03 Тамыз, 2013

Байқоңырдағы байлам

302 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы 15 жылда бес рет «Протон» құлапты. Бұл әр үш жыл сайын бір зымыран тасығыш «қалыпты жағдайда» құлап отырған дегенді білдірсе керек. Ал олардың ішіндегі ең үлкені 2 шілде күні орын алған оқиға екен. Сол құлаған «Протонда» 600 тоннадай гептил болған.

Сонымен араға айға жуық уақыт салып Астанадан делегация жетті. Байқоңырға. Үкіметтік топты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Са­ғын­таев бастап келді. Делегация құрамында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қап­па­ров, «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев және басқалар бар.

 

Соңғы 15 жылда бес рет «Протон» құлапты. Бұл әр үш жыл сайын бір зымыран тасығыш «қалыпты жағдайда» құлап отырған дегенді білдірсе керек. Ал олардың ішіндегі ең үлкені 2 шілде күні орын алған оқиға екен. Сол құлаған «Протонда» 600 тоннадай гептил болған.

Сонымен араға айға жуық уақыт салып Астанадан делегация жетті. Байқоңырға. Үкіметтік топты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Са­ғын­таев бастап келді. Делегация құрамында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қап­па­ров, «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев және басқалар бар.

Қызылорда облысына келген делегация Арал және Қазалы аудан­дарына барды алдымен. Содан соң Байқоңырға келді. Онда құлаған «Протонның» орнын көрді. Аспанға көтерілмей жатып жерге гүрс ете қалған зымыран тасығыш №81 айлақтан ұшқан. Содан 1400 метр жерге барып құлаған. Алғашында «Протон» құлаған жердің әжептәуір болғаны байқалады.

Бүгінде залалсыздандыру жұмыстарының бірінші бөлігі аяқталған. Жақында екінші бөлігі басталады. Ауа, топырақтың астыңғы және үстіңгі қабаттары, жерасты суларының бәрі дерлік тексеріліпті. Қауіпті ештеңенің табылмағанын айтады мамандар. Б.Сағынтаев «қауіпті ештеңе жоқ деп қоя салмай, тексеру, зерттеу жұмыстары үнемі жүргізіліп тұруы керек», деді. Осыдан кейін Байқоңыр қаласында жиын өтті. Оған «Роскосмос» төрағасы Владимир Поповкин бастап ресейлік тараптан бірқатар жауап­ты адамдар қатысты.

Кеңес тізгінін қолына алған Бақытжан Сағынтаев салмақты да салиқалы түрде тек Қызылорда облысының халқын ғана емес, барша қазақстандықтарды толғандырып жүрген мәселелерді айтты. Оларды шешу жолында Ресей не істейтінін де сұрады. Жиын басталмас бұрын бірінші вице-премьер Төретам елді мекенінің халқымен жолыққан. Сол кезде қарапайым жұртшылық көп нәрсеге алаңдаушылық білдірген. Денсаулық жағдайларын айтып, өтемақы мәселесін сұраған. Сағынтаев соны жеткізді. «Рос­космостың» төрағасы Поповкиннің жауабы біздің көңілден шықты дей алмаймыз. «Апат орын алғаннан кейін мен жарты сағаттан соң оқиға орнында болдым. Көріп отырсыз, тірімін», дейді ол. Бізге Владимир Александровичтің төгілген гептилдің әсерінен ауырғаны, не өлгені керек емес қой. Оның мұнысы артық болды. Сағынтаев та оның бұл жауабына оңды әңгіме айтты. «Мәселе кешегі апатқа ғана тіреліп тұрған жоқ. Осы жердегі тұрғылықты халық әрбір зымыранды ғарышқа шығарып салып жатыр деуге болады. Ал оның залалы бар екені анық. Осы ретте Ресей Байқоңырдың айналасындағы халыққа өтемақы төлей ме? Біздің айтып отырғанымыз осы», деді ол. Осыдан кейін барып ресейлік әріптесіміз жөнге келгендей болды.

