– Еңбек нарығының қарқынды дамуы, технологиялық және демографиялық өзгерістер жағдайында жаңа тәуекелдер мен сын-қатерлер туындайды. Бүгінде көптеген адамдар еңбек шартын жасамай, интернетті пайдаланушылар арқылы ақша табады да әлеуметтік аударымдарды төлемей жатады. Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде олардың мүддесін қорғау мақсатында халықты әлеуметтік жүйемен қамтудың озық тәжірибелерімен бөліссеңіз.
– Ең алдымен, біз еңбектің жаңа түрлері мен әлеуметтік қамсыздандыру арасында қандай да бір бәсекелестік немесе тартыстың жоқ екенін түсінуіміз керек. Ал екіншіден, адамдарды жаңа цифрлы әлемге тартуымыз, үйретуіміз тиіс. Бұған бірнеше жақсы мысалдар келтірейін. Егер сіз GoJeck платформасымен Индонезияға сапарға барып, интернет қосымшалары арқылы тапсырыс беріп, төлем жасайтын болсаңыз сол мезетте жүргізушінің әлеуметтік қамсыздандыруына да белгілі бір пайызды төлеген боласыз. Уругвайда көлікті Uber бағдарламасы арқылы пайдаланғыңыз келсе әлеуметтік қамсыздандырудан сақтандыру болған жағдайда ғана лицензия ала аласыз. Айта берсек мысалдар көп. Жаңа еңбек нарығындағы осындай тәжірибені қолдануымыз керек. Сонда әлеуметтік қамсыздандырумен барлық халықты, тіпті жаңа еңбек нарығындағы адамдарды да қамти отырып, жаһандық мақсатқа қол жеткіземіз.
– ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыздандырудың алдында тұрған 10 жаһандық сын-қатерді айқындады. Соның бірі – халықтың әлеуметтік қамсыздандыруға үміт артуы. Экономикалық дағдарыс жағдайында табыс деңгейінің төмен болуына байланысты көптеген отбасылар кедейлік шегінде өмір сүріп отыр. Сіздіңше көп балалы отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін қалай шешуге болады?
– Тағы да аздаған кіріспе жасаған дұрыс шығар. Адамдардың тиімді әлеуметтік сақтандыруға үміт артуы таңғаларлық іс пе? Бұл олардың әлеуметтік қамсыздандырудың маңыздылығын жақсы сезінетінін көрсетеді. Жақсы үкімет осындай үмітті ақтай алатын әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін құруы қажет. Аурудан, өндірістік жарақаттардан, жұмыссыздықтан және зейнетақы жүйесінен басқа ұзақ уақытқа жұмыстан қол үзгендерді сақтандырумен қамту – кедейлік тәуекелінің алдын алу дегендік. Екінші деңгейде, оқыту, жұмысқа тарту арқылы аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетесіздер. «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген қытай мақалы еске түседі. Жер аумағы Германиядан алты есе үлкен, ал халық саны менің елімнен 4 есе аз Қазақстан үкіметі үшін отбасын қорғау басты басымдықтардың бірі екенін жақсы білемін. Сондықтан жас отбасыларды көп балалы болуға, олардың білім алуына және медициналық көмек деңгейін көтеруге шақыратын әлеуметтік трансферт бағдарламаларына ерекше назар аударған дұрыс деп есептеймін.
Адам капиталына, әсіресе балаларға инвестиция салу бүгінде әлемдік трендке айналып отыр. Әлемде отбасын қорғауға және болашақ ұрпақты инвестициялауға бағытталған әртүрлі бағдарламалар бар. Мысалы, Ресейдің аналар капиталы немесе Бразилияның Bolsa Familia (отбасы әмияны) бағдарламаларын атап өткім келеді. Айтпақшы, Бразилия үкіметі 2013 жылы Дохада өткен Әлеуметтік қамсыздандырудың дүниежүзілік форумында Bolsa Familia бағдарламасы үшін ХӘҚҚ-ның басты наградасын жеңіп алған.
– Бүгінде лайықты жұмыс деп жеткілікті табысы бар, жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін нәтижелі жұмысты айтады. Осыған байланысты мемлекеттің ең төменгі жалақы деңгейін белгілеуі өте маңызды. Орташа жалақы мен ең төменгі жалақының ара-жігін айтып беріңізші.
– Ең төменгі жалақы бірқатар елдерде әлі де бар. Оның деңгейі ешқашан ғылыми дәлелдермен жауап бере алмайтын жоғары деңгейдегі саяси мәселе. Біз Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығында кедейлікті болдырмау мақсатында ең төменгі кірістер мен ең төменгі зейнетақыларды кепілдендіру мәселелеріне көп көңіл бөлеміз. Ал қамтамасыз етілуге тиісті әлеуметтік қамсыздандырудың базалық деңгейіне келетін болсақ, онда ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы Халықаралық Еңбек ұйымының №102 конвенциясын қолдайды. Бұл маңызды конвенция 1952 жылы қабылданды және ол төленетін жәрдемақылардың ең төменгі мөлшері бойынша аса жоғары стандарттарға ие бірқатар конвенциялармен толықтырылды. Қателеспесем, бұл конвенцияға бұрынғы Кеңес одағы елдерінен тек Ресей мен Украина ғана таяуда қосылды.
– Сіз ұзақ жылдар бойы Германиядағы Жазатайым оқиғалардан міндетті әлеуметтік сақтандыру қоғамын басқардыңыз. Әлемде өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандырудың түрлі жолдары бар. Мысалы, кейбір елдер мұны жеке сақтандыру ұйымдары арқылы, ал кейбіреулері мемлекеттің басқаруындағы бірыңғай оператор арқылы жүзеге асырады. Қай модельді таңдаған дұрыс деп ойлайсыз?
– Әрине кез келген ел үшін қолайлы болатын бір де бір модель жоқ. Бірақ алдын алу, оңалту және өтемақы мәселелерін қамтитын коммерциялық емес қоғамдық жүйелер жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін де, тұтастай экономика үшін де тиімді. Егер сіздер салалар бойынша бір немесе бірнеше ұйым құрсаңыздар, онда олар басқа факторларға, яғни елдің аумағына, саладағы бірнеше филиалдың маңыздылығы сияқтыларға байланысты болады. Алайда, өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру бизнес емес, әлеуметтік қамсыздандыру екенін естен шығармаған жөн.
– ХӘҚҚ 2018 жылы өндірістегі тәуекелдердің алдын алу жөніндегі Vision Zero халықаралық сыйлығымен марапатталды. Осы алдын алу шараларының артықшылықтары қандай?
– ХӘҚҚ Vision Zero кампаниясы алдын алу шаралары саласындағы ең алғашқы жаһандық және ең табысты кампания. Осы халықаралық қозғалысқа әлем бойынша бірнеше мың компаниялар қосылды. Неге? Өйткені негіздеме өте қарапайым және мақсат айқын. Яғни, кез келген апаттың алдын алуға болады. Сондықтан ауыр немесе адам өліміне әкелетін әрбір жазатайым оқиғаны болдырмауға мүмкіндік беретін еңбек әлемін құрайық. Бұл жаңа менталитет, жаңа философия. Бұл белгілі бір уақыт ішінде қол жеткізетін немесе орындайтын шаруа емес. Айтпақшы, өткен жылы Женевада Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы мен Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда Vision Zero қызметін дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын атап өткім келеді. Еңбекті қорғауға салынған инвестициялар үш есе тиімділігін беретіні дәлелденіп отыр.
– Әлеуметтік қамсыздандырудың жоғары стандарттары ұйымдардың инновацияларды қолдану қабілетіне байланысты. Әлеуметтік қамсыздандыруды цифрландыру және автоматтандыру нәтижесінде бюджеттен бөлек әлеуметтік қорларды біріктірудің халықаралық тәжірибелері бар ма?
– Бүгінде әкімшілік шығындарды азайту және цифрландыру бағдарламаларын аса тиімді пайдалану мақсатында әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдарының бірігуінің халықаралық тенденциясын байқаймыз. Мұны сіздер кішігірім мекемелерге қарағанда, үлкен мекемелерде жүзеге асыра алсаңыздар тіпті де керемет болар еді. Ұйымдар бірлестігі, ең алдымен, ұйымда қажетсіз бөлулерді, басқаруда кейбір функциялардың қайталанбауының алдын алады. Алайда, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы кез келген тәуекелдің өз ерекшеліктері бар. Зерттеулер нәтижелеріне сүйенсек, әлеуметтік аударымдар немесе салық түсімдері, сонымен қатар, әлеуметтік сақтандыру ерекшеліктері халықты әлеуметтік қорғауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да осындай реформаларды жүргізуде «өзіміздің жақсымыздан» да айырылып қалмауға тырысу керек. Әлеуметтік сақтандырудың бір саласы аясында ұйымдарды біріктіргенде бұл ұтымды көрінеді. Мысалы, егер сіздер медициналық сақтандыруды зейнетақымен сақтандыру ұйымдарымен біріктіруді жоспарласаңыз, онда бұл кері әсерін тигізуі мүмкін. Әлемде салааралық ынтымақтастықтың жақсы тәжірибелері де бар. Германияда аурухана кассалары зейнетақымен сақтандыруға (Rentenversicherung), жұмыссыздық жағдайына (Arbeitslosenversicherung), аурудан (Krankenversicherung), қажетті күтімді (Pflegeversicherung) сақтандыруға орасан көп жарна жинады. Алайда, жазатайым оқиғалардан сақтандыру үшін басқа әдіс-тәсілдер қажет. Әрине ұлттық контекст те өте маңызды екенін ұмытпауымыз қажет. Тіпті бір елдің ішінде әрбір жағдайға әртүрлі тәсіл қажет болуы мүмкін. Жалпы, айтқанда мен өз ойымды реформа – оны басқаратын адамдарға қосымша ыңғайлы жағдайлар жасауға емес, керісінше әлеуметтік қамсыздандыруға халықтың қамтылуын кеңейтуге және оларға аса сапалы қызмет көрсетуге бағытталуы қажет деп түйіндегім келеді.
Әңгімелескен
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»