41 600 000 000
Ақтөбе облысындағы табиғатты пайдаланушылар соңғы екі жылда осыншама теңге қаржы жұмсап, 400 табиғат қорғау шараcын жүргізді
Оның ішінде, “СНПС-Ақтөбемұнайгаз”, “АлтиесПетролеум Инт.Б.В”, “Ақтөбе хром қосындылары зауыты” АҚ-тары “ҚазақОйлАқтөбе”, “Қазақтүрікмұнай” ЖШС-лері сияқты іргелі кәсіпорындар мұндай игілікті істерге анағұрлым көбірек қаржы бөліп келеді. Жалпы, қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 10 мыңнан астам табиғат пайдаланушылар жұмыс істейді екен. Соның 375-і экологиялық қауіпті кәсіпорындар қатарына жатады.
Облыста жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік экологиялық саясат қоршаған ортаға техногендік әсерді төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Жақында Ақтөбе қаласында Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Ақтөбе облыстары табиғат қорғау қызметтерінің, ірі кәсіпорындардың өкілдері, екінші деңгейдегі банк басшыларының қатысуымен өткен кеңестің “Инновациялық жобаларға – экологиялық-экономикалық бағыт” аталуы да сондықтан. Кеңесте тек біржақты экономикалық тиімділікті ғана ойлап қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жайы да жан-жақты сөз болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
6 023 200 000
Үстіміздегі жылы облысқа “Жол картасы” бағдарламасын қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден осыншама теңге қаралған
Осының 4 млрд. 884 млн. 200 мың теңгесі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Барлығы 128 жоба инвестициялық төрт бағытпен жүргізіліп, 5291 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейтуге және “Жастар тәжірибесіне” 480 млн., кадрлар даярлауға 659 млн. теңге бөлінген.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.
163 000 000
Облыс кәсіпорындары мен мекемелерінің жалақы жөніндегі қарызы осынша теңгені құрап отыр
Ұжым мүшелерінің маңдай тер, табан ақысын уақтылы өтеудің орнына неше түрлі сылтаумен жауапкершіліктен жалтарғысы келетін басшылар бұдан былай қатаң жауапкершілікке тартылатын болады. Борышкерлердің тізімін Тайынша ауданында орналасқан “Биохим” зауыты бастап келеді. Оның қарызы 21 миллион теңгеге жеткен. “Аққайың ауданындағы “Черкасское” ЖШС-де есептесуді ұмытқан тәрізді. Петропавл қаласы мен Айыртау ауданында да борышкерлер жетіп артылады. Олар шетелдің қымбат көліктерін сатып алудан тыйылар емес.
Облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттары бойынша, кей басшылардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған көрінеді. Облыс әкімі Серік Біләлов жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін Шал ақын, Айыртау, Тимирязев аудандарының әкімдеріне сөгіс жариялады. Тапсырма орындалмаған жағдайда, қызметтерінен босатылатындарын ескертті. Құқық қорғау органдарына жалақы қарызын өтеуге құлықсыз кәсіпорындардың дүние-мүлкін аукцион арқылы сатып, жұмысшы-қызметкерлермен есеп айырысуды міндеттеді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.