Осы апаттардан халықтың денсаулығына залал келіп жатқаны дәлелденсе, біз өтемақы төлеуге дайынбыз, деп жауабын түзетті. Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоршаған ортаны қорғау министрліктеріне елдің денсаулығын жіті зерттеп, қаншалықты зиян келтіріп жатқанын ғылыми тұрғыда анықтауды тапсырды. Осы жұмыстар аяқталса, онда Ресейден өтемақы өндіріп алу туралы шаруа шешілетін сияқты.

Расын айту керек, Байқоңыр қаласындағы медициналық қызметтің дәрежесі тәп-тәуір. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының халқы Байқоңырға жақын болғасын сонда емделгенді қалайды. Бірақ ондай мүмкіндік жоқ. Бақытжан Әбдірұлы бұл мәселені де айналып өтпеді. «Әрі-беріден соң біз Кеден одағында біргеміз. Байқоңыр мен Төретамның арасы тұрмақ, шекарамызды да ашып тастадық. Сондықтан жергілікті халықтың Байқоңырда емделуіне қатысты мәселеге де адамгершілікпен қарауға шақырамын», деді Б.Сағынтаев.

Техника дамыған заманда мынадай апаттың орын алуы да миға қонымсыз тірлік негізі. Оны ресейліктер де мойындап отыр. Осы орайда Қазақстан мен Ресейдің Байқоңырды бірлесіп игеруі туралы да сөз болды. Бұйыртса, бұл жұмыс 2015 жылдан басталмақ. Ал зымырандарды ғарышқа экологиялық таза ж анар-жағармаймен ұшыруды Ресей 2018 жылдан кейін қолға алады екен.

Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров та тыңғылықты дайындалып келген екен. Министрдің баяндамасын бастан-аяқ айтып жату артық шығар. Дегенмен, мына жағдаятқа басымдық беру парыз. Байқоңырда Қазақстанның Экологиялық кодексі жүрмейді екен. Яғни оған бағынбайды деген сөз. Министр аталған кодекстің пәрмені айлаққа да қатысты болуы керек деп санайды. Бұдан не ұғамыз? Мысалы, Қазақстанның жерасты қазба байлықтарын игеріп жатқан мекемелер бар. Әгәрәки, солар қоршаған ортаға залал келтірсе, онда өндіртіп тұрып айыппұл салып, екі аяқтарын бір етікке тығады. Экологиялық кодексті алға тарта отырып. Міне, аталмыш құжат Байқоңырда заң жүзінде салтанат құрар болса, онда әрбір апаттан соң Ресейдің екі тізгін, бір шылбыры біздің қолда болады. Сол арқылы «өтемақы төлесеңдерші» демей-ақ, заңды түрде өндіріп алуға төте жол салынады.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та елдің сөзін айтты. Осыған дейін Қазақстан жағы Байқоңыр қаласында бірқанша әлеуметтік нысан салды. Бірақ Ресей сол нысандарды қабылдаудың өзінде кежегелері кейін тартып тұрады. Су жаңа ғимараттар қабылданбай, тозған жағдайлар да кездескен. Ал өздері ештеңе істемейді. «Соңғы жиырма жылда Ресей тарапынан Байқоңыр қаласында бірде-бір әлеуметтік нысан салынбаған», дейді Қырымбек Елеуұлы. Бұдан «пұл болмасаң, күл бол» деген пиғыл жатқандай ма, қалай?! Жалпы, екі мемлекеттің арасында Байқоңыр қаласын бірлесіп дамыту туралы «Жол картасы» жасалып жатыр. Оның кешеуілдеп жатқан жағдайы бар. Әкім осыны да еске салды. Ал Поповкин «Жол картасына» қажетті құжаттарды Қазақстан кешіктіріп жатыр дегендей болған. Осы тұста Мұсабаев жақсы айтты. «Біз өзімізге қатысты құжаттарды осы Байқоңырда Келімбетов пен Шуваловтың басшылығымен өткен екі ел үкіметтерінің бірлескен отырысында дайындап бергенбіз. Сондықтан мәселе бізге қарап тұрған жоқ», деп нақты жауап берді.

Сонымен Байқоңырдағы жиын екі елдің ұстанған бағыттарын айқындап берді. Екіжақты түсіністік бары да байқалады. Осы түсіністіктің арқасында кейбір күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылады деп сенеміз.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.