Қоғам • 21 Қаңтар, 2020

Б. Сапарбаев елордадағы психиатриялық орталықтың жұмысымен танысты

87 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласындағы Медициналық психиатриялық денсаулық орталығының жұмысымен танысты. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Б. Сапарбаев елордадағы психиатриялық орталықтың жұмысымен танысты

Медициналық мекемеде психикалық ауытқушылықтары бар адамдарға және мүгедек жандарға денсаулығын қалпына келтіріп, қоғамға оралуына көмек көрсетіледі. Осы мақсатта еңбек арқылы оңалту курстары ұйымдастырылған, онда пациенттер жұмысшы мамандықтарын игере алады. Жыл сайын 500-ден аса адам оңалту емшарасынан өтеді.

«Біз сондай-ақ әлеуметтік бейімделуге көмектесеміз, консультациялар, әлеуметтік дағдылар тренингтерін өткіземіз, психологиялық білім, отбасылық кеңес берумен айналысамыз. Көмекті білікті мамандар көрсетеді. Осылайша, біз оңалтудың кешенді мәселелерін шешеміз»,- деп атап өтті орталық директоры Ербол Нұрқатов.

2015 жылдан бастап аталған медициналық орталықтың базасында «GreenTAL» әлеуметтік шеберханасы табысты жұмыс істеп келеді, онда әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы азаматтарды: мүгедектігі бар адамдарды, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан азаматтарды, бұрынғы сотталғандарды оқытады және одан әрі жұмысқа орналастырады. Мұнда медициналық орталықта оңалтудан өткен пациенттер де жұмыс таба алады.

Жоба жетекшісі Эмин Аскеровтың айтуынша, бес жыл ішінде шеберханада 700-ден астам адам оқытылды. Орташа жалақы 100-150 мың теңгені құрайды.

«Біздің негізгі мақсатымыз – ақша табу емес, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау. Бүгінгі таңда біздің шеберханада 42 адам жұмыс істейді, олардың 16-ы – денсаулығында менталдық кемшілігі бар азаматтар. Дегенмен, өздерінің ерекшеліктеріне қарамастан, олар еңбек етіп, жалақы алады, олардың өмір сүруге және жұмыс істеуге деген ынтасы жоғары»,- деді Э. Аскеров.

Бердібек Сапарбаев әлеуметтік шеберхананың жұмысын жоғары бағалап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осындай тәжірибені еліміздің басқа да өңірлерінде тарату мәселесін қарастыруды тапсырды.

Араланған келесі нысан «DAYR» қоғамдық қоры болды, оны І-топ мүгедегі Әмір Сүлейменов ашқан. Бір жылға жетер-жетпес уақытта қорда жұмыссыздар, мүгедектігі бар азаматтар, толық емес және көп балалы отбасылар қатарынан 200-ден астам адам АТ және SMM дағдыларына оқытудан өтті. Олардың 80%-ы жұмысқа орналасты.

«Сіздер көпшілікке үлгі боларлық іспен айналысып жүрсіздер. Өйткені, өмірлік қиындықтарға қарамастан, сіздер өздеріңізбен тұлғалық жұмыс істеп қана қоймай, өздеріңізді жан-жақты дамытып, өз қабілеттеріңізді арттырып жүрсіздер, сонымен қатар басқа адамдарға белгілі бір дағдыларды игеруге және жұмысқа орналасуға көмектесіп жүрсіздер. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдік осындай жобаларды қолдап, таратуы керек»,- деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Сонымен қатар, вице-премьер ірі сауда желісінің гипермаркетіне барды. Елорда әкімдігі сауда компаниясымен бірлесе отырып, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды кепілдік берілген әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«АӘК алатын отбасыларға пластикалық карталар берілетін болады. Олардың көмегімен азық-түлік өнімдері мен гигиеналық жиынтықтарды тікелей дүкендерден алуға болады. Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен және әлеуметтік пакеттермен 4 200-ге жуық аз қамтылған отбасыларды қамтуды жоспарлап отырмыз. Аталған мақсатқа 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», — деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Жобаны осы жылдың наурыз айында іске қосу жоспарлануда.