Елбасы Н.Ә.Назарбаев дәстүрлі Жолдауында: «Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек», – дей келіп, қалалық және ауылдық округтер әкімдерінің жергілікті қауымның тұрмыс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелерді жеке шешуіне мүмкіндік берілумен қатар, азаматтардың оған тікелей қатысуына, жергілікті халықтың талап-тілегінің уақтылы шешілуіне де зор ықпал ететінін атап өткен болатын.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев дәстүрлі Жолдауында: «Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек», – дей келіп, қалалық және ауылдық округтер әкімдерінің жергілікті қауымның тұрмыс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелерді жеке шешуіне мүмкіндік берілумен қатар, азаматтардың оған тікелей қатысуына, жергілікті халықтың талап-тілегінің уақтылы шешілуіне де зор ықпал ететінін атап өткен болатын.
Елбасы, сондай-ақ, «Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз. Бірақ, сонымен бірге, қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым» деген еді.
Республика бойынша өткізілгелі отырған қалалық, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы ерекше болмақ. Осы уақытқа дейін жергілікті әкімдерді аудан әкімі тағайындап келген болса, енді әкім болуға ынталы бірнеше үміткерлер қатысатын жанама сайлау нәтижесі бойынша тағайындалады. Қала, ауыл әкімдерін сайлау халықтың жоғары сеніміне ие халық қалаулылары – аудандық мәслихат депутаттарына жүктелініп отырғаны белгілі.
Осылайша, жұртшылықпен тікелей жұмыс істейтін және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімді сайлайтын күн жақындап қалды.
Қарасай ауданы бойынша барлығы 15 әкім сайланады. Оның ішінде біреуі аудандық маңызы бар қаланың, қалған 14-і ауылдық округтердің әкімдері. Бүгінгі күнге ауданда әкімдер сайлауына әзірлік жұмыстары толық аяқталды. Сайлау 7 тамызға тағайындалған. Аудандық сайлау комиссиясының шешімімен Қаскелең қаласының және ауылдық округтердің әкімдерін сайлауға әзірлік және сайлауды өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітіліп, сайлау өтетін күнге дейін атқарылуға тиісті жұмыстардың барлығы жүзеге асырылды.
Аудан әкімі А.Дәуренбаев жаңа заң талаптарына сәйкес әрбір округте тұрғындармен сайлауалды кездесу өткізіп, әкімдікке кандидаттар туралы жергілікті тұрғындардың, қоғамдық ұйымдардың ой-пікірлерімен танысты және әкімдікке үміткерлердің бағдарламалары сараланды. Сайлау өтетін күн, күнтізбелік жоспар, аудандық сайлау комиссиясының құрамы, кандидаттардың тіркелуі, кандидаттар жайында жергілікті қоғамдастықпен консультациялар өткізу кестесі жергілікті «Заман жаршысы» газетінің бетінде жарияланды. Аудан мәслихатының депутаттары сайлау мәселелері бойынша өздерінің жиындарын өткізіп, сайлау ерекшеліктерімен, үміткерлер бағдарламаларымен таныса отырып, дайындық жұмыстарына барынша атсалысты. Әкім лауазымына үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары аудандық «Заман жаршысы» газетінде топтастырылып жарияланып тұрды.
Ауыл тұрғындарының тағдыры шын мәнінде ауыл әкіміне байланысты. Елбасымыз айтқан әкімдер сайлауының ең бірінші қажеттілігі осында жатыр. Бұл сайлаудың ауылға берері көп. Ол – жергілікті жерлерде сайланбалы органдардың болуы, әкімдердің қызметке сайланбалы жолмен келуі, бірыңғай емес, қоғамдық басқару, яғни, жергілікті жердегі жастар, әйелдер кеңесі, ардагерлер ұйымы, көше комитеті, көп қабатты үйлердегі пәтер иелері кооперативтері сияқты жергілікті деңгейдегі қоғамдастықтардың өзара бас біріктіріп, олардың алқақотан отырып, өз проблемаларын өздері шешуге ұмтылуы.
Аудан әкімі Амангелді Дәуренбаев жоғарыда көрсетілген 1 қала мен 14 ауылдық округ әкімі болуға үш-үштен кандидат ретінде өзі ұсынған 45 азаматты алдымен халықтың талқысына салды. Бұл кездесулер алдын ала белгіленіп, баспасөзде жарияланған кестеге сәйкес 9-12 шілде аралығында өткізілді. «Бірінің білімі терең, жүріп өткен еңбек жолы осындай, ал екіншісінің ел-жұртпен байланысы мықты, өзі осы топырақтың төл тумасы, ал үшінші мына азамат ауыл жайын бүге-шігесіне дейін жақсы білмесе де, көзі ашық, көкірегі ояу, әлемдік деңгейде ойлай біледі, мынадай оқуды бітіріп келген, келешегінен үлкен үміт күтуге болады, не дейсіздер?», – деген тәрізді қоғамдастықпен ақылдасты. Алайда, соңғы нүктені, әрине, 282 мың тұрғыны бар аудан халқының атынан мәслихат депутаттары қояды.
Әкімдер төрт жылға жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланатыны белгілі. Осылайша, оларды төте сайлауда халық сайлаған, өз сайлаушыларының көзқарасын назарға алып, мүддесін сақтауға міндетті болып табылатын аудандық мәслихат депутаттарының таңдаушылары сайлайтын болады. Ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу жергілікті халық үшін жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға нақты мүмкіндік берудің, мемлекеттік басқару жүйесін сапалы түрде өзгертудің тетігі болып табылады. Бұл – еліміздің саяси жүйесін демократияландыру және жетілдіру жолындағы жаңа қадам деп есептейміз. Сонымен қатар, бұл сайлау Қазақстан сайлау жүйесінің де дамуының маңызды кезеңі, ауқымды өңірлік электораттық науқандарды ұйымдастыруда және өткізуде жаңа тәжірибе жинау үшін негіз болып табылады.
Еділ ҚАЛИЕВ,
Қарасай аудандық мәслихатының хатшысы.
Алматы облысы.
-----------------------------------
Суретте: аудандық мәслихатта.