Бейсенбі күні «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова азаматтарға қоғамдық қабылдау жүргізді, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Бейсенбі күні «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова азаматтарға қоғамдық қабылдау жүргізді, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Орталық аппараттың қоғамдық қабылдау бөлмесіне әртүрлі мәселелермен 71 адам тіркелген. Оның бірқатарын министрліктің жауапты органдары бұған дейін жан-жақты талқылап, азаматтарға жекеше түсіндірмелер берген болатын. Ал Тамара Дүйсенова қоғамдық қабылдау бөлмесінде әлеуметтік мәселе бойынша 13 адамды қабылдады. Барлық өтініштерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарап, тиісті түсіндірулер мен жауаптар берді.
Жекелеген азаматтардың сұрақтарынан кейін министр бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. «Бүгінгі қоғамдық қабылдауда көптеген сұрақтар қаралды. Мәселенің басым бөлігі азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Оның ішінде жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар да бар. Ал келесі мәселе – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі болып отыр. Мүгедек жандардың ішінде өздеріне мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіндігін білмейтін жандар да кездесті. Осы ретте айта кету керек, мұндай азаматтарға мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалады. Компенсаторлық құрылғылар, мүгедектер арбасы және гигиеналық құрылғылар тегін беріледі», деді Тамара Дүйсенова.
Азаматтардың мәселелерін өз уақытында шешу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Орталық аппараттың қоғамдық қабылдау бөлмесі жыл сайын өзара бірігіп «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша азаматтарды «Бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциялары мен «Үзіліссіз байланыс» жобасын өткізіп келеді. Қабылдау барысында негізінен жұмысқа орналасу, еңбекақы төлемеу, зейнетақыны қайта қарау және мүгедектік санатын анықтау мәселелері көтерілді. Қабылдау нәтижесі бойынша біліктіліктерін арттыру бойынша үш айлық курсқа жолдама беріліп, қалғандарына тиісті түсініктемелер берілді.