– Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын атқару барысында 791 полиция қызметкері мерт болды. Дарханның мезгілсіз қазасы сіздерге ғана емес, ел тыныштығын ойлаған барша халыққа ортақ қайғы. Ішкі істер министрлігі алдағы уақытта марқұмның отбасына қолдау көрсететін болады. Бейбіт өмір күзетінде нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен Дархан Базарбаевтың есімі Қазақстан полициясының тарихында мәңгі қалады, – деді министр орынбасары.
ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбековтің: «Құрметті Серік бауырым, Ләззат, Мөлдір! Құрметті жерлестер! Кеше ғана ортамызда жүріп, қылмысқа қарсы күресіп, қоғамдық тәртіпті нығайтуға үлес қосып жүрген, антына берік ұлымыз қылмыскердің қолынан қаза тауып, өмірден озды. Серік, айналайын! Өсірдің, бақтың, қақтың. Біздің қатарымызға қызметке келді. Бұл орны толмас қайғы! Біз – министрден бастап, бүкіл ішкі істер органдарының құрамы сіздердің қайғыларыңа ортақпыз. Дархан баламыздың батырлығы мен жарқын бейнесі мәңгілік есте қалады!» – деп егіле сөйлеген сөзі қабырғасы қайысқан қаралы көпшілікті тебірентіп өтті.
Қаралы митингте сөз алған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Сергей Карплюк Дарханның есімін жерлестері ешқашан ұмытпайтынын айтты.
Облыстық Полиция департаментінің басшысы Бекет Айтмағамбетов:
– Дархан өте жас кетті. Соңында талай арманы орындалмай қалды. Ата-анасы, аяулы жары, кішкентай ұлы қалды. Орны толмас қаза барлығымыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. Дарханның отбасы енді біздің қамқорлығымызда болады, – деді.
Жиын аяқталған соң қаралы көш батыр ұлдың мәйітін кіндік қаны тамған туған жері – Лаврентьев ауылындағы қорымға қойды.
Дархан Серікұлы Базарбаев 1995 жылы 24 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Лаврентьев елді мекенінде дүниеге келген. Мектепті тәмамдағаннан кейін, 2011 жылы Қостанай экономикалық колледжіне оқуға түсіп, оны 2014 жылы аяқтайды. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет етеді. Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып, 2017 жылы туған жеріне оралған ол бірден ішкі істер органдарына қызметке алынады. Дархан қаңтардың 19-ына қараған түні қызметтік борышын атқарып жүріп, қаскөйдің қолынан мерт болды.
28 жастағы Тобыл қаласының тұрғыны өз үйінде жанжал шығарып, отбасы мүшелерін пышақтап тастамақшы болады. Туыстары оны сыртынан құлыптап, полиция шақырған. Құрамында Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыздықов бар патруль жасағы оқиға орнына 6 минут ішінде жетеді. Қаскүнемді ұстап жатқанда Дархан жүрек тұсынан пышақ жарақатын алады. Бірақ қылмыскердің суық қаруын тартып алып, қолына кісен салып, отбасын ажалдан құтқарып үлгереді. Қылмыскерді етбетінен түсірген самдағай полицей серігі Амангелді Сыздықовқа қарап: «Осы маған пышақ ұрып алған сияқты», деген екен. Бір отбасын ажалдан құтқарып қалған қаһарман сержант сол жерде көз жұмды. Дереу жеткен жедел жәрдем қызметі оның өміріне араша тұра алмады. Батырдың соңында ата-анасы, жары, 4 айлық ұлы қалды.
Дархан Базарбаев қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
Қостанай облыстық Полиция департаментінде өткен қаралы жиында Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди орденді марқұмның ата-анасына табыс етті. Ал аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Дарханның отбасына Қостанай қаласынан бір бөлмелі пәтер берді.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ
ҚОСТАНАЙ