Осы тұрғыдан қарағанда, 2015 жылғы Түркия мен Ресей арасындағы Ұшақ дағдарысында Елбасы Назарбаевтың Ердоған мен Путиннің арасында дәнекер болуы, 2017 жылы басталған әрі Түркия мен Ресейдің тікелей қатысып отырған Сирия келіссөздеріне «Астана процесі» атауы берілуі кездейсоқтық емес. Басқаша айтқанда, «Еуразиялық жұп» деп атауға болатын Түркия мен Ресейдің ынтымақтастығы халықаралық саясатта жаңа ойыншы ретінде өзіне назар аударуда. Осы жұптың соңғы кезде ықпалды болып отырған елі – Ливия.
2011 жылы Каддафи билігі құлағаннан кейін елде негізгі екі күш пайда болды. Бірі – өз бақылауына елдің көпшілік бөлігін алған фельдмаршал Халифа Хафтардың қолбасшылығындағы Ливия ұлттық армиясы және оны қолдаған Ливияның шығысында орналасқан Тобрук қаласындағы Өкілдер мәжілісі. Екіншісі – елдің батысы мен астанасы Триполиді бақылауында ұстап отырған премьер-министр Файз әс-Сараждың Ұлттық келісім үкіметі. Біріккен Ұлттар Ұйымы Триполи үкіметін заңды билік деп мойындаса да, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Франция сияқты көптеген елдер Тобрук жағын қолдап отыр. Халифа Хафтар өзінің әскери үстемдігін қолданып, 2019 жылдың сәуір айынан бері ел астанасын қолына түсіру үшін шабуылдар жасап жатыр.
Осы жағдайда Ұлттық келісім үкіметімен жақын қатынас орнатқан Түркия және Ливия ұлттық армиясымен тығыз қатынас орнатқан Ресей екіжақты бітімге шақырып отыр. 2020 жылғы 8 қаңтарда Путиннің Түркияға сапарында Ердоғанмен бірлесе отырып жариялаған мәлімдемесінде Ливиядағы тараптарды 2020 жылдың 12 қаңтарында сағат түнгі 12-ден бастап атысты тоқтатуын талап етті. Дегенмен Ердоған мен Путиннің бұл бастамасы Түркия мен Ресейдің Ливияда «Астана процесі» тәжірибесіне сай бітім мен саяси шешімнің кепілі болғысы келетіндігін көрсетті.
Осы ретте екі елдің Ливиядағы мүдделеріне келетін болсақ, Ливия Ресей үшін Қырғи-қабақ соғысынан кейін жоғалтқан ықпалын қайта қалпына келтіруде маңызды бір қадам екені айқын. Каддафидің кезінде Ливияның Кеңес Одағымен және кейіннен Ресеймен қатынасының жақсы болғандығы белгілі. Мәскеу қолдау көрсетіп отырған Хафтардың 1970-жылдары Фрунзе әскери академиясында білім алғаны және орыс тілін де жақсы білетіндігі маңызды ақпарат. Ал 2016 жылдан бері Хафтар Ресейге төрт рет сапар жасаған. Екіжақты ынтымақтастық аясында, Ресейдің Татнефт компаниясы Ливияға инвестиция құйып жатыр. Ал Вагнер тобына бағынышты ақылы әскерлер Хафтар жағында әскери операцияларға да қатысуда. Тіпті Ливия ұлттық армиясы қол астындағы аймақтарда қолданыстағы ақшалар Ресейде басылған. Басқаша айтқанда, Ресей Кеңес Одағы кезінде құрылған байланыстарын қайта жандандыруға тырысып жатыр.
Түркияның да Ливияда экономикалық, геосаяси және идеологиялық мүдделері бар. Ең алдымен Анкараға бұл елдің мұнайы қажет. Десе де қазіргі таңда Түркия үшін Жерорта теңізіндегі геосаясат шеңберінде Ливияның маңыздылығы артып отыр. Дәлірек айтсақ, аймақта Грекия, Кипр (аралдың Грек жағы), Израиль, Мысырдан құралған одақ Түркияның теңіздегі газ жобаларын шеттетуге тырысуда. Бұған қоса Анкараның Шаммен де дипломатиялық қатынастары жоқ. Басқаша айтқанда, Түркияның Жерорта теңізінің шығысындағы ешбір елмен жөнді байланысы жоқ. Осындай жағдайда Түркия 2019 жылдың қараша айында Ливиямен екі келісім жасады. Біріншісі – екі елдің арасында теңіздің түбіндегі шекараның белгіленуіне қатысты келісімшарт. Бұл қадаммен Анкара аймақтан Еуропаға қарай салынатын теңізасты құбырларға рұқсат етпеу құқығына ие болды. Мәселен, осы жылдың 2 қаңтарында Грекия, Кипр және Израиль арасында қол қойылған және аймақтан Еуропаға газ тасымалдайтын EastMed (Шығыс Жерорта) газ құбырының жүзеге асуы үшін Түркияның теңіз шекарасынан өтуі керек. Осылайша Анкара Ливияның Ұлттық келісім үкіметімен ынтымақтаса отырып, теңіздегі позициясын күшейтті. Екі ел арасында қол қойылған екінші келісімшарт әскери салада ынтымақтастық туралы. Атап айтқанда, Ұлттық келісім үкіметі талап еткен жағдайда Түркия өз әскерін Ливияға жібере алады. Осы талапқа сай, түрік әскері Ұлттық келісім үкіметі жағында Ливияда әрекет етуде.
Ердоғанның Ұлттық келісім үкіметін қолдауының себептерінің бірі, бәлкім ең бастысы, үкіметтің саяси болмысы екенінде шүбә жоқ. Бұл үкіметті қалыптастырып отырған тұлғалардың бір бөлігі «саяси Ислам» түсінігін қолдайтын «Мұсылман бауырлар» (Ихуан әл-Мұслимун) қозғалысының мүшелері. Ердоғанның Мұсылман бауырлардың идеологиясына жақын екендігін және осы ұйымнан шыққан алғашқы сайланған Мысыр президенті Мұхаммед Мурси генерал әс-Сиси тарапынан төңкерілгеннен кейін Мысырдағы түрік елшісін кері шақырып алғандығын ескерсек, Анкара үшін Ұлттық келісім үкіметінің Хафтарға төтеп беруі өте маңызды. Осы тұрғыдан Мұсылман бауырларды жау деп санайтын Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі және Сауд Арабиясы Хафтар жағына қолдау көрсетсе, керісінше Түркия және Қатар сияқты Мұсылман бауырларға жақын елдер Ұлттық келісім үкіметін қолдайды.
Сонымен қатар Ердоған өзінің Ливиядағы саясатын «демократияны қолдау» ретінде көрсетеді. Берлиндегі Ливия конференциясынан бұрын Батыстың маңызды газеті «Политикоға» берген «Ливиядағы бейбітшілікке барар жол Түркиядан өтеді» атты мақаласында Ердоған «Еуропа одағының Ливия Ұлттық келісім үкіметіне тиісті қолдау көрсетпеуі оның негізгі құндылықтарына, атап айтқанда, демократия мен адам құқықтарына опасыздық болар еді. Ливияны әскери бүлікшінің қолына тастап кету тарихи қателік болады. Сонымен қатар егер Ливияның заңды үкіметі құласа, Еуропа жаңа проблемалар мен қауіп-қатерлерге тап болады», деп жазды.
Қорыта айтқанда, Түркия мен Ресей Ливияда бейбітшіліктің кепілі болуды ұсынып отыр. Бұл жерде Мәскеу жалғыз өзі жауапкершілік алмау үшін Анкарамен бірлесе әрекет етуде. Ал Түркияға Ұлттық келісім үкіметінің қауіпсіздігі тек Ливия шеңберінде ғана емес, Анкараның аймақтық саясаты аясында да маңызды болып тұр. Екі елдің Сирияда «Астана процесі» шеңберінде жинаған тәжірибесі Ливия дағдарысында үлгі болуға дайын.
Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,
Анкара дағдарыс және саясатты зерттеу орталығы (АНКАСАМ) Еуразия бөлімінің басшысы