Олар­дың бар көретін қызықтары әлі алда еді. Жау осал болмады. Моджахедтер соғыс өнеріне әбден машықтанып, ұрыстың айла-тәсілдерін жетік меңгерген. Сұра­пыл шайқаста бізді құтқарған 40-50 метрдей жерде тұрған көпір болды. Біз осы тауды тесіп өтетін көпірге бекініп алып, жау­ға тойтарыс бермегенде аман қалуы­мыз екіталай еді.

Бұл көпір – стратегиялық ма­ңы­­зы зор нысан. Одан өтетін жол­­дың бірі – Калай-Хумб елді ме­ке­ніне, екіншісі Душанбе қа­ла­сына өтеді. Шайқастан соң рота командирі, капитан Ерлан Алда­на­заров жауынгерлердің үлкен ерлік жасағандарын айтып, олар­ға өз ризашылығын білдіріп, елге қайтқысы келетіндерге рұқсат бе­рі­­ле­тінін жеткізді. Сонда рота жа­уы­­н­­герлері бірауыздан қаза бол­ған жауынгер жолдастарының кегін ал­май елге қайтпайтындарын айтты. Мұны естігенде бойымды мақта­ныш пен қуаныш сезімі би­ле­ді.

Қаза тап­қан сар­баздардың барлығы 1996 жылдың 20 қарашасында Елбасы Жарлығымен жауын­гер­лік орден­дер­мен және медальдармен марапаттал­ды. Бүгінде бұл жауынгерлердің туып-өскен жер­ле­ріндегі мектеп, көше, сая­бақ­тар солардың есімдерімен аталады.

– Бесікте жатып «Батырлар жы­ры­­мен» сусындап, «Ер Төс­тік» ерте­гі­сімен есейетін ұлан­да­ры­мыз на­мыс­шыл, елжанды, батыр болып өсе­тін­і­нің бір көрінісі ғой бұл…

– Әрине. Сол тәлім-тәрбиенің арқа­сын­да шапса тұлпардың тұя­ғы, ұшса құстың қанаты тала­­тын осыншама жер ата­дан балаға мирас болып келе жат­қан жоқ па?! Сонау замандағы жоң­ғар­­мен шай­қастағы, кешегі Ұлы Отан соғы­сын­­дағы, одан кейін Ауған­стандағы ұрыс­тағы баба­ла­ры­мыздың, аталарымыз бен аға­­ларымыздың жауынгерлік дәс­­түрлерін бүгінде еліміздің Қа­ру­лы Күш­­теріндегі, соның ішінде Ұлт­т­ық ұлан­­дағы жауынгерлер ла­йықты жалғас­ты­руда.

Мәселен, өткен жылдары қатар­да­­ғы жауынгерлер Ербол Отарбаев, Нұрасыл Мүбәраков, Алтынбек Қа­был­беков, кіші сержанттар Жандос Баян­баев, Ақылбек Қоңы­ров қауіпті қыл­мыс­кермен күресте ержүректік таныта білді. Олар Елбасының қолынан жоғары мем­­ле­кеттік марапат – «Айбын» ор­дені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын алды. Өрт кезінде адам өмірін сақтап қал­ға­ны үшін «Батыс» өңірлік қол­­бас­шылығының офицерлері подпол­ков­ник Ринат Жұмалиев пен Салауат Қабдықұлов «Жауын­гер­лік ерлігі үшін» меда­лімен ма­ра­пат­­­талды.

– Соңғы қызмет орныңыздағы, яғни «Батыс» өңірлік қолбасшы­­лы­­ғын­­да­ғы қызметіңіз жө­нін­­де айта кет­­­сеңіз…

– Әскери бөлімде тәрбие жұ­­мы­­сы­на үлкен мән беріледі. Се­бе­бі біз­дің қыз­мет­тің өзге әск­ери салаларға қ­а­рағанда өз ерекшеліктері бар. Түзеу ме­ке­­ме­ле­­рін­дегі сотталғандарды күзету, қала кө­ше­леріндегі қоғамдық тәр­тіп­ті сақ­тау бол­сын, қай-қайсының да өзіндік қиын­ды­ғы бар.

Қолбасшылық тарапынан осы қиын­дық­тарды еңсеруге жағдай жасалып қана қоймай, сонымен қатар тәрбиелік жұ­мыс­тардың да ойдағыдай жүруіне мән беріледі. Сондықтан әрбір сардар жеке құрамның арасында тә­рбие жұмысын талапқа сай жүр­­гізуге тырысады. Жеке құ­рам­­ның мемлекеттік-құқықтық, жа­уын­герлік дайындық барысында жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізуіне тәрбие жұ­мыстарының қосар үлесі зор.

– Берік Ілесбекұлы, әскери өмі­ріңіз­де кімді үлгі тұтасыз?

– Халқымызда батырлығымен, ше­шен­­­дігімен, ержүректігімен тарих­та қал­ған тұлғалар жетер­лік. Барлығынан да үлгі алуға ты­ры­самын. Солардың ішін­де көзі тірісінде халық батыры атан­ған, өмір­ден өткен соң Кеңес Ода­ғы­ның ба­ты­­ры атағын иелен­ген, тұла бойы намыс­тан жаратылған хас қаһарман Бауыржан Момышұлына қарап бой түзеп келемін. Жал­пы, батыр аға­мыз әр әскери қыз­мет­ші­нің үлгі тұтар ұстазы ғой. Ол туралы әрбір деректен халқына деген жана­­шырлықтың, батырлықтың ерен үлг­ісін, Отанын шексіз сүюді көру­ге болады.

– Әскери салаға қалай кел­ді­ңіз?

– Әскери қызметке келуіме іш­к­і істер органдарында көп жыл­дар қызмет атқарған әкем Ілесбек Өмірзақұлы ықпал етті. Ол Оңтүс­тік Қазақстан облысы Оты­рар аудан­дық ішкі істер бөлімінің жас­өспірімдер ісі жөніндегі инс­пек­ция­сы­ның бастығы қызметінде жүріп, мили­ция майоры шенінде зейнеткерлікке шық­ты.

Өзім 1989-1993 жылдары Ленинград­­тағы жоғары әскери-сая­си учи­лищесінде оқы­ған ке­зімде алдым­­нан өзге әлем ашыл­ған­дай болды. Әскери жарғыны қатаң сақтау, әске­ри ант­қа адал болу, бұйрықтар мен өкім­дерді бұлжытпай орындау мен үшін айнымайтын қағидаға айналды. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін Шым­кент­тегі ішкі әскерлердің Оңтүстік құра­ма­сына қарасты әс­ке­ри бө­лімге келіп, патрульдік ро­та коман­ди­рінің орынбасары қызметін атқардым. Ал 1995 жылдың наурызында ТМД елде­рі­нің өзара ұжымдық қауіп­сіз­дік тура­лы келі­сіміне сай, оның сырт­қы шекарасын күзету мақсатында ерік­тілер қатарынан құ­рылған құра­ма ротаның сапында үш ай мер­з­імге тәжік-ауған шекарасына Отан алдындағы әскери борышымды өтеуге аттандым.

Одан кейін Ақтау қаласындағы 6656 əс­кери бөлімінде батальон командирінің орын­басары, Атырау қаласындағы 5546 əскери бөлім командирінің орынбасары, 6655 əскери бөлімінде тəрбие бөлімінің бастығы қызметін атқардым.

Одан кейін қызметім елор­да­­да жал­ға­сын тапты. Бұнда 5570 əске­ри бөлімі ко­мандирінің тəр­бие жəне əлеу­мет­тік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қыз­метінде болдым. Кейін Ішкі əскерлер комитетінде тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұ­мыс басқармасында қызмет еттім. Ал 2003 жылдан Өске­мен­дегі шығыс құрамасы коман­ди­рінің орынбасары лауазымына тағайындалдым. Шығыс құра­масында төрт жылдай болып, Ресей Қарулы Күштерінің Əске­ри университетінде білім алдым. 2009 жылы Əскери инс­титут бастығының тəрбие жəне əлеу­меттік-құқықтық жұ­мыс жөнін­дегі орынбасары қызметіне тағайын­­дал­дым. Ал 2014 жылдың жаз айында еліміздің батыс өңірінде «Батыс» өңір­лік қолбасшылығы қолбасшысының тəр­бие жəне əлеуметтік-құқықтық жұ­мыс жө­нін­дегі орынбасары қызметіне кірі­сіп, былтыр маусым айында зей­нет­ке шықтым.

– Балаларыңыз әке жолын қуса қар­­сы болмайсыз ба?

– Тұңғышым Айдар Ұлттық Ұланның әске­ри бөлімдерінің бірін­де қызмет етіп жатыр. Қызым Майра тұрмыста, жоға­ры оқу орнын тәмамдады. Кіші ұлым Исатай Түркия әскери уни­вер­ситетінің үшінші курс курсанты. Балаларым ма­ман­­дықты өз қалауларымен таңдады. Біз оларға Отанға адал қызмет етуді, әділ болуды, жауапкершілік пен тәртіпке мән беруді үйретудеміз.Тек олар­дың мен жеткен жетістіктен асып түсіп, әріп­тес­те­рі мен ел-жұр­ты­ның алдында үлкен беделге ие болуын тілеймін. Ең бастысы, жастар Отанға қызмет ортақ парыз еке­нін ұмытпауы шарт.

– Салиқалы әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ерболат СҰЛТАНОВ,

подполковник, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 

ОРАЛ