03 Тамыз, 2013

Ауылда метан газы өндіріледі

517 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

DSCN4139Түрлі қалдықтардан метан газын өндіруге болатынын бұрыннан еститінбіз. Бірақ нақ осы биогазды өндіріп, пайдасын көріп отырғандарды көрмейсің. Жақында ауданымызға қарасты Шілікті ауылының жаңалыққа жаны құмар тұрғындары Дәулетхан Шойтанов пен Құттыбай Ибрагимов екі жылдай еңбектеніп, төрт түліктің тезегінен метан газын өндіруді қолға ала бастады. Тарихында көгілдір отыны жоқ Шіліктіде қазір жалғыз үй тамақ-шайын биогазбен әзірлеп отыр. «Жақсыны көрмекке...» деген ниетпен осы ауылға біз де табан тіредік. Бір қарағанда, метан газын өндіру әрбір адамның қолынан келетін іс секілді. Ауыз-мұрны мықтап бітелген кәдімгі үлкен темір ыдыс (цистерна), оның жоғарғы жағында бөлініп шыққан газ қысымын өлшейтін монометр және ыдыстың ортасына қолмен айналдыратын қалақша орнатылған. Метан газы түссіз және иісі жоқ болатынына осы сапарымызда көзіміз жетті.

Түрлі қалдықтардан метан газын өндіруге болатынын бұрыннан еститінбіз. Бірақ нақ осы биогазды өндіріп, пайдасын көріп отырғандарды көрмейсің. Жақында ауданымызға қарасты Шілікті ауылының жаңалыққа жаны құмар тұрғындары Дәулетхан Шойтанов пен Құттыбай Ибрагимов екі жылдай еңбектеніп, төрт түліктің тезегінен метан газын өндіруді қолға ала бастады. Тарихында көгілдір отыны жоқ Шіліктіде қазір жалғыз үй тамақ-шайын биогазбен әзірлеп отыр. «Жақсыны көрмекке...» деген ниетпен осы ауылға біз де табан тіредік. Бір қарағанда, метан газын өндіру әрбір адамның қолынан келетін іс секілді. Ауыз-мұрны мықтап бітелген кәдімгі үлкен темір ыдыс (цистерна), оның жоғарғы жағында бөлініп шыққан газ қысымын өлшейтін монометр және ыдыстың ортасына қолмен айналдыратын қалақша орнатылған. Метан газы түссіз және иісі жоқ болатынына осы сапарымызда көзіміз жетті.

Бастап осы істі қолға алған 1980 жылы туған Дәулетхан Шойтанов ауыл әкімдігінде бас маман болып қызмет істейді. Мамандығы – инженер-металлург. Көмекшісі темірден түйін түйген, дәнекерлеуші-шебер Құттыбай Ибрагимов қай техниканың да тілін таба білетін азамат екені көрініп-ақ тұр. Ауыл тірлігінен гөрі, техника жайлы әңгімеге келгенде алдына жан салмайды. Екеуі «биогаз өндіреміз», деп құрылғыларды жинастыра бастаған сәтте ауылдастары «қиялшылсыңдар, бос әуре» деп күмән келтіріпті. Кейіннен олар бұлардың шеберлігіне тәнті болады. Шілікті ауылында қазіргі таңда 250 түтін бар. Барлығы қысы-жазы төрт түліктің тезегін отынға пайдаланады. Енді қиды отынға емес, газ өндіруге пайдаланып отырған екеудің ісмерлігіне ауылдастарының қызығушылығы артып отыр.

DSCN4139

Ендеше, бұл істі қалай жүзеге асырғандығы туралы кейіпкеріміз Дәулетханның сөзіне құлақ түрейік:

– Биогаз туралы алғаш рет Шалқарда тұратын нағашымнан естідім. Сол сәттен бастап, оның жасалу жолдарын іздей бастадым. Барлық мәліметтерді жинастыруымның өзіне бір жылдай уақыт кетті. «Ұзынқұлақтан» облыстың Бадамша ауылында бұрын бір тұрғынның биогаз өндіргенін естіп, өткен жылы жазда сол елді мекенге арнайы іздеп бардым. Іздеген адамым тез табылды, Юрий Гапонов есімді өзге ұлттың азаматы екен. Одан қалай биогаз өндіргендігі жайлы кеңес алып, қондырғыларын мұқият қарап, ауылға оралған соң қолға ала бастадым.

Негізінен биогаз өндіретін құрылғыға кем дегенде қалыңдығы 4 миллиметрлік темір ыдыстар қажет. Ыдыстың сыйымдылығы әркімнің өз қалауы бойынша. Неғұрлым ыдыс үлкен болған сайын бөлінетін газ да молаяды. Темір ыдыс болмаған жағдайда жерге құдық қазып тас бетондарға да газды жинауға болады. Қалай болғанда да, газ әзірленетін ыдыс бүтін, ауа шықпайтын болуы басты шарт. Біз 10 тонналық цистернаның бел ортасына дейін 4 түліктің қиын салдық. Негізінен түйенің, жылқының тезектерінен газ тез бөлінеді. Сосын тезек батып тұратындай етіп су құясыз. Бұдан соң барлық тесіктерді мұқият бекітесіз. Цистернаның төменгі жағынан қолмен бұралатын қалақша орнатып алу қажет. Қалақшаның атқаратын қызметі – егер де газ қысымы азайса оны қолмен сәл қозғау арқылы ашып тұрған тезекті аударыстырып, газдың қысымын көбейте аласыз. Ыдыстың жоғарғы жағы бос болуы керек. Бөлінген газ сол жерде жиналады. Жоғарғы жағынан құбыр жалғанып, газ қысымын өлшейтін монометр орнатылып, одан әрі жалғанған құбыр арқылы газды пайдалануға болады. Айта кететін тағы бір жайт, ыдысқа мал қиы мен суды құйғаннан кейін бірден газ пайда болмайд ы. Жанатын газ бөліну үшін кем дегенде бір ай уақыт керек. Осы аралықта күнде бұранданы ашып бос ауаны шығарасыз. Құрылғыны жасау қымбатқа түспейді. Ең бастысы, істеймін деген ниетіңіз бен темір ыдысыңыз болса болғаны, – дейді Дәулетхан Амангелдіұлы.

Екі шебер келешекте бұл істерін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Демеушілер табылып жатса, бір ауылды қысы-жазы газбен қамтамасыз етуге болады. Олар өндірген биогазға көрші Қызылорда облысынан қызығушылық танытушылар көбейіпті. Бүгінде құрылғыны көріп, жасалу жолдарын үйреніп жатқандар да бар. Дәулетхан биогазбен тасымал газдардың ыдыстарын толтыруға, газбен тұтанатын автокөліктерді қамтамасыз етуге болатынын және темір ыдыстағы қи қалдығы бау-бақша егетіндерге таптырмас тыңайтқыш екенін айтады. Шіліктіден шыққан инновацияға жаны құмар екі азаматтың келешекте елімізде осындай биогаз шығаратын үлкен зауыттар ашылса деген тілегі бар. «Ата-бабамыз ықылым заманнан малды кәсіп еткен, қазірде де ол кәсіп жанданып, жалғасын табуда. Әлемнің кейбір елдерінде малдың қиының өзі өте тапшы. Ендеше, бізге биогаз өндіруге мүмкіндік мол», дейді олар.

Ыдыстағы газ жылдың төрт мезгілінде жақсы шығу үшін 30 градус жылы температура қажет. Енді Дәулетхан мен Құттыбай аулада тұрған цистернаға қыс мезгілінде әзірше электр қуаты арқылы бір қалыпты жылы температура беріп тұратын қондырғы орнатуды ойлас­тыруда. Және метан газы арқылы қыста үйді жылытуды жоспарлап отыр.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.

Ақтөбе облысы,

Шалқар ауданы